Интернет-алаяқтар музыкаға қатысты қызметтерді де өз мақсаттарына пайдаланып жүр. Мамандардың ескертуінше, музыка тыңдауға арналған онлайн платформалар алаяқтар үшін табыс табудың бір жолына айналған. Мұндай сервистерде музыкалық шығармаларды тыңдату арқылы да ақша табуға болады.
Музыкалық контент алаяқтарды несімен қызықтырады?
«Уральский центр систем безопасности» ақпараттық технологиялар компаниясының талдау орталығы директорының орынбасары Диана Жукова «Известия» басылымына берген сұхбатында музыканы онлайн тыңдауға мүмкіндік беретін платформалардың алаяқтарды бірнеше себеппен қызықтыратынын айтты. Ең алдымен, мұндай сервистерді жасөспірімдер мен жастарды қоса алғанда, миллиондаған адам пайдаланады. Қолданушылардың аккаунттарына банк карталары тіркеледі, ал ақылы жазылымның мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Сондықтан шоттан аз мөлшерде ақша алынғанын адам бірден байқай бермейді.
Танымал платформаларда музыкалық шығармалар өте көп, әрі мыңдаған аккаунт жұмыс істейді. Мұндай жағдайда алаяқтарға өз әрекеттерін жасыру оңайырақ. Бұған қоса, жасанды интеллект контентті бұрынғыдан жылдам әрі аз шығынмен жасауға мүмкіндік берді. Қазір музыкалық шығарма өндіруді жаппай жолға қойып, боттар арқылы тыңдалым санын жасанды түрде көбейтуге және сол арқылы табыс табуға болады.
Positive Technologies компаниясының талдамалық зерттеулер бағытының жетекшісі Ирина Зиновкина да тыңдарманның сүйікті орындаушысына деген ықыласы оның сақтығын төмендетуі мүмкін екенін айтады. Мәселен, сүйікті тобының концертіне барғысы немесе бұрын еш жерде жарияланбаған әнін тыңдағысы келген адам асығыс шешім қабылдауы мүмкін. Алаяқтар осыны өз пайдасына жаратады.
Жасанды интеллектіні пайдаланып, музыка арқылы қалай алаяқтық жасайды?
Жасанды интеллектінің дамуы музыка саласында заңсыз табыс табудың жаңа тәсілін қалыптастырды. Мұндай әрекетпен айналысатын алаяқтар нейрондық желілер арқылы музыкалық шығармалар жасап, оларды стримингтік платформаларға жүктейді. Содан кейін боттар сол туындыларды қайта-қайта тыңдап, тыңдалым санын жасанды түрде арттырады. Ал алаяқтар осы көрсеткіштер үшін төленетін сыйақыны иеленеді.
«Код Безопасности» компаниясының желілік қауіптер жөніндегі жетекші сарапшысы әрі веб-әзірлеуші Константин Горбунов «Известия» басылымына берген сұхбатында бұл тәсілдің басты ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің көмегімен мыңдаған музыкалық шығарма жасауға болады. Олардың саны көп болғандықтан, әртүрлі талғамға сай келетін туындылар да табылады. Соның нәтижесінде алаяқтар аудиторияны кеңейтіп, түсетін табысын арттыра алады.
Диана Жукованың айтуынша, бұрын қаскөйлер бір-екі музыкалық шығарманың тыңдалым санын жасанды түрде көбейтетін. Мұндай ауытқуды анықтау оңай еді. Ал жасанды интеллектіні пайдаланатын алаяқтар әрекетін ауқымды түрде жүргізеді. Нейрондық желі бір тәулікте ойдан шығарылған орындаушылардың атынан мыңдаған шығарма жасап шығара алады. Боттар олардың әрқайсысын аз мөлшерде тыңдап, алаяқтық әрекеттерді анықтайтын жүйелердің белгіленген шегінен аспауға тырысады.
Бұған қоса, боттар көбіне нақты адамдардың ұрланған немесе бұзылған аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Сондықтан тыңдалым тарихында бұрын кездеспеген әндер мен орындаушылар пайда болса, аккаунтты басқа біреу пайдаланып отырған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда құпиясөзді ауыстырған жөн, дейді сарапшы.
Музыкалық сервистерге қатысты интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі – ақылы жазылымды ұзарту сылтауымен жасалатын фишинг. Solar AURA сыртқы цифрлық қауіптерді бақылау орталығының директоры Александр Вурасконың айтуынша, алаяқтар қолданушыға кезекті төлем өтпегені және жақын арада сервиске қол жеткізу мүмкіндігі шектелетіні туралы хабарлама жібереді. Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа бағыттайды. Онда алдымен логин мен құпиясөзді, кейін банк картасының деректері мен басқа да жеке мәліметтерді енгізу сұралады.
