Павлодар қаласындағы IT-колледжінің 3-курс студенті Даниил Барт Google компаниясынан 2025 жылы Берлинде өтетін халықаралық Google I/O конференциясына арнайы шақырту алды. Бұл беделді шара Еуропа, Азия, Таяу Шығыс пен Африканың үздік жас мамандарын бір алаңға біріктіреді.
Даниил — әлем бойынша техникалық біліктілігін дәлелдеп, Google тарапынан тікелей шақырту алған санаулы студенттердің бірі.
«Бұл конференция мен одан кейінгі тағылымдаманың арқасында жасанды интеллект, Android жүйесі, бұлтты платформалар мен веб-технологиялар саласындағы ең озық білімдерге қол жеткіземін. Қазақстан атынан осындай ауқымды шараға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе», – деді Даниил Барт.
Google-мен оның алғашқы ынтымақтастығы 2023 жылы, бірінші курс оқып жүргенде басталған. Сол уақытта ол елімізде Google ұйымдастырған түрлі техникалық іс-шаралар мен байқауларды өткізетін еріктілер тобына қосылған.
Бағдарламалауға қызығушылығы мектеп кезінен басталған Даниил колледжге түскеннен кейін IT жобалар мен хакатондарға белсенді қатыса бастайды. 2023 жылы ол WorldSkills Kazakhstan чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, ал 2024 жылы Иранда өткен халықаралық додада үздік ондыққа енді. Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұланы» жастар сыйлығының лауреаты атанып, Google қауымдастығы аясында бірнеше жобаның авторы болды