Home Робот пен дрондар,ЖИ OpenAI ChatGPT-ке арналған жаңа жад жүйесі – Dreaming V3-ті таныстырды

OpenAI ChatGPT-ке арналған жаңа жад жүйесі – Dreaming V3-ті таныстырды

12

Маусым айының басында OpenAI компаниясы ChatGPT-ке арналған жаңа жад жүйесі – Dreaming V3-ті таныстырды. Енді чат-бот қолданушы тарапынан арнайы пәрмен берілмесе де, бұрынғы әңгімелерді фондық режимде өздігінен талдап, пайдаланушының өзекті бейінін қалыптастырады және оны уақыт өте жаңартып отырады. Қазіргі уақытта бұл жаңарту АҚШ-тағы Plus және Pro жазылым иелеріне қолжетімді. Digital Business басылымының мәліметінше, алдағы апталарда жүйе қолдау көрсетілетін барлық елдердегі пайдаланушыларға кезең-кезеңімен ұсынылады.

ChatGPT-тің бұған дейінгі жад жүйесі 2024 жылдың сәуірінде іске қосылған болатын. Ол қарапайым қағидаға негізделді, яғни қолданушы «мұны есте сақта» деп нақты тапсырма берген жағдайда ғана чат-бот тиісті мәліметті жадында сақтайтын. Алайда уақыт өте келе мұндай жазбалар ескіріп, өзектілігін жоғалтатын. Мысалы, пайдаланушы бір кезде шілде айында Сингапурға баратынын айтса, ChatGPT бірнеше ай өткеннен кейін де оны сол елде жүр деп қабылдауы мүмкін еді.

Dreaming V3 бұл мәселені өзгеше тәсілмен шешеді. Жүйенің фондық механизмі чаттардың бүкіл тарихын үздіксіз талдап, олардан пайдаланушы туралы біртұтас түсінік қалыптастырады әрі ақпараттың ескіруіне қарай оны автоматты түрде жаңартып отырады. Мәселен, «пайдаланушы шілде айында Сингапурға барады» деген мәлімет уақыт өте келе «шілде айында Сингапурға барып келді» деген сипатқа ауысады. Соның нәтижесінде кейінгі ұсыныстар қайтадан қолданушының тұрақты тұратын қаласы мен уақыт белдеуіне сәйкес беріледі.

OpenAI компаниясы жад жүйесінің сапасын үш негізгі көрсеткіш арқылы бағалайды. Олар – контексті әртүрлі чаттар арасында сақтап, тиімді пайдалану қабілеті, қолданушының жеке қалауына бейімделуі және ақпараттың уақыт өте өзектілігін жоғалтпау деңгейі. Компанияның мәлімдеуінше, Dreaming V3 алдыңғы жүйемен салыстырғанда осы үш бағыттың бәрінде айтарлықтай артықшылыққа ие.

OpenAI ұсынған деректерге сәйкес, пайдаланушының жеке қалауына бейімделу дәлдігі 2024 жылғы 31 пайыздан 2026 жылы 71 пайызға дейін өскен. Ал жадтың уақыт өте өзектілігін сақтау көрсеткіші 9 пайыздан 75 пайызға дейін артқан.

Есептеу шығындарының шамамен бес есе қысқаруы OpenAI-ге Dreaming V3 жүйесін тегін аккаунттарға да енгізуге мүмкіндік берді. Алдағы апталарда бұл технология Go тарифін пайдаланушылар мен тегін жоспардағы қолданушыларға, сондай-ақ компания ресми түрде қолдау көрсететін барлық елдерде қолжетімді болады. Сонымен қатар Plus және Pro жазылым иелері үшін жад көлемі де ұлғайтылады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқи аласыздар.