Сәлем, қадірлі оқырман!
Шілде айының белортасынан ауған тұсы еліміз үшін технологиялық жаңалықтарға толы болды. Бір апта ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде болашақтың іргесін қалайтын маңызды жобалар бастау алып, ғылым мен инновация саласында тың серпілістер байқалды.
Жамбылда Билл Гейтс қолдаған жел электр станциясының құрылысы басталса, Маңғыстауда KazEOSat спутниктік платформасы дайындалуда. Ал елордамыз- Астанада бүкіл Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Осы үш жаңалықтың өзі-ақ Қазақстанның «жасыл» энергетика мен цифрлық технология бағытында нық қадам жасап келе жатқанын айқын аңғартады.
Біз сіздер үшін соңғы күндері ең өзекті және қызықты жаңалықтарды жинадық.Ендеше, ең өзекті материалдарға бірге көз жүгіртейік:
Билл Гейтс қолдаған жел энергиясы жобасы іске қосылды

Жамбыл облысында еліміз үшін тарихи жобалардың бірі басталды. Жел электр станциясы — жай ғана инфрақұрылым емес, экологиялық тұрақты болашаққа жасалған қадам. Бұл жобаны қолдаған инвесторлардың қатарында Билл Гейтстің қоры да бар. Станция көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталып, еліміздің «жасыл» экономикаға өтуіне үлес қоспақ.
KazEOSat спутниктік станциясы Маңғыстау стартап-экожүйесіне жаңа серпін бермек
Маңғыстау өңірінде спутниктік технологиялар негізінде жаңа экожүйе қалыптасып келеді. KazEOSat спутниктік платформасы — тек ғарыш жобасы ғана емес, ауыл шаруашылығы, климат бақылауы мен табиғи ресурстарды басқаруда маңызды құралға айналмақ. Бұл бастама елімізде спутник құрастыру мектебінің іргесін қалауы да мүмкін.
Астанада жасанды интеллект көмегімен қылмыстың алдын алу жобасы қолға алынды

Кеше ғана ғылыми мүмкін емес болып көрінген дүниелер бүгін нақты іске айналуда. Астанада жасанды интеллект негізінде қылмыстың алдын алу жобасы қолға алынды. Жүйе үлкен деректерді саралап, ықтимал қауіп-қатерлерді болжауға қабілетті. Егер бұл әдіс тиімділігін көрсетсе, болашақта еліміздің басқа қалаларына да енгізілуі мүмкін.
ChatGPT ми жұмысына қалай әсер етеді?

MIT ғалымдарының айтуынша, ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын жиі пайдаланатын адамдарда ойлау белсенділігінің төмендеуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу аясында интеллектуалдық тапсырмаларды орындау кезінде мидың жұмысы бақыланып, мазасыздануға себеп болатын тұжырымдар жасалды. Сонда біз еріншектік пен үнемділік үшін ойлау жүйемізді құрбан етіп жатқан жоқпыз ба?
Samsung жаңа Fold7 және Flip7 смартфондарын таныстырды

Технологиялық алып Samsung бүктелетін смартфондардың жаңа буынын таныстырды. Fold7 мен Flip7 — тек жаңартылған дизайн ғана емес, жасанды интеллектпен жабдықталған жеке көмекшіге айналған құрылғылар. Бұл смартфондар енді байланыс құралы ғана емес, күнделікті өмірдің ажырамас бір бөлігі болуға талпынып тұр.
Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды
Астанада ғылыми қауымдастық асыға күткен маңызды инфрақұрылым — суперкомпьютер іске қосылды. Бұл құрылғы — ғылыми модельдеу, климаттық зерттеулер, медицина және жасанды интеллект бағытында тың мүмкіндіктер ашатын негізгі құрал. Қазақстанның сандық трансформациясының тірегі болуға лайық технологиялық жетістік.
Қазақстанда мемлекеттік крипторезерв құрылады

Цифрлық активтерді заңды түрде мойындаған Қазақстан енді криптоэкономикаға нақты қадам жасап отыр. Мемлекеттік крипторезерв құру арқылы үкімет цифрлық қаржыны қауіпсіз әрі тиімді басқаруға бет бұрмақ. Бұл — болашақтағы цифрлық экономиканың тұрақты негізін қалауға бағытталған стратегиялық шешім.
Осы аптадағы жаңалықтар Қазақстанның тек тұтынушы емес, технология өндіруші ел ретінде де қалыптаса бастағанын көрсетеді. Жел энергиясынан бастап, ғарыштық технологиялар мен суперкомпьютерге дейінгі бастамалар — еліміздің болашаққа деген сенімді, әрі нақты қадамы. Бұл — тек бастамасы ғана. Алда бұдан да ірі жаңалықтар боларына сенеміз!