«Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы – еліміздің 2029 жылға дейінгі цифрлық келбетін айқындайтын ауқымды жоспар. Жоба мемлекеттік қызмет, басқару жүйесі, экономика және инфрақұрылым сияқты 20 маңызды бағытты қамтиды. Елдің цифрлық дамуына өзіндік серпін беретін бұл бастамалардың негізгі мақсаты мен жүзеге асу барысын саралап көрейік.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, цифрлық экономиканы дамыту бес деңгей бойынша жүзеге асырылады. Олар энергетика мен инфрақұрылымды, микрочиптер мен есептеу қуаттарын, бұлтты платформаларды, деректер мен тілдік модельдерді, сондай-ақ қолданбалар мен жасанды интеллект агенттерін қамтиды. Бұл жүйе инфрақұрылымдық жобаларды азаматтарға, мемлекетке және бизнеске арналған цифрлық қызметтермен байланыстырады.
Мемлекеттік қызмет: Азаматтардың уақытын үнемдейтін проактивті жүйе
Стратегияның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді азаматтардың өтінішін күтпей, алдын ала ұсыну жүйесіне көшу. Бұл ретте қызметтер адамның өміріндегі маңызды оқиғаларға қарай топтастырылады, ал мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер азаматтарға қажетті қолдау көрсету үшін пайдаланылады. Қазірдің өзінде «Өмірлік жол», «Әлеуметтік әмиян», e-Otinish жүйесіндегі өтініштерді жасанды интеллект көмегімен талдау және eGov GPT секілді шешімдер іске қосылған.
Бұл бастамалардың нақты нәтижесі төмендегі көрсеткіштерден айқын көрінеді:
- «Әлеуметтік әмиянды» қазірдің өзінде 3 млн адам пайдаланады.
- eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. 2026 жылдың соңына дейін олардың санын 150-ге жеткізу жоспарланған.
- Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 39 жүйенің 36-сы көшірілген.
Мұны баланың дүниеге келуімен байланысты қызметтерден көруге болады. Алдын ала қызмет көрсету жүйесі дамыған сайын мемлекеттік цифрлық қызметтер қажетті құжаттарды автоматты түрде рәсімдеп, тиісті жәрдемақыларды тағайындай алады. Сонымен қатар ата-аналарға қолжетімді қолдау шаралары туралы хабарланады. Бұл үшін олардың әр қызметті жеке іздеп, бөлек өтініш беруіне қажеттілік болмайды. Осындай жүйені адамның өміріндегі басқа да көптеген жағдайға бейімдеу көзделген.
Мемлекеттік қызметтерді халыққа тікелей көрсету тәсілі де өзгеріп келеді. Астана, Шымкент қалаларында, Түркістан және Ұлытау облыстарында халыққа қызмет көрсететін бес цифрлық кеңсе ашылған. 2026 жылдың соңына дейін тағы он өңірде осындай кеңселер ашу жоспарланып отыр. Ал алты өңірде оларды іске қосу мерзімі әзірге белгіленбеген.
Жасанды интеллект қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 2026 жылы кемінде 4%-ға, 2027 жылы 20%-ға, ал 2028 жылы 40%-ға жеткізу көзделген. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтерді алу уақытын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.
Қалалық ортаны басқаруға арналған цифрлық шешімдер де қатар дамып келеді. Олардың қатарында су ресурстарын цифрлық басқару, қалалық қызметтер порталдары, дрондарға арналған инфрақұрылым және басқа да жүйелер бар. Нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, Smart City шешімдерімен қамтылған қала тұрғындарының үлесі 2026 жылы кемінде 25%-ды, 2027 жылы 50%-ды, ал 2028 жылы 70%-ды құрауы тиіс.
Сапалы байланыс пен ауқымды дереккөр цифрлық инфрақұрылымның діңгегіне айналды.
Цифрлық қызметтер аясының кеңеюі байланыс инфрақұрылымын дамытумен қатар жүріп жатыр. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанның 20-дан астам қаласында 5G желісі бар. Қазір елде 4 049 базалық станция орнатылған. Ауылдарды интернетке қосу жұмыстары аясында 370 елді мекенге интернет жеткізіліп, 11,8 мың шақырым байланыс желісі тартылған. 2026 жылы тағы 1 600 ауылды интернетке қосу жоспарланып отыр.
Магистральдық байланыс инфрақұрылымының құрылысы да жалғасуда. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 390 шақырымды құрайды. Оны 2026 жылғы қазанда іске қосуға дайындық жүргізіліп жатқаны хабарланған. «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болса, соның 2 341 шақырымы төселген. Жобаны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды интернетпен қамту және 500-ден астам антенна-діңгек құрылысын салу көзделген.
Нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген халықтың үлесі 2026 жылы 97%-ға, 2027 жылы 99%-ға, ал 2028 жылы 99,9%-ға жетуі тиіс.
Байланыс желілерін дамытумен қатар, деректерді жинақтауға және өңдеуге арналған ортақ инфрақұрылым құрылып жатыр. Салаға қатысты мәліметтерді біріктіріп, оларды талдау мен цифрлық қызметтерде пайдалануға мүмкіндік беретін кемінде 10 салалық деректер қоймасын іске қосу жоспарланған. Қазір Smart Data Finance, Smart Data Health және Smart Data Transport жүйелері жұмыс істеп тұр. Энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына арналған жүйелерді 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу көзделген.
Деректер алмасу көлемінің артуы оларды қорғау мәселесін де өзекті етеді. Қазір дербес деректерге қол жеткізуді бақылау жүйесіне 481 ақпараттық жүйе қосылған. 2026 жылғы қаңтардан тамызға дейін бұл жүйе 370 млн-нан астам сұрауды өңдеген. Осы кезеңде дербес деректерді пайдалануға берілген келісімдер 719 мың рет кері қайтарылған. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтарына аса маңызды 432 цифрлық нысанның 130-ы қосылған.
Жасанды интеллект мемлекеттік басқару мен бизнеспен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді.
Мемлекеттік басқару саласында жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін өңдеуге, аударма жасауға, жиналыс хаттамаларын әзірлеуге және кеңес беруге қолданылады. Ұлттық жасанды интеллект платформасында 25 мың пайдаланушы тіркелген. Азаматтардың өтініштерін өңдеуге арналған жасанды интеллект көмекшісі 3,2 млн өтінішті қамтыса, зияткерлік кеңесшілер жауаптардың 2,5 млн жобасын әзірлеген.
Жиналыстарды автоматты түрде хаттамалау арқылы 2 мың хаттама дайындалған. Қауіпсіз жасанды интеллект аудармашысына 400 мың сұрау түскен. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен бағдарламалық өнім әзірлеу, яғни Vibe-coding тәсілі бойынша 1 251 мемлекеттік қызметші оқытылған.
Цифрлық құралдар кәсіпкерлермен жұмыс істеу кезінде де қолданылады. Салық мәселелері бойынша кеңес беретін жасанды интеллект көмекшісіне 34 мың сұрау түскен. eGov Business платформасын пайдаланушылар саны 35 мыңға жеткен. Ал eGov GPT арқылы 63 мың өтініш тіркелген.
2029 жылға қарай мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл уақытын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр. Тағы бір мақсат – жасанды интеллектті қолдану арқылы мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмыс жүктемесін 30%-ға дейін азайту.
IT экспорты, есептеу қуаттары және жоғары технологиялық өндіріс жаңа экономиканың негізін қалайды.
Цифрлық экономиканың дамуы технологиялық бизнестің өсуімен де байланысты. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Astana Hub қатысушыларының 2025 жылғы IT экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асқан. Astana Hub құрамында 2,5 мыңнан астам қатысушы бар. Технологиялық жобаларды қаржыландыру үшін 115 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражаты бар Alem.ventures венчурлік қорлар қоры құрылған. 2029 жылға дейін Қазақстан IT экспортын 2 млрд АҚШ долларынан асырып, нарықтық құны кемінде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатын үш технологиялық компания құруды жоспарлап отыр. Мұндай компаниялар халықаралық тәжірибеде «бірмүйіз» деп аталады.
Жасанды интеллектіні дамыту үшін серверлерді орналастырып, ауқымды есептеулер жүргізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның мәлімделген жалпы қуаты кемінде 1 ГВт болуы тиіс.
«Қазақтелеком» қазірдің өзінде қуаты 50 МВт болатын деректерді өңдеу орталығын салып жатыр. Оны 2027 жылғы маусымда пайдалануға беру жоспарланған. Firebird AI жобасы тағы екі кезеңнен тұрады. Оның қуаты 2027 жылдың үшінші тоқсанында 136 МВт-қа, ал 2028 жылдың екінші тоқсанында 109 МВт-қа жетуі көзделген. «Қазақтелеком» орталығын қоса есептегенде, үш нысанның жалпы қуаты 295 МВт болады. Жобаны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін ГРЭС-1-мен келісім жасалған.
Робот өндіру саласы да дамып келеді. Алматыда NERO және UBTECH компанияларының бірлескен жобасы аясында төрт өндірістік блок салынып жатыр. Жоба өндірісті, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді, сондай-ақ технологиялық білім мен тәжірибені беруді қамтиды. Астанада QAZBOT Technologies және AgiBot компанияларының робот өндіру кешенінің құрылысы 2026 жылғы тамызда басталған. Мұнда роботтарды әзірлеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді жолға қою жоспарланған. Роботтарды өнеркәсіпте, логистикада, қалалық шаруашылықта, медицинада және қызмет көрсету саласында пайдалану көзделіп отыр.
Бұл бағытқа қажетті мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан басталады. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мектептерінде робототехникаға арналған 198 зертхана жұмыс істейді. Оның 108-і 1–6-сынып оқушыларына, 54-і 7–9-сыныптарға, ал 36-сы 10–11-сыныптарға арналған. Оқыту барысында робототехникалық жинақтар мен қазақ және орыс тілдеріндегі оқу әдістемелері қолданылады.
Өндірістің тағы бір бағыты – ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару. Түркістан облысында ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын өндіріс орындарының жылдық қуаты 500 данаға есептелген. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 500-ден 1 000 данаға дейін жетеді. Павлодар облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру қуаты жылына 1 000 данаға дейін жетеді.
Ұшқышсыз технологиялар жеткізу қызметінде де қолданыла бастады. Алматыда 2026 жылдың басынан бері дрондар арқылы азық-түлік пен басқа да тауарлар 1 мыңнан астам рет жеткізілген. Ендігі міндет – осы қызметтің ауқымын кеңейту. Сонымен қатар қалада алғашқы автономды автокөлік сынақтан өткізіліп жатыр. Оның көмегімен коммерциялық жолаушы тасымалын 2027 жылы бастау жоспарланған. Астана мен Алатауда жолаушы тасымалдауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары сыналуда. Оларды алдағы уақытта пайдалану үшін қажетті құқықтық негіз әзірленіп жатыр.
Қазақстан ғарыштық байланыс жүйелері мен Жерді бақылау технологияларын да дамытып келеді. Қазір екі байланыс спутнигі және Жерді қашықтан зондтайтын үш спутник жұмыс істейді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, спутниктік байланыс жүйесінен түскен кіріс 72 млрд теңгені құраған. Ал ғарыштық мониторингтің бес жылдағы экономикалық тиімділігі 977 млрд теңгеге жеткен.
Ғарыштық технологиялар экспорттық бағыт ретінде де дамып келеді. Қазақстан Моңғолия, Конго және Нигерияда үш жобаны жүзеге асырып жатыр. Экспорттық келісімшарттар мен көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 70 млн АҚШ долларын құрайды. Алдағы уақытта Жерді қашықтан зондтайтын алты жаңа спутник жасау және қолданыстағы байланыс спутнигін KazSat-3R аппаратымен алмастыру жоспарланған. 2030 жылға қарай спутниктер санын 14-ке жеткізу көзделіп отыр.
Цифрлық активтерді дамыту да жеке бағыт ретінде қарастырылған. Стратегиялық цифрлық майнинг жобасы аясында қуаты 90 МВт болатын нысандар іске қосылған. «70/30» бағдарламасы электр станциялары қуатының өсімін бөлуді көздейді. Оның 70%-ы цифрлық майнингпен айналысатын компаниялар мен деректерді өңдеу орталықтарына, ал 30%-ы электр энергиясының бірыңғай сатып алушысына бөлінеді. Криптовалютамен төлем жасауға арналған қызметтер де дамып келеді. Қазір мұндай төлемдерді 5 мыңнан астам сауда нүктесінде қабылдауға болады.
Жалпы, Digital Qazaqstan стратегиясы экономиканың көптеген саласын қамтиды. Оның аясында азаматтардың күнделікті қызметтерді алуын жеңілдетумен қатар, байланыс инфрақұрылымын дамыту, деректерді қорғау, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу, жаңа өндірістер ашу және технологиялық бизнестің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.
Дереккөз: Ranking.kz
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












