ХХ ғасырдың 1950–1970 жылдары дәл механика барынша дамыған кезең болды. Сол дәуірде адамзат инженерлік шеберліктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне жетті. Қазір кремний чиптері көзді ашып-жұмғанша әрі еш байқатпай орындайтын есептеулерді ол кезде металл бөлшектер, физика заңдары мен аса дәл инженерлік есептеулердің көмегімен жүзеге асырды.
Бұл механикалық есептеу машиналары, аса күрделі хронографтар мен таңғаларлық фотоаппараттар дәуірі еді. Сол кезеңдегі үлдірлі фотоаппараттар инженерлік ойдың озық үлгісі саналады. Аңызға айналған Nikon F2 немесе Leica M4 қашықтық өлшегіш фотоаппараттарының ішінде бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейтін бір жарым мыңнан астам иінтірек, серіппе мен тісті доңғалақ жасырынған. Батареясыз жұмыс істейтін бұл жүйе ысырманың ашық тұру уақытын секундтың жүзден бір бөлігіне дейінгі дәлдікпен реттеген. Әр бөлшектің жұмысы көршілес бөлшектерге тәуелді болған, ал олардың өзара үйлесіміндегі ауытқу микронмен өлшенген.
Бүгінде бұл технологияларды іс жүзінде жоғалған деуге болады. Өйткені осы саланың тәжірибелі мамандары мен кейінгі буын инженерлерінің арасын кемінде жарты ғасыр бөліп тұр. Қазіргі жобалаушылар алгоритмдер мен электрондық тақшаларды модуль бойынша ауыстыру қағидатына сүйеніп өсті. Бұрынғы шеберлер жұмыс істеген күрделі үшөлшемді механизмдер жүйесін олардың ойша құрастырып, елестетуі қиын. Цифрлық құралдарға сүйенбей-ақ аса күрделі механикалық құрылғылар жасау шеберлігі де ұмытылып барады.
Өркениеттің кері кетіп бара жатқанын көрсететін мысалдың бірі ретінде Pentax компаниясының жуырдағы тәжірибесін атауға болады. Қомақты қаржысы мен лазерлік жабдықтары бар жапон инженерлері қарапайым қашықтық өлшегіш фотоаппаратты нөлден бастап жобалай алмайтынын түсінген. Жобаны қайта жандандыру үшін зейнетке шыққан, жасы үлкен тәжірибелі шеберлерді жұмысқа шақыруға тура келген. Тек олардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандай көрінетін, бірақ біртіндеп жоғалып бара жатқан тәжірибесінің арқасында Pentax 17 үлдірлі фотоаппараты жарық көрді. Дегенмен механикалық фотоаппараттардың алтын дәуірімен салыстырғанда, бұл модель мүмкіндігі шектеулі қарапайым шкалалы фотоаппарат деңгейінде қалды. Өткен дәуір үшін қалыпты саналған өнімді жасау қазіргі ірі компаниядан бар күшін салуды талап етті.
Ал механикалық фотоаппараттар дәуірінің шарықтау шегі әрі осы кезеңнің соңғы ірі жетістіктерінің бірі Pentax LX флагмандық моделі болды. Титаннан жасалған бұл құрылғының ысырма жүйесі аса күрделі гибридті құрылымға негізделген. Қазір оны әлемнің кез келген елінде жөндету оңай емес. Маманданған шеберханалар мұндай фотоаппараттарды, сондай-ақ Zeiss Ikon компаниясының Contarex «Bullseye» сияқты неміс техникасының әйгілі үлгілерін жөндеуге құлықсыз. Өйткені олардың ішкі құрылымы жоғары дәлдікті сағат механизмдерін еске түсіреді. Егер адамзат бүгін Hasselblad 500C сияқты күрделі айналы фотоаппаратты немесе Leicaflex SL2 секілді дәлдігі жоғары механикалық үлгіні қайта шығаруды қолға алса, үлкен кедергіге тап болар еді. Тіпті кері инженерия әдісін қолданып, станоктарға миллиардтаған қаржы жұмсасақ та, құрылғы қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық бөлшекті қажетті дәлдікпен жасап, өзара үйлестіру оңайға соқпас еді.
Қолмен өңдеп, бөлшектерді бір-біріне мінсіз сәйкестендіру және материалдардың керілуін дәл реттеу мектебі жоғалған. Бүгінде осындай құрылғыны қайта жасау үшін алдымен сол шеберлік мектебін жаңғырту қажет болар еді. Ол үшін бұрынғыдай қарапайымнан күрделіге қарай жүріп, бірнеше жыл бойы білім алып, тәжірибе жинау керек. Алайда мұндай жұмысты қолға алып, соңына дейін жеткізе алатын мамандар қазір жоқтың қасы. Олар әлемде санаулы ғана қалды. Қажетті тәжірибені қайта игеру үшін сол мамандарды дүниенің түкпір-түкпірінен іздеп, басын қосуға тура келер еді.
Бұл жайт тарихқа басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілердегі пікірлерден Үндістан мен Мысырдағы көне ғибадатханаларға қашалған күрделі өрнектерге таңғалатындарды жиі кездестіруге болады. Олар мыңдаған жыл бұрын мұндай нәзік нақыштарды қалай жасағанына таңданып, лазер мен жатғаламшарлықтардың көмегінсіз мұны жүзеге асыру мүмкін емес деп жазады. Мұндай пікірлердің тууына көне тас қашау шеберлерінің әдіс-тәсілдері мен қолөнер дәстүрлерінің бір бөлігі бізге жетпегені де себеп болуы мүмкін. Алайда болашақ археологтар да бүгінгі заманның техникалық жетістіктеріне осылай таңғалуы ықтимал. Арада екі мың жыл өткенде олар жер астынан механикалық Rolex сағатын немесе күрделі Zeiss Ikon фотоаппаратын тауып алуы мүмкін. Құрылғыны бөлшектеп зерттегенде, бір-біріне микрондық дәлдікпен сәйкестендірілген, жоғары жылдамдықта жұмыс істеуге арналған бір жарым мыңға жуық ұсақ бөлшекті көреді. Мұндай күрделі механизмді жасаған шеберлердің білімі мен мүмкіндігіне таңғалып, сол дәуірдегі технологиялардың деңгейін түсінуге тырысады. Бірақ олар механикалық құрылғыларды жасау мен жөндеудің осындай озық тәжірибесі небәрі елу жылдың ішінде ұмытылып, оның орнын электрондық микросхемалар басқанын білмеуі мүмкін.
Бүгінгі басты мәселе жабдықтың, қаржының немесе сызбалардың жоқтығында емес. Ең үлкен мәселе – осындай күрделі механизмдермен жұмыс істей алатын адамдардың азаюында. Бұрынғы шеберлердің қолмен жұмыс істеу тәжірибесі ерекше болған. Олар механизмнің жұмысын қолмен сезіп, қай тұсын барынша дәлдеп өңдеу керегін түсінген және жүздеген бөлшектің біртұтас жүйе ретінде мінсіз жұмыс істеуіне қол жеткізе алған. Қазір мұндай мамандар бүкіл әлемде санаулы ғана, олардың басым бөлігі ескі мектептің өкілдері. Кейінгі буынға осы тәжірибені үйренуге мүмкіндік аз тиді.
Жас инженерлерге техникалық тапсырма беріп, түпнұсқа бөлшектерді, сызбалар мен жөндеу нұсқаулықтарын ұсынуға, шеберхананы заманауи жабдықтармен толықтыруға болады. Бірақ мұның бәрі олардың күрделі фотоаппаратты жинап, мінсіз жұмыс істейтіндей етіп реттей алатынына кепілдік бермейді. Құрылғының құрылысын білуден оны жасау шеберлігіне дейінгі жолда көпжылдық тәжірибе, қателіктер арқылы үйрену және осы істі меңгерген мамандардан тәлім алу жатыр. Ал үйрететін ұстаздар қалмаса, жаңа буын шеберлерін тәрбиелеу ұзақ жылдарға созылатын міндетке айналады. Станок сатып алуға, сызбаларды қалпына келтіруге болады. Бірақ жеке бөлшектерден мінсіз механикалық жүйе құрастыра алатын шеберлерді тапсырыспен даярлау мүмкін емес.
Автор: Вадим Мельник, Facebook әлеуметтік желісі.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












