Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Жаңа жаз – жаңа қауіп-қатер

Жаңа жаз – жаңа қауіп-қатер

10

Жазғы демалыс басталған сәт – балалар үшін еркіндік пен қызыққа толы кезең болғанымен, ата-аналар үшін алаң күшейетін уақыт. Әсіресе, жасөспірімдердің ұзақ уақытын интернетте өткізуі үй ішіндегі қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды өткір қоя түседі.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі онлайн-грумингке байланысты қауіптің артуына орай ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға арнайы ескерту жасады. Ведомствоның мәліметінше, киберқылмыскерлер балалардың сеніміне кіру үшін интернет кеңістігінде түрлі айла-тәсілдерді қолданады.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе әртүрлі интернет алаңдарында қарапайым таныстықтан басталады.

Қаскөй өзін жасөспірім ретінде таныстырып, әуелгіде сенім тудыратын бейкүнә әңгіме өрбітуі мүмкін. Бастапқыда бұл байланыс достық сипатта болып, күдік тудырмайды.

Уақыт өте келе ол баланың күнделікті сөйлесетін адамына айналып, тұрақты байланыс орнатады, ерекше ықылас танытып, оның көңіл күйіне, жеке өміріне, ішкі ойлары мен мәселелеріне терең бойлай бастайды.

Кейін әңгіме біртіндеп жеке сипатқа ауысады: баланың күн тәртібі, тұратын жері, айналасындағы ортасы, достары туралы мәліметтерді білуге ұмтылады. Одан соң фото немесе видео сұрау, әңгімені барынша құпия әрі жеке арнаға көшіруге итермелеу жиілейді.

Мұндай жағдайда қаскөй көбіне баланы сендіруге тырысып, бұл әрекеттердің қалыпты екенін алға тартады, әрі хат алмасуды ешкімге айтпауға көндіруі немесе психологиялық қысым көрсетуі мүмкін.

Министрлік атап өтеді: онлайн-грумер – интернет арқылы кәмелетке толмағанмен әдейі байланыс орнатып, сеніміне кіріп, кейін зиян келтіруді көздейтін ересек адам.

Онлайн қауіптен қорғану жолдары:

· интернетте бейтаныс адамдармен байланыс орнатпау;
· үй мекенжайы, телефон нөмірі, оқу орны сияқты жеке деректерді жарияламау;
· бейтаныс адамдарға фото мен видео жібермеу;
· әңгіме интимдік сипатқа ауысса немесе құпия сақтауды талап етсе, байланысты бірден тоқтату;
· күдікті аккаунттарды бұғаттау;
· кез келген күмәнді жағдай туралы ата-анаға дереу хабарлау.

Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалармен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде талқылап отыруды және олардың желідегі белсенділігіне мұқият назар аударуды ұсынады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқи аласыздар.