Елімізде криптовалюталарға қатысты жаңа бастама қолға алынып отыр. Ұлттық банкке қарасты мемлекеттік криптоактивтер резерві құрылуы мүмкін. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Мәжілістегі «Respublica» фракциясы депутаттарының сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда крипторезерв құру және оны басқару тұжырымдамасы әзірленуде.
«Ұлттық банккк қарасты криптоактивтердің мемлекеттік резервін құру жөніндегі ұсынысты қолдаймыз. Қазір осы резервті қалыптастыру және басқару тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл бастама балама инвестицияларды басқаруға маманданған Ұлттық банктің еншілес ұйымының базасында іске асуы мүмкін», – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл жұмыс халықаралық тәжірибеге және ұлттық қорларды басқару талаптарына сай жүзеге асады. Яғни криптоактивтерді сақтау мен есепке алу, оларды басқарудағы ашықтық, қауіпсіздік пен тұрақтылық – негізгі басымдық болмақ.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай резервтің негізгі көзі — тәркіленген криптоактивтер мен мемлекет қатысатын майнинг компаниялары өндірген криптовалюта болуы мүмкін. Алайда криптоактивтердің құбылмалылығы мен қауіп-қатерін ескере отырып, оларды тиімді басқару үшін орталықтандырылған және институционалды тәсіл қажет», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменовтің айтуынша, крипторезервті нақты қалыптастыру тетіктері құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып пысықталмақ.
«Мемлекет крипторезервке иелік ету құқығын тиімді жүзеге асыру үшін заңнамалық негіз қажет. Бұл – резервтің құқықтық мәртебесін, оны басқару ережелерін, криптоактивтермен толықтыру және оларды пайдалану тәртібін нақтылап бекітуді талап етеді. Осыған байланысты Ұлттық банк депутаттармен заң жобасын әзірлеу мәселесін талқылауға дайын», – деп қорытындылады Тимур Сүлейменов.