Егістік алқаптарындағы ауруға шалдыққан өсімдіктерді анықтау, зақымданған жерлерді белгілеу және оларды өңдеуге қажетті препараттарды таңдау. Baitursynuly University студенттері осы міндеттерді орындайтын жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Жүйе ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін фотосуреттер арқылы талдайды. Жоба туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Сапалы Қазақстан» порталы хабарлады.
Жобаны «Ақпараттық технологиялар және робототехника» білім беру бағдарламасының төртінші курс студенттері Данил Руш пен Жангир Сатмырза әзірлеген. Олар өз жобасын AI-Sana көрмесінде таныстырды. Көрмеде университет білім беру, мәдениет және агроөнеркәсіп кешені салаларына арналған студенттердің бес жобасын ұсынды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүйе өсімдік ауруларының алғашқы белгілерін ерте анықтауға арналған. Ол үшін егістік алқаптарында тікелей түсірілген немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен алынған суреттер пайдаланылады. Дрондар үлкен аумақтарды тексеріп, егістіктің жай-күйі туралы мәліметтерді қысқа уақытта жинауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект моделі суреттерді талдап, ауруларға тән белгілерді таниды және қосымша назар аударуды қажет ететін алқаптарды анықтайды. Жүйенің мүмкіндігі ауруды анықтаумен ғана шектелмейді. Ол өсімдіктерді емдеу жолдарын ұсынуға, қажетті препараттарды таңдауға және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізушілерді іздеуге де көмектеседі.
Әзірлеушілер бұл технология, әсіресе, егістік алқаптары кең шаруашылықтарға пайдалы болады деп есептейді. Егістіктің барлық аумағын бірдей өңдеудің орнына, аграрийлер ауру тараған немесе зақымданған жерлерге басымдық бере алады. Бұл препараттарды тиімді жұмсауға және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта мұндай жүйелерді қолдану өнім шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












