Осы аптада Қазақстанда криптовалюта, робот техникасы және жүргізушісіз көліктер туралы қатар сөз болды. Алматы қаласында болашақта роботакси қызметін іске қосу үшін көшелерді картаға түсіру жұмыстары басталса, шаһарда құны 440 миллион доллар болатын робот өндіретін кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Ал цифрлық активтер нарығы өсімін жалғастырып, жасанды интеллект жекелеген технологиялық жобалардан мемлекеттік қызметтер мен күнделікті қолданыстағы ноутбуктерге дейін еніп келеді. Шетелде де бұрын ғылыми-фантастикалық фильмдерде ғана кездесетін шешімдер пайда болуда. Соның бірі – істен шыққан гуманоид роботтарға техникалық көмек көрсететін жылжымалы қызмет.

Қазақстан Web3 саласының даму белсенділігі бойынша 130 елдің ішінде әлемдік үздік ондыққа енді. Соңғы жылдары елімізде цифрлық активтердің реттелетін нарығы қалыптасып, сауда айналымы 2023 жылғы 320 миллион доллардан 2025 жылы 10,58 миллиард долларға дейін өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында транзакциялар көлемі 5,5 миллиард долларға жетті. Осы кезеңде реттелетін криптонарықтағы клиенттер саны 53 мыңнан 270 мың адамға дейін артты. Қазіргі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығында цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін 35 провайдер жұмыс істейді. Олардың қатарында 11 биржа, инвестициялық қызмет ұсынатын 16 ұйым және сегіз төлем ұйымы бар. Сонымен қатар нарық төңірегінде Web3 ортасы да дамып келеді. Solana экожүйесі аясында 8 мыңнан астам адам білім алып, Қазақстанның 57 стартапы жалпы сомасы 121 миллион теңге болатын грант иеленді. Халықаралық хакатондарға өтінім беру саны бойынша да Қазақстан үздік он елдің қатарына қосылды.

Цифрлық инфрақұрылымның дамуы қаржы саласымен ғана шектелмейді. Қазір әлемдегі компаниялар нақты нысандардың, үдерістердің немесе тұтас жүйелердің виртуалды көшірмесі саналатын цифрлық егіздерді жиі қолдана бастады. Бұл технология өндіріс үдерістерін, логистиканы және сұраныстың ықтимал өзгерістерін нақты ортаға өзгеріс енгізбей тұрып модельдеуге мүмкіндік береді. Генеративті жасанды интеллект синтетикалық деректерді қалыптастыру арқылы цифрлық егіздердің мүмкіндігін кеңейтсе, болжамдық модельдер ықтимал даму сценарийлерін бағалауға көмектеседі. Мәселен, Mars компаниясы Accenture ұйымымен бірлесіп, өндірістегі осал тұстар мен өнім сапасына қатысты мәселелерді анықтау үшін тауарлары мен өндірістік нысандарының цифрлық егіздерін пайдаланған. Ал UPS жеткізу желісінің цифрлық егізін дамытып жатыр. Компания сәлемдемелердің қозғалысын бақылау және бағыттарды түзету үшін заттар интернеті сенсорлары мен жасанды интеллект көмегімен жиналған деректерді біріктіреді. Мұндай жүйелерді кең көлемде енгізу үшін жеткізу тізбегіне қатысатын әртүрлі ұйымдардың деректері өзара үйлесімді болуы да қажет.

Жаңа технологияