Home ғаламтор Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

11

Жасанды интеллектінің (ЖИ) дамуы бизнеске, басқару стратегияларына, жұмыс кезеңін оңтайландыруға, деректерді өңдеуге және ресурстарды үнемдеуге қалай әсер етеді? Сонымен қатар, ЖИ жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік қаупін арттыра ма? “Almaty Digital Forum 2025” аясында әртүрлі саланың өкілдері мен сарапшылар цифрлық бизнестегі әйелдердің рөлі мен ЖИ жобаларындағы қатысуы туралы пікір алмасты.

“TechnoWomen” коммерциялық емес ұйымының басқарма мүшесі, сессия модераторы Бикеш Құрманғалиева ЖИ-дің әлемдік трендке айналғанын, ал Қазақстанның бұл мүмкіндікті экономика мен даму жолында тиімді пайдалануы керектігін атап өтті.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мол тәжірибесі бар маман ЖИ-дің экономиканы дамытуға серпін беретінін атап өтті. Сондықтан білім беру жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Жасанды интеллектті қолдану барлық заманауи мамандықтардың ажырамас бөлігіне айналуы керек.Сонымен қатар, спикер Қазақстандағы әйелдердің ЖИ технологияларын зерттеуге және оны дамытуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын айтты. Бұл тек ересек әйелдерге ғана емес, қыз-келіншектер мен тіпті мектеп жасындағы қыздарға да қатысты.

“Біз қазір аймақтарда көп жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылды өңірлерді дамытуға арнадық. Қазақстанның 8 аймағында болдық және барлық жерде ЖИ-ге қызығушылықтың жоғары екенін байқадық. Бүгінде көптеген әйелдер, тіпті декреттік демалыста отырған аналар да, өздерін ЖИ саласында сынауға дайын. Бұл технология қолжетімді бола бастаған сайын, қыздарымыз сенімділік алып, қорықпай, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануда”, – деді Б. Құрманғалиева.

Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

Бұл пікірді кәсіпкер, венчурлық инвестор, “Dogovor 24” жобасының негізін қалаушы, “TechnoWomen” стратегиялық комитетінің төрайымы Елена Седых те қолдады. Ол ЖИ ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндік беретінін, бастысы – жаңа білімнен қорықпау және өз дағдыларын жетілдіруге ұмтылу керектігін атап өтті.

“Біз жаңа технологиялық дәуірге аяқ бастық. Алдағы жылдары технологиялар өмірімізге айтарлықтай ықпал етеді. 86%-дан астам жұмыс берушілер жұмыс үрдістері мен қызметкерлерге қоятын талаптарын өзгертеді. Жаңа мамандықтар мен жұмыс орындары пайда болады. Қазірдің өзінде жұмыс берушілер үміткерлерден ЖИ-ді қолдана білуін талап ете бастады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, жұмыс жылдамдығын еселейді. Батыс елдерінде қызметкерлердің шамамен 60%-ы ЖИ-мен жұмыс істеуді меңгеруге міндетті. Ал 2030 жылға қарай әлемде ең сұранысқа ие мамандар – үлкен деректер бойынша сарапшылар, финтех-инженерлер, ЖИ және машиналық оқыту мамандары, бағдарламалық қамтамасыз ету мен мобильді қосымшалар әзірлеушілері болады”, – деп бөлісті Е. Седых.

Сондай-ақ, ол әйелдердің технологиялық салаларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. ЖИ әзірлеу топтарында ерлердің үлесі басым болғандықтан, гендерлік ерекшеліктер жиі ескерусіз қалады. Сонымен қатар, көптеген әйелдер қаржылық мүмкіндіктердің шектеулі болуына байланысты білім алып, тәжірибелі менторлардан үйрене алмайды. Технологиялық салада олар инвестиция тартуда және кәсіби қолдау алуда қиындықтарға тап болады.

Е. Седых әйелдердің ЖИ саласына келуін арттырып, гендерлік теңсіздікті жою үшін мына 6 негізгі бағытты ұсынды:

1.ЖИ-ді оқыту үшін әртүрлі деректерді жинау (баланс пен инклюзивтілікті сақтау);

2. ЖИ жүйелерін аудиттен өткізу (дискриминациялық үлгілерді анықтау және жою);

3.Әйелдерге арналған менторлық бағдарламалар мен бастамаларды дамыту;

4.ЖИ саласындағы әйелдерге арналған стартаптарды қаржыландыру және инклюзивті технологияларға инвестиция тарту;

5.Компаниялардың корпоративтік мәдениетін өзгерту (әзірлеушілер тобындағы әйелдер санын көбейту);

6.Әйелдер үшін инклюзивті стратегияларды дамыту және ақпараттандыруды арттыру.

Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

Бұл мәселеге “TechnoWomen” басқарма төрайымы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шужеева да тоқталды.

Қазақстандағы IT саласының белді сарапшыларының бірі ретінде ол цифрлық индустрияда әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және азаматтық бастамаларды дамытуға белсенді үлес қосып келеді.

“ЖИ алгоритмдеріндегі гендерлік әртүрлілікті ескеру және гендерлік бейтарап технологиялар жасау аса маңызды. Біз бұл бағытта жұмысты күшейту үшін қазақ тіліндегі ірі тілдік модельдер әзірлейтін KazLLM құзырет орталығына қосылдық”, – деді А. Шужеева.

Оның айтуынша, ұлттық тілдік модельдерде гендерлік аспектілер міндетті түрде қарастырылуы тиіс. Ол деректердің инклюзивтілігін қамтамасыз етуді, алгоритмдердегі гендерлік диспропорцияны болдырмау үшін мұқият аудит жүргізуді, әртүрлі гендерлік топтардың қажеттіліктерін ескеретін әдістер әзірлеуді ұсынды.

“Біз жасап жатқан технологиялар баршаға теңдей қолжетімді, әділ және қауіпсіз болуы тиіс. Бұл бағытта жұмыс істеу – инклюзивті болашаққа жасалған маңызды қадам”, – деп түйіндеді А. Шужеева.

Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беру зерттеулері мен бағалау ұлттық орталығының Қолданбалы зерттеулер және әзірлемелер департаментінің директоры Ұлжан Оспанова жасанды интеллектінің (ЖИ) ғылымда, әсіресе зерттеулер жүргізу мен оларды нарыққа жеткізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Ғылымдағы жаңашыл зерттеулерді анықтап, оларды өндіріске енгізу жолдарын қарастыру аса маңызды. Цифрлық технологиялардың дамуы – жасанды интеллектінің дамуы үшін басты шарттардың бірі. Егер деректер жүйелі түрде жиналмаса, өңделмесе және сақталмаса, Қазақстанда бұл саланы дамыту қиынға соғады. Дегенмен, біздің ел бұл бағытта алдыңғы қатарда келе жатыр. Мысалы, цифрлық үкіметіміз – Еуропа мен Америкада бір ғана батырманы басып, жеке куәлігіңді алу немесе мемлекеттік қызметтерге өтінім беру мүмкін емес. Ал біз бұл жүйені сәтті іске асырдық, – деді Ұлжан Оспанова.

«CyberBala» жобасының авторы, «IT Aiel» бастамасының финалисі Әлия Оразымбетова жасанды интеллект саласына алғаш рет қадам басқан тәжірибесімен бөлісті. Ол цифрлық гигиена мен балалар мен жасөспірімдер арасындағы кибербуллингтің алдын алуға арналған «CyberBala» көмекші-ботын жасады.

«2023 жылы декреттік демалыста болғанымда, IT-Aiel жобасына қатысып, тегін ІТ білім алып, отбасылық өмір мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік алдым. Осы оқудың нәтижесінде no-code құралдарын пайдаланып, «CyberBala» жобасын жүзеге асырдым. Қазір робототехника бағытында әйелдер мен қыздарға арналған әлеуметтік жобалармен айналысамын, – деді Әлия Оразымбетова.

AIDENTIS MedTech-стартапының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Асылзат Исатай стоматологиялық ауруларды жасанды интеллект көмегімен анықтайтын платформа әзірледі. Бұл жоба 200 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан.

«Біз әртүрлі бизнес-модельдерді сынап көрдік және соңында белгілі бір көлемдегі рентген суреттерін ЖИ арқылы талдау қызметін ұсынуды жөн көрдік. Қазір біздің өнім Қазақстандағы 50-ге жуық клиника мен диагностикалық орталықта қолданылады. 20 рентген суретін өңдеу құны – 200 доллар. Ал шетелде мұндай қызмет бірнеше есе қымбат», – деді Асылзат Исатай.

«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова Халықаралық валюта қорының зерттеулері бойынша, ЖИ жақын арада әлемді түбегейлі өзгертетінін атап өтті.

« Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, ЖИ-ді енгізу 192 миллион жаңа жұмыс орнын ашады, ал 92 миллион мамандық жойылады. Кейбір кәсіптерге деген сұраныс мүлдем жоғалады. Мұның нақты мысалы – жүргізушісіз такси мен курьерсіз жеткізу қызметтері. Алдағы жылдары еңбек нарығы күрт өзгеріп, соңғы жүз жылда болмаған трансформацияны бастан кешіреді. Сондықтан жаңа технологияларды меңгеру – уақыт талабы», – деді Ляззат Ибрагимова.

Жаңа технологиялардағы әйелдер үлесі

2025 жылдың ақпан айында Астанада әйелдерге арналған ЖИ саласындағы «Қабілеттерді дамыту жылдамдығы» атты оқыту бағдарламасы өтті. Бұл бастаманы Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) даму секторы Ernst & Young (EY) компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Бағдарлама әсіресе маргиналды және әлеуметтік осал топтағы әйелдерге арналып, оларды жасанды интеллект, үлкен деректер, машиналық оқыту, кодтау, деректерді өңдеу және этика мәселелерімен таныстыруды көздейді. Болашақта қатысушылар ЖИ-ді түрлі салаларда қолдану жолдарын меңгеріп, мансаптық мүмкіндіктерін кеңейте алады. Алдағы екі жылда бұл оқыту бағдарламасы 12 елде өтеді. Бірінші кезеңге (2024–2025 жж.) Үндістан, Иордания, Қазақстан, Кения, Мальта және Парагвай таңдап алынды. Бағдарлама аясында мыңдаған әйел жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, кәсіби қолдау алады.

Жасанды интеллект дәуірі: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер және олардың цифрлық индустриядағы рөлі

Қазақстандағы жасанды интеллект тұжырымдамасы

Қазір елімізде 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл құжат Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен бекітілген. Қазақстандағы ЖИ-ді дамыту қауымдастығының вице-президенті Анар Төлеубаеваның айтуынша, 2023 жылы еліміз бұл салада әлемдік рейтингте 72-орында тұрған. Оның негізгі себебі – жасанды интеллектті дамытуға арналған нақты стратегияның болмауы. Ал жаңа тұжырымдама бекітілгеннен кейін Қазақстан бір саты жоғары көтерілді.

Алайда бұл құжатта IT саласындағы әйелдерді қолдау туралы ештеңе айтылмаған. Сондықтан ЖИ-ді тұрақты дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат еткен қауымдастық осы жылы Мәжіліске енгізілген «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын әзірлеуге белсенді қатысқан. Бұл заң арқылы қауымдастық әйелдердің құқықтарын қорғауды және үлкен тілдік модельдерді (LLM – жасанды интеллект негізіндегі жүйе) әзірлеу мен оқыту үдерісінде гендерлік теңдік қағидаларын сақтауды көздейді.

P.S.: 2025 жылдың 3 наурызында Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы таныстырылды. Оның басты мақсаты – Қазақстан экономикасында жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін ашық әрі түсінікті құқықтық негіз қалыптастыру. Құжат 7 бөлім мен 27 баптан тұрады және ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Негізгі қағидаттары – ашықтық пен түсініктілік, адамның әл-ауқатын технологиядан жоғары қою, деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуы.

Инна Чикурова

Сурет: Digital Almaty