Home Сараптама Қазақстанда орман қауіпсіздігіне жаңа технологиялар қалай енгізілуде?

Қазақстанда орман қауіпсіздігіне жаңа технологиялар қалай енгізілуде?

17

Қазақстанда табиғи аумақтарды қорғау ісі жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп келеді. Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи қорығының тәжірибесі негізінде орманды қорғау және сақтау саласына енгізіліп жатқан заманауи цифрлық шешімдердің тиімділігін бағамдады. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Қорық аумағында орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған жүйе жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейді. Аталған шешімдер өрт ошақтарын алыс қашықтықтан, түрлі ауа райы жағдайына қарамастан дәл анықтауға мүмкіндік береді. Бұл табиғи апаттардың алдын алудағы маңызды тетіктердің бірі саналады.

Қорық мамандары өрт сөндіру қызметімен бірлесе отырып, цифрлық технологиялардың нақты тиімділігін және тиісті қызметтердің үйлесімді іс-қимыл алгоритмін көрсетті. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін бейнебақылау кешендері заманауи жылу сезгіш және оптикалық камералар арқылы өрттің бастапқы белгілерін автоматты түрде анықтайды. Өрт немесе түтін белгісі тіркелген сәтте жүйе жедел басқару орталығына дереу хабарлама жібереді. Соның нәтижесінде өрт ошағын жедел оқшаулап, қысқа уақыт ішінде жоюға мүмкіндік туады.

Жедел басқару орталығы нақты уақыт режимінде камералардан түсетін бейнені көрсетуге арналған бейнеқабырғамен және тұрақты радиобайланыс құралдарымен жабдықталған. Осындай орталықтар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи қорығының Абай облысының жеті ауданында орналасқан он филиалының барлығында іске қосылған.

Өртті ерте анықтау жүйесі жүзден астам сынақтан сәтті өткен. Қазіргі уақытта оны жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, жүйені алты метеорологиялық кешенмен және құрғақ найзағай соққыларын тіркейтін арнайы станциямен ықпалдастыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өртті ерте анықтау технологиясы кезең-кезеңімен республика аумағына кеңейтілуде.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бахтияр Қожахметов жүйені енгізудің алғашқы екі кезеңі туралы баяндады. Оның мәліметінше, бұл технология Ақмола облысындағы бес орман шаруашылығында, Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы мен Баянауыл ұлттық табиғи парктерінде қолданысқа енгізілген. Сонымен қатар Іле-Алатауы мен Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде, сондай-ақ «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде аталған жұмыстар аяқталуға жақын.

Жобаның үшінші кезеңі Шығыс Қазақстан облысындағы он орман шаруашылығын және Қатонқарағай ұлттық табиғи паркін қамтиды. Осылайша, биылғы шілде айына дейін өрт қаупі жоғары 24 табиғи парк пен қорық толық қамтылып, ал қыркүйек айында барлық жүйені өндірістік пайдалануға беру жоспарланып отыр.