Хабарлама авторлары мұндай жомарттықты түрлі себеппен түсіндірген. Бірі шағын пәтерге көшетінін айтса, енді бірі бұрынғы иесінің қайтыс болғанын алға тартқан. Кейбір хаттарда музыкалық аспап өндіретін танымал әрі қымбат брендтердің атаулары да кездескен.
Сарапшылар жасанды интеллект жасаған музыкалық шығармалардың өнермен байланысына күмән келтіреді.
Константин Горбунов алаяқтықтың тағы бір тосын түріне тоқталды. Бұл жолы қолданушыларға музыкалық платформаларда ән тыңдап, ұнату белгісін басу арқылы ақша табуға болатын жұмыс ұсынылады. Алаяқтар бастапқыда шынымен ақша төлеуі де мүмкін. Алайда олардың негізгі мақсаты – қолданушының аккаунтын иемдену немесе ақшасын ұрлау.
Мәселен, олар адамнан аккаунтына кіруге қажетті деректерді беруді сұрауы мүмкін. Ал басқа жағдайда белгілі бір соманы шығарып алу үшін алдын ала комиссия төлеу қажет екенін айтады. Сарапшының түсіндіруінше, қолданушы комиссияны аударған соң, ақшасынан айырылады, ал жалған жұмыс берушілер байланысқа шықпай қояды.
Алаяқтар концерт билеттерін сатуды да жиі пайдаланады. Ирина Зиновкинаның айтуынша, олар әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, концерттерге билеттерді, көбіне үлкен жеңілдікпен, ұсынады. Ақшаны алған соң, ізін суытады.
Музыкаға қатысты алаяқтықтан қалай қорғануға болады?
«Известия» басылымына пікір білдірген сарапшылар музыкаға қатысты алаяқтықтың бірнеше салдары бар екенін айтады. Александр Вураско жасанды интеллект арқылы жасалған әндердің тыңдалым санын қолдан көбейту адал еңбек етіп жүрген музыканттар мен авторлық құқық иелеріне қаржылай зиян келтіретінін атап өтті. Жалған тыңдалымдар үшін ақы есептелген жағдайда, музыкалық платформалар бөлетін табыстың бір бөлігі шығармаларын тыңдарман шын мәнінде тыңдаған орындаушыларға емес, алаяқтарға берілуі мүмкін.
Сонымен қатар мұндай әрекет музыкалық нарықтағы танымалдық көрсеткіштерін бұрмалайды. Нарық қатысушылары сұранысты бағалау кезінде осы деректерге сүйенеді. Сондықтан мәселе платформадағы қажетсіз әндердің көбеюімен ғана шектелмейді. Жалған тыңдалымдар табыстың бөлінуіне және аудитория сұранысын бағалауға әсер етеді.
Алайда сарапшының айтуынша, жалған музыкалық шығармаларды тыңдаудың өзі банк картасының деректері ұрланды дегенді білдірмейді. Қаражаттан тікелей айырылу қаупі жалған билет сатып алғанда, қолдан жасалған сайтқа жеке деректерді енгізгенде немесе зиянды бағдарлама орнатқанда туындайды. Мұның салдары музыкалық аккаунтпен ғана шектелмеуі мүмкін. Мысалы, тегін жазылым алу үшін орнатылған бағдарлама құрылғыдағы аккаунттар мен қаржыға қатысты деректерді ұрлауы ықтимал.
Қолданушыларға қарсы жасалатын алаяқтықтан қорғану үшін фишингке қарсы қарапайым ережелерді сақтау қажет. Тек сенімді сервистерді пайдаланып, хабарлама жіберушінің деректерін тексерген жөн. Мәселен, үлкен жеңілдік ұсынған хаттағы электрондық пошта мекенжайына назар аудару керек. Бейтаныс мекенжайлардан келген сілтемелерді ашпаған дұрыс.
“Музыканттарға да интернет арқылы табылған продюсерлердің қызметіне бірден келіспей, ірі дыбыс жазу компанияларына тікелей жүгінген жөн”,- деп түйіндеді сарапшы.
Дереккөз: Дмитрий Булгаков, «Известия». Мәтін қысқартылып жарияланған.












