Home Технологиялар Инновациялар Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды

Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды

29

Астанада Орталық Азия кеңістігіндегі ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Озық технологиялармен жабдықталған жүйе жаңа деректер орталығында орналасқан. Жоба Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі мен халықаралық серіктестердің қолдауымен жүзеге асты. Салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды Kazinform Ақордаға сілтеме жасап.

Жүйе NVIDIA H200 графикалық үдеткіштерінің негізінде құрылған. Ол FP8 форматында 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікке қол жеткізе алады. Бұл – өңірдегі ең озық есептеу платформаларының бірі саналады.

Суперкомпьютер жасанды интеллектіні дамытуға, ғылыми ізденістерге және жоғары технологиялық жобаларға серпін бермек. Енді оның қуатты есептеу мүмкіндіктері қазақстандық жоғары оқу орындарына, стартаптарға, зерттеу орталықтарына, мемлекеттік және бизнес құрылымдарға қолжетімді болады.

Президент Тоқаев бұл бастаманы елдің цифрлық жаңғыру жолындағы маңызды қадам деп атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ауқымды жоба – Қазақстанның технологиялық дербестігін нығайтуға бағытталған стратегиялық шешім.

Суперкомпьютерді құру идеясы БАӘ-нің G42 холдингіне қарасты Presight халықаралық компаниясымен жасалған келісім аясында жүзеге асты. Құжат Абу-Даби мұрагер ханзадасының Қазақстанға сапары кезінде рәсімделген. Сол кезде Астанада Presight-тың халықаралық кеңсесі де ашылған болатын.

Жоба Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасының шеңберінде іске асырылуда. Бұл – заманауи ІТ-инфрақұрылымды қалыптастыру жолындағы маңызды кезең.