Қазақстан Үкіметінің Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы аясында геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрлық тұрғыдан жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аталған салаларда 2028 жылға дейін қол жеткізу көзделген нысаналы көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, геологиялық барлауға тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігін жыл сайын 7%-ға өсіру, роботтандыруды дамыту, отандық кемінде бес жүйелік интегратор мен үш құзырет орталығын құру көзделген. Ал құрылыста техникалық жағынан күрделі жаңа нысандардың барлығында құрылыс ақпараттық моделін (BIM) кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
«Геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімділікке берілді. Мемлекеттік қызметтер де цифрландырылып, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы арқылы көрсетіледі. Аукциондарды өткізудің цифрлық тетігін енгізу және геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс жеті есе өсті. Ендігі міндет – геологиялық деректерді талдап, әлеуеті жоғары учаскелерді анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдану», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Өнеркәсіп саласын цифрландырудың басты нәтижесі – еңбек өнімділігінің артуы. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – цифрлық егіздер. Оларды өндірісте қолданудың тиімділігі кен байыту фабрикаларының жұмысынан да байқалады.
Кен құрамындағы пайдалы компоненттердің үлесі азайған жағдайда өндіріс тиімділігін сақтау үшін датчиктер мен компьютерлік көру технологияларына негізделген технологиялық процестердің цифрлық егіздері енгізіліп жатыр. KAZ Minerals компаниясының тәжірибесінде мысты бөліп алу көрсеткіші 2%-ға, ал фабриканың өнімділігі 7%-ға артқан. Министрдің айтуынша, 2028 жылға қарай цифрлық егіздерді ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу жоспарланып отыр.
Осындай тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де қолданылады. Мұнда жасанды интеллект логистикадан бастап, өнім сапасын бақылауға дейінгі өндірістік тізбектің барлық кезеңіне енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайған. Өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайларды сегіз секунд ішінде анықтауға болады. Сонымен қатар бір желіде өндірісті қайта баптау үшін тоқтатпай-ақ, бірнеше бренд пен модельдің автомобильдерін шығаруға мүмкіндік бар. Осылайша, сала жекелеген операцияларды автоматтандырудан зияткерлік өндіріс жүйесіне көшіп келеді.
Жинақталған тәжірибе мен технологиялық мүмкіндіктерді экспортқа шығарылатын өнімге айналдыру да маңызды бағыттардың бірі саналады. Бұған мысал ретінде қазақстандық Vexor компаниясының Тбилисиде Lactalis тобына кіретін кәсіпорынды роботтандыру жобасы аталды. Компания өз инженерлік әзірлемелеріне, конвейерлік жүйелеріне, бағдарламалық қамтылымына, машиналық көру технологияларына және монтаждау қызметтеріне негізделген кешенді шешімдерді шетелге ұсынады. Бұл шешімдерді енгізу өндіріс көлемін 30%-ға арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалу уақытын 95%-ға қысқартуға мүмкіндік берген. Ендігі міндет – осындай шешімдерді басқа кәсіпорындарға да енгізіп, отандық инженерлік қызметтердің экспортын дамыту.
Мұндай жобаларды кеңінен енгізу үшін Қазақстанда тиісті құзыреттер мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнеркәсіптік роботтарды сынауға арналған базасы бар Farabi Robotics орталығы құрылып, онда автомобиль өнеркәсібімен бірлескен тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Astana Hub аумағында зерттеу жүргізу және мамандар даярлау үшін арнайы робототехника алаңы ашылған. Келесі кезеңде өндірістік сынақтар, оқыту және инженерлік әзірлемелерді бір жерге біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру көзделіп отыр. 2028 жылға қарай кемінде үш құзырет орталығын құрып, отандық бес жүйелік интегратордың жұмысын жолға қою жоспарланған.
Құрылыс саласында нысанның бүкіл өмірлік циклінің негізгі кезеңдерін қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылды. Ендігі қадам – құрылыс ақпараттық моделіне (Building Information Modeling, BIM) көшу. 2026 жылғы 1 тамыздан бастап бұл талап ірі мектептерді, әуежайларды, тоннельдер мен көпірлерді, сондай-ақ бірегей құрылыстарды қоса алғанда, бірқатар нысанға міндетті түрде қолданылады. 2028 жылға қарай техникалық жағынан күрделі жаңа нысандардың барлығында BIM технологиясын қолдану жоспарланып отыр.
«Тағы бір маңызды бағыт – мемлекеттік сараптама кезінде жасанды интеллектіні қолдану. Қазір ол жобалық құжаттаманың толықтығын тексеруге пайдаланылып жүр. Осындай автоматтандырылған тексеруден 864 жоба өтті. Бір жобаны тексеруге орта есеппен алты минуттай уақыт кетеді. Ал құжаттардың толықтығын тексеру мерзімі бес жұмыс күнінен екі жұмыс күніне дейін қысқарды. Жыл соңына дейін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін тағы үш модульді әзірлеу аяқталады. Олар құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілерді және сметаларды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі үдерісіне жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп пайымдады министр.
Сөз соңында Ерсайын Нағаспаев министрлік жауапты бағыттар бойынша цифрлық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілетінін атап өтті.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












