Home Аналитика KazEOSat спутниктік станциясы Маңғыстау стартап-экожүйесіне жаңа серпін бермек

KazEOSat спутниктік станциясы Маңғыстау стартап-экожүйесіне жаңа серпін бермек

12

Маңғыстау облысында цифрландыру мен жастар бастамаларын дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан өңірлік IT-хаб іске қосылған болатын. Оның басты мақсаты – жастарды цифрлық технологияларға тарту, стартап-экожүйені жандандыру және заманауи білім алуға мүмкіндік жасау.

IT-хаб аясында биыл бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – оқушылар арасында киберқауіпсіздік пен цифрлық мәдениетті насихаттауға арналған «Кибер Тұмар» шарасы. Ал 1 маусым күні 3D-баспаға арналған арнайы кабинет ашылды. Мұнда жастар аддитивті өндіріс технологияларын меңгеріп, өз инженерлік жобаларын жүзеге асыра алады. Жыл соңына дейін робототехника, спорттық бағдарламалау және киберспорт бойынша жарыстарды қамтитын ірі IT-фестиваль өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, еліміздің жетекші IT-мамандарымен кездесулер өтеді.

Облыста әйел кәсіпкерлерді қолдау шаралары да белсенді іске асырылуда. «She Commerce» бастамасы аясында цифрлық саладағы әйелдердің әлеуетін арттыруға басымдық берілуде.

Ақтау қаласында жол ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын жаңа жүйе сынақ режимінде енгізілуде.

Туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында байланыс операторларымен бірлесіп, «Саура» мен «Голубая бухта» жағалауларында антенна мұнараларын орнатуға арналған үш нүкте анықталды. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Облыстың алыс және туристік аймақтарын интернетпен қамтамасыз ету үшін Starlink жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автожолдар бойына 13 антенна мұнарасын орнату жоспарда бар.

Биыл өңір аумағында KazEOSat спутниктік станциясы орнатылмақ. Бұл нысан Yessenov University аумағында орналасады деп жоспарлануда.

Ақпарат Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.