Home Сараптама Астанада еңбек саласындағы алгоритмдік бақылау мен жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі декларацияға қол...

Астанада еңбек саласындағы алгоритмдік бақылау мен жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі декларацияға қол қойылды

6

Жақында Астанада өткен «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумында мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері «Алгоритмдік бақылау, кәсіподақтардың рөлі және бизнестің жауапкершілігі» атты үшжақты Астана декларациясына қол қойды. Құжатта еңбек саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге қатысты тараптардың ортақ ұстанымы көрініс тапқан. Оның негізгі бағыттарына тоқталайық.

Ең алдымен, декларация әлеуметтік әріптестердің еңбек саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі келісілген ұстанымдарын айқындайды. Мұнда адами капиталды дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және қызметкерлердің мүддесіне әсер ететін шешімдер қабылдауда адамның рөлін сақтау мәселелеріне басымдық берілген.

Бұл ұстаным Enbek экожүйесінде де жүзеге асырылып келеді. Ондағы «Айдана» атты жасанды интеллект көмекшісі азаматтармен 61 мыңнан астам диалог жүргізген. Өтініштердің 77 пайызы оператордың қатысуынсыз шешіледі. Сонымен қатар цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді. Ол адамның кәсібін, жұмыс тәжірибесі мен біліктілігін ескере отырып, қолайлы бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктейді. Маңғыстау және Павлодар облыстарында жүргізілген пилоттық жоба аясында екі ай ішінде азаматтарға жұмысқа орналасуға қатысты 60 мыңға жуық жеке ұсыныс жіберілген. Жүйенің ұсыныстары бойынша 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.

Жасанды интеллект мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін де қолданылады. Жасанды интеллект негізіндегі конфигуратор 150-ден астам дереккөзден алынған ақпаратты талдап, кәсіптік стандарт жобасын шамамен үш айдың орнына 3–5 күнде әзірлеуге мүмкіндік береді. Жаңа құралдың көмегімен қазірдің өзінде 100 кәсіптік стандарт жобасы дайындалған. Дегенмен оларды сараптамалық бағалау және түпкілікті шешім қабылдау міндеті адамға жүктелген.

Цифрлық технологияларды қолданудың тағы бір бағыты еңбек құқықтарының бұзылуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға байланысты. Жасанды интеллект тексерулер, анықталған заңбұзушылықтар және кәсіптік қауіп-қатерлер туралы мәліметтерді талдайды. Қазір еңбек тәуекелдерінің картасы 23 көрсеткіш бойынша 99,5 мың кәсіпорынды қамтиды. Бұл құрал еңбек заңнамасын бұзу немесе әлеуметтік-еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары ұйымдарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осындай тәуекелі жоғары шамамен 2,4 мың кәсіпорын анықталған.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану ең алдымен азаматтарға нақты пайда әкелуге бағытталуы керек екенін атап өтті. Атап айтқанда, жұмыс іздеу уақытын қысқарту, қажетті мемлекеттік қызметтерді жылдам алу, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және еңбек құқықтарының бұзылу қаупін дер кезінде анықтау көзделеді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.