Home Ойындар Microsoft Azure басшысы Doom ойынын Paint редакторында іске қосатын жоба ұсынды

Microsoft Azure басшысы Doom ойынын Paint редакторында іске қосатын жоба ұсынды

12

Microsoft Azure компаниясының техникалық директоры Марк Руссинович GitHub-та DoomPaint атты жобасын жариялады. Жоба Doom ойынын MS Paint графикалық редакторында іске қосуға мүмкіндік береді. Оның негізінде ZDoom қозғалтқышына сүйенетін ViZDoom платформасы жатыр. Бұл платформа бастапқыда жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге арналып әзірленген. Бір қызығы, ойынды Paint арқылы іске қосқанымен, редактордың өзі ойынның негізгі есептеу жұмыстарын атқармайды.

Руссинович Windows жүйесіндегі деректер буферін ойын кадрларымен алмастыру тәсілін қолданған. Бұл жағдайда MS Paint экран қызметін ғана атқарады. Яғни ViZDoom қалыптастырған кадрларды көрсеткенімен, оларды өзі есептеп шығармайды. Деректер құжатты өңдеу режимінде растрлық кескіндер түрінде беріледі. Қосымша бағдарлама MS Paint редакторындағы кейбір пернелердің жұмысын шектеп, ойынды басқару үшін пернетақтадан енгізілген пәрмендерді төменгі деңгейде тіркейді.

Ойынның бірінші эпизодын іске қосу үшін DOOM1.WAD түпнұсқа ортақ пайдалануға арналған файлы қолданылады. Ал бұл нұсқаға кірмейтін карталар BSD лицензиясымен таратылатын Freedoom жобасының WAD файлдары арқылы жүктеледі. Ойынның өнімділігі компьютердің мүмкіндігіне және таңдалған экран ажыратымдылығына байланысты. Ажыратымдылық Doom ойынының бастапқы 320 × 200 өлшемінен 640 × 480-ге дейін өзгертіледі. Ойын қозғалтқышы жеке ағынмен жұмыс істеп, секундына 35 рет жаңарады. Сондықтан кадр жиілігі де секундына 35 кадрды құрайды.

Әр кадр Paint редакторында нақты өңделетіндіктен, Ctrl + Z пернелер тіркесімі арқылы алдыңғы кадрларға оралуға болады. Ал «Файл» мәзіріндегі «Сақтау» пәрмені экран кескінін PNG пішімінде сақтайды. Жобаға ойынның бірінші эпизодындағы түпнұсқа музыка да енгізілген. Ол Doom ойынындағы MUS пішімінен MIDI пішіміне түрлендірілген. Бұған қоса, ойын қозғалтқышы ұсынатын дыбыс әсерлері де қамтылған.

Дереккөз: DoomPaint жобасы.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.