Ресейлік «Мелодия» компаниясы дыбыс жазбаларын күйтабақ форматында қайта шығара бастады. Бұл бастама компанияның 60 жылдық мерейтойы аталып өткен 2024 жылы-ақ талқыланған еді. Соңғы жылдары винилге деген қызығушылықтың қайта артуы бұл шешімді нақты іске асыруға түрткі болды. Бүгінде күйтабақ тек дыбыс тасымалдаушы ғана емес, коллекционерлер мен музыка әуесқойлары үшін мәдени құндылық пен мәртебенің бейнесіне айналып отыр.
Компанияның бас директоры Андрей Кричевскийдің айтуынша, Мелодия атауы тарихи тұрғыда күйтабақтармен тығыз байланысты. Сондықтан өндірісті қайта іске қосу – брендтің көпжылдық дәстүрін жалғастырудың заңды қадамы. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде компания саладағы тәжірибелі мамандардың бірін, бұрынғы Апрелев зауытының бас инженері Бадри Девишевті жұмысқа тартқан.
Алғашқы кезеңде зауыт Мелодияның өз қорындағы жазбаларды шығарады. Алайда болашақта репертуарды кеңейтіп, жеке орындаушылар мен музыкалық компаниялардың тапсырыстарын қабылдау да жоспарланып отыр.

Жаңартылған өндірістің алғашқы төрт шығарылымы Мелодия тарихындағы ең танымал ғана емес, сонымен қатар ең сирек әрі ерекше жазбалардан таңдап алынған. Олардың кейбірі уақыт өте келе мәдени феноменге, тіпті интернет кеңістігінде кең тараған құбылысқа айналған.
Алғашқы күйтабақ ретінде музыкадан тыс мазмұндағы Алкогольді шамадан тыс тұтынатын адамдарға арналған аутогендік жаттығу атты жазба таңдалды. Бұл материал 1980 жылдардың ортасында Кеңес Одағындағы ішімдік пен темекіге қарсы науқан аясында жарық көрген. Бүгінде осы сирек күйтабақтың жазбалары интернетте кеңінен таралып, әзіл-оспақ сипаттағы мәдени белгіге айналды. Қазіргі таңда оның түпнұсқа басылымдары онлайн сауда алаңдарында шамамен 10 мың рубльге бағаланады. «Бұл – адамдар бір-біріне мем ретінде жолдап, кеңестік Мелодия мұндай жазбаны шығарғанына таңданатын, өте қызықты дүние», – дейді компания бас директорының бірінші орынбасары Карина Абрамян.

Екінші шығарылым ретінде өз дәуірінің символына айналған туынды – Давид Тухмановтың По волне моей памяти атты альбомы таңдалды. Бұл – кеңестік кеңістіктегі алғашқы концептуалдық альбом саналады. Өз кезеңіндегі тыңдарман үшін оның маңызы Батыстағы The Beatles тобының Sgt. Pepper’s Lonely Hearts Club Band альбомымен пара-пар болды.

Үшінші күйтабақ – латвиялық Zodiac тобының 1980 жылы жарық көрген Disco Alliance атты дебюттік альбомы. Бұл жұмыс Батыста кең тараған синтезаторлық және диско музыкасына жауап ретінде дүниеге келген. Альбом Мелодия тарихындағы ең көп сатылған туындылардың біріне айналды. Ал Pacific композициясы бүгінге дейін заманауи клубтарда орындалып, жаңа өңдеулерде қайта жаңғырып келеді.

Төртінші шығарылым – музыка жанкүйерлері үшін нағыз қазына саналатын туынды. 1977 жылы жарық көрген қазақтың әйгілі Дос-Мұқасан тобының алғашқы альбомы – қазіргі қазақ эстрадасының бастауында тұрған, серпінді әрі жаңашыл психоделик-рок үлгісі. Күйтабақ алғашында аз данамен шығарылғандықтан, бүгінгі күні коллекционерлер үшін аса құнды саналады. Мәселен, Discogs платформасында оның алғашқы басылымы 760 еуроға бағаланса, кейбір сауда алаңдарында шамамен 10 мың рубльге ұсынылады. Араға жарты ғасыр салып, Мелодия бұл бірегей туындыны қайта басып шығарды.