АҚШ-та дәстүрлі жел электр станцияларына мүлде ұқсамайтын жаңа үлгідегі қондырғының құрылысы басталды. Жобаны Билл Гейтс негізін қалаған инвестициялық қорлар қаржыландырып отыр.Airloom Energy атты америкалық стартап шағын жел қондырғыларын сынақтан өткізу үшін алғашқы пилоттық алаңның құрылысын бастап кетті. Бұл – жел энергиясын өндірудің бұрынғы тәсілдерінен мүлде бөлек жаңа жоба.
Компания мамандары зәулім мұнаралар мен үлкен қалақшалардың орнына 25 метр биіктікте сопақша шеңбер бойымен қозғалатын тік қалақшаларды қолданады. Олар арнайы арқан-тросқа бекітіліп, жел күші арқылы электр энергиясын өндіреді. Жоба авторларының айтуынша, бұл әдіс шығынды едәуір азайтып, энергия өндірісінің тиімділігін арттырады.
2023 жылы Airloom жобасы Билл Гейтс негізін қалаған Breakthrough Energy Ventures және басқа да инвестициялық қорлардан 4 млн доллар қаржы алған. Ал өткен жылдың қазан айында компания 13,75 млн доллар көлемінде қосымша инвестиция тартып, Вайоминг штатындағы Рок-Ривер қаласында алғашқы ғылыми-зерттеу орталығын салуға кіріскен еді. Тоғыз айдан кейін бұл бастама толыққанды құрылыс кезеңіне өтті.
Airloom құрылғыларының басты артықшылығы – жылдам әрі тиімді орнатылуы. Дәстүрлі жел турбиналарын салуға бірнеше жыл кетсе, бұл жүйе бір жылдың ішінде іске қосылады. Сонымен қатар модульдік әрі ықшам құрылым арқасында бұл станциялар желі төмен аймақтарда, аралдарда, таулы өңірлерде және әуежай, әскери база сияқты кеңістік шектеулі жерлерде де орнатыла береді.
Компанияның мәліметінше, бұл жел қондырғылары бір мегаватт-сағат электр қуатын небәрі 13 долларға өндіруге қауқарлы. Бұл – жер үстіндегі дәстүрлі жел станцияларымен салыстырғанда екі есе арзан.
Жаңа жүйе электр қуатының өзіндік құнын төмендетіп, құрылғыны орнату мен пайдалану шығындарын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, шағын бөлшектерден құрастырылатын жеңіл құрылымы оны шалғай өңірлерге жеткізіп, қызмет көрсету жұмыстарын едәуір оңайлатады.
Airloom сынақ алаңы 2027 жылы аяқталып, коммерциялық мақсатта демонстрациялар өткізу, қуаттылықты дәлелдеу және жұмыс процесін оңтайландыру үшін қолданылады.
Компанияның атқарушы директоры Нил Рикнердің айтуынша, АҚШ-та 2035 жылға қарай электр қуатына тапшылық туындауы мүмкін. Ал жасанды интеллект орталықтарының дамуы энергияға деген сұранысты бірнеше есеге арттырып отыр.
« Мұндай жағдайда бізге тез іске қосылатын, бейімделуі оңай әрі көпшілікке тиімді тәсілдер қажет. Біздің жел қондырғыларымыз – соның айқын үлгісі», – дейді ол.