Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төленетін салыққа бақылау жүргізіледі

Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төленетін салыққа бақылау жүргізіледі

7

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық майнинг саласында қызмет атқаратын салық төлеушілерге цифрлық майнинг үшін төленетін төлем бойынша салық міндеттемелерін уақтылы әрі толық орындау қажеттігін еске салады.

Салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Комитет тоқсан сайын камералдық бақылау жүргізеді. Оның негізгі міндеті цифрлық майнинг үшін төленетін төлемнің төмендетіліп көрсетілу фактілерін анықтау болып табылады.

Қазіргі уақытта Комитет 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша камералдық бақылау жүргізіп жатыр. Бақылау барысында салық есептілігінде көрсетілген мәліметтер электрондық шот-фактуралардағы деректермен салыстырылады.

Егер цифрлық майнинг үшін төленетін төлем сомасының төмендетіліп көрсетілгенін көрсететін сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушілерге камералдық бақылау нәтижелері бойынша тиісті хабарламалар жіберіледі.

Осыған байланысты Комитет салық төлеушілерге цифрлық майнингпен айналысу кезінде пайдаланылған электр энергиясының көлемі салық есептілігінде толық көрсетілгенін, тиісті төлем мөлшерлемесінің дұрыс қолданылғанын және есептіліктегі мәліметтердің шынайылығын алдын ала тексеруді ұсынады.

Егер қандай да бір сәйкессіздік анықталса, салық төлеушілерге оны уақтылы жою үшін тиісті салық есептілігін тапсырып, салық міндеттемелерін белгіленген тәртіппен орындау ұсынылады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.