Home Ақша Wildberries Қазақстан тауарларына сұраныстың өскенін хабарлады

Wildberries Қазақстан тауарларына сұраныстың өскенін хабарлады

22

Қазақстандағы сауданың цифрландыруы қарқынды түрде дамуда. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Береке Fest» акциясы кезінде Wildberries маркетплейсінде отандық тауарларға деген сұраныс алдыңғы аптамен салыстырғанда 5%-ға артқаны байқалды.

Компания мәліметінше, акцияға 8,5 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер қатысып, 10%-дан 90%-ға дейінгі жеңілдіктер ұсынды. Онлайн-сату форматы бизнесті жаңа аудиториямен таныстырып, жарнама мен жалға алу шығындарынсыз сатылымды арттыруға мүмкіндік берді.

Wildberries деректеріне сүйенсек, бір апта ішінде ең көп сұраныс желілік жабдыққа (+223%), бақша техникаларына (+134%), автокөлік электроникасына (+114%) және балалар тағамына (+101%) түсті. Ең танымал ондыққа сығымдағыштар, смартфондар, электр аралары, спорттық аксессуарлар және сымсыз шаңсорғыштар кірді. Айта кетерлігі, сығымдағышқа сұраныс 18 есе артқан.

Онлайн-сатып алушылардың ең белсенділері Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалалары мен Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары болды.

«Береке Fest» акциясы қыркүйек айының соңында Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен басталған. Онда 80-нен астам сауда желісі қатысып, қазан айында Wildberries, Kaspi және Teez сияқты ірі цифрлық платформалар қосылды. Бұл науқанның қамтылуын кеңейтіп, онлайн-платформалардың ішкі нарықты дамытуға қалай ықпал ететінін көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, осындай бастамалар тек сатылымды ынталандырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің цифрлық ортаға өтуін жеделдетіп, кәсіпкерлерге еліміз бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады.