Home Фин Тех Қазақстанда стейблкоин шығару мен трансшекаралық төлемдерге қатысты талаптар өзгерді

Қазақстанда стейблкоин шығару мен трансшекаралық төлемдерге қатысты талаптар өзгерді

11

Қазақстанның қаржы нарығында жаңа қатысушылар пайда болады. LS басылымының сауалына берген жауабында Ұлттық банк бірінші санаттағы төлем ұйымдарына заңды тұлғалардың ағымдағы шоттарын ашып, жүргізуге, электрондық ақша шығаруға және төлем жүйелеріне тікелей қосылуға рұқсат берілгенін хабарлады.

Сонымен қатар Ұлттық банк бұл ұйымдарға өзінің төлем инфрақұрылымы мен халықаралық төлем жүйелеріне тікелей қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады.

Ұлттық банк өкілдерінің түсіндіруінше, бірінші санаттағы төлем ұйымдары төлем нарығы мен цифрлық активтер нарығы арасындағы реттелетін арна қызметін де атқара алады. Бұл олардың цифрлық активтерге қатысты операциялардың жүргізілуіне қатысуына мүмкіндік береді. Бұған қоса, аталған ұйымдарға валюталық бақылау агенттері мәртебесі беріледі.

Бірінші санаттағы төлем ұйымдарына мынадай қызмет түрлерімен айналысуға рұқсат етіледі:

– заңды тұлғаларға банктік шоттар ашу және оларды жүргізу;

– заңды тұлғалардың тапсырмасы бойынша ақша аудару, соның ішінде экспорттық-импорттық операциялар аясында ғана трансшекаралық аударымдар жасау;

– электрондық ақшаны шығару және өтеу, сондай-ақ оны пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету;

– цифрлық қаржы активтерін, соның ішінде стейблкоиндарды шығару және олармен жасалатын операцияларға қызмет көрсету;

– электрондық ақша мен төлем карталарын өткізу;

– ақша жөнелтушінің банктік шотын ашпай-ақ төлем жасау үшін қолма-қол ақша қабылдау;

– банктік шот ашпай ақша аудару.

Бұл ұйымдарға қойылатын реттеушілік талаптар күшейтіледі. Олардың қатарында пруденциялық нормативтер, міндетті талаптар мен шектеулер, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттері, левередж және өтімділік көрсеткіштері, сондай-ақ ашық валюталық позиция лимиттері бар.

Клиенттердің қаражатын сақтау тәртібіне, жарғылық капиталды қалыптастыруға, құрылтайшылар мен бенефициарлық меншік иелеріне, басшы қызметкерлерге, цифрлық инфрақұрылымға және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты да арнайы талаптар белгіленген.

Бірінші санаттағы төлем ұйымдарының қызметін бақылау мен қадағалауды Ұлттық банк жүзеге асырады. Елеулі заң бұзушылықтар анықталған жағдайда ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылуы немесе оның күші жойылуы мүмкін.

Көрсетілетін қызметтер үшін алынатын комиссия мөлшерін әр ұйым өзі белгілейді.

Ұлттық банк өкілдері бірінші санаттағы төлем ұйымдары заңды тұлғалардың банктік шоттары арқылы жүргізілетін трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарына тек экспорттық немесе импорттық операциялар шеңберінде қызмет көрсететінін атап өтті. Мұндай операцияларға валюталық заңнама талаптары қолданылады.

Сонымен қатар бірінші санаттағы төлем ұйымы мен екінші деңгейлі банк арасындағы үлестестікке тікелей тыйым салынбағаны хабарланды.

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға енгізілген тиісті өзгерістер 2026 жылғы 21 қазаннан бастап күшіне енді.

Бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуға арналған өтінімдер тиісті нормативтік құқықтық акт қабылданғаннан кейін қабылдана бастайды. Бұл құжатта лицензия беру тәртібі мен рәсімі белгіленеді. Қазіргі уақытта құжат жобасы Әділет министрлігінің келісуіне жіберілген.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.