Қазақстанда жасанды интеллектінің (ЖИ) дамуына байланысты ондаған жаңа мамандықтар пайда болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі LS басылымына жаңа технологиялардың жалақы деңгейіне қалай әсер ететіні жөнінде түсінік берді.
Ведомство Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауына сілтеме жасады. Аталған болжамға сәйкес, жасанды интеллект әлем бойынша 170 миллионға дейін жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, жаһандық жұмыс күшінің жартысына жуығын ауқымды қайта даярлаудан өткізу қажеттілігі туындайды. Тізімде көшбасшы мамандықтар ретінде жасанды интеллект және машиналық оқыту саласының мамандары аталады. Сондай-ақ деректер талдаушылары мен ақпараттық қауіпсіздік мамандары да үздік бағыттардың қатарында.
Қазақстанда 2035 жылға қарай 33 жаңа мамандықтың пайда болуы күтілуде. Бұл шамамен 80 мың адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Министрлік қазірдің өзінде жасанды интеллект саласындағы мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, елде ML-инженерлер, Data Scientist мамандары, роботтандырылған процестерді автоматтандыру (RPA) әзірлеушілері, AI Trainer және өзге де жаңа буын мамандықтары қалыптасып үлгерген.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі кезеңде бұл өзгерістер негізінен IT саласында айқын байқалғанымен, алдағы жылдары ол басқа экономикалық секторларға да кеңінен таралады.
«Цифрландыру мен жасанды интеллекттің әртүрлі салалармен тоғысуынан жаңа кәсіптер пайда болады. Мәселен, компьютерлік көру инженері, цифрлық мұнай кен орнының инженері, білім беру саласындағы AI-маман, медициналық деректерді талдайтын AI-аналитик, геоақпараттық AI-талдаушы, құрылыс жобаларындағы BIM/AI-менеджер, агротехнология мамандары және тағы басқа көптеген бағыттар қалыптасады», – деп түсіндірді Еңбек министрлігінде.
Жұмыссыз қалу қаупі бар ма?
Министрліктің мәліметінше, жасанды интеллектінің енгізілуіне байланысты жүйелі түрде жаппай жұмыссыздықтың өсуі күтілмейді.
Ведомствоның түсіндіруінше, еңбек нарығындағы жұмыс күшінің ең үлкен бөлігі – 4,8 млн адам (52%) — жасанды интеллект әсеріне айтарлықтай ұшырамайтын топқа жатады.
Тағы 4 млн маман (44%) өз міндеттерін жаңа цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып орындайтын болады.
Сонымен қатар, аталған топтар бойынша жұмыспен қамтылғандар санының артуы да күтіледі.
Жалпы алғанда, 2035 жылға қарай Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандар саны қазіргі шамамен 9,2 млн адамнан 10,7 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл шамамен 1,5 млн жаңа жұмыс орны пайда болады деген сөз.
Министрлік өкілдері негізгі қауіп жұмыс орындарының қысқаруында емес, керісінше, жұмысшылардың дағдылары жаңа еңбек нарығы талаптарына сай келмеуінде екенін атап өтті. Яғни кейбір мамандар жаңа технологияларға бейімделуде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Министрліктің хабарлауынша, ең осал санат — 15–24 жас аралығындағы жастар. Бұл топтың 24%-ы тәуекел аймағында, олар көбіне бастапқы, төмен білікті қызметтерде жұмыс істейді.
Жасанды интеллектінің жоғары ықпалына ұшырайтын мамандықтар тобының ішінде 24 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20%-ды құрайды.
Тәуекелдерді азайту мақсатында жастарға арналған қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Олардың қатарында қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары бар. Министрлік бұл шаралар еңбек нарығының өзгермелі талаптарына жылдам бейімделуге және сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік береді деп есептейді.
Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындары кеңейтіледі. Соның ішінде жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және мамандықта орнығуға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» бағдарламасы да бар.
Әлемдік деңгейде
Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) Польша ұлттық зерттеу институты NASK-пен бірлесіп жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, 106 мамандық бойынша шамамен 1,1 миллион жұмыс орны (жалпы 9 миллионнан астам жұмыспен қамтылғандардың 12%-ы) жасанды интеллекттің жоғары және айтарлықтай ықпалына ұшырайды.
Ең көп әсерге ұшырайтын салалар — әкімшілік қызметкерлер мен кәсіби мамандар. Олардың қатарына кеңсе қызметкерлері, қаржылық талдаушылар, жарнама және маркетинг мамандары, сату саласының қызметкерлері, іс жүргізушілер, мәтін терушілер мен өңдеушілер, деректер енгізушілер, корректура жасаушылар және өзге де ұқсас мамандықтар кіреді.
Министрлік жасанды интеллект адамның орнын толық баспайтынын, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбек өнімділігін арттыратынын атап өтті. Күнделікті қайталанатын және күрделі емес ой еңбегі цифрлық жүйелерге жүктеледі. Ал адамның рөлі күрделі талдау жасауға, деректерді түсіндіруге және шешім қабылдауға қарай ығысады.
Ведомство технологиялық прогресс әрдайым еңбек құрылымын өзгертетінін еске салды. Дегенмен соңғы онжылдықтарда толық жойылған мамандықтар саны өте аз болған. Олардың қатарында газ шамдарын жағатын шамшырақшылар мен қолмен басқарылатын лифт машинистері бар.
«Соған қарамастан жасанды интеллекттің дамуы, роботтандыру және заттар интернеті (IoT) әсерінен call-орталық операторлары, есептегіштерді бақылаушылар, инкассатор- жүргізушілер, курьерлер, жүргізушілер сияқты мамандықтарға сұраныс төмендеуі мүмкін. Дегенмен осы үрдістердің әсерімен жаңа қызмет түрлері пайда болып, жаңа жұмыс орындары құрылады», – деп түйіндеді министрлік.
Бекзада ИШЕКЕНОВА
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқи аласыздар.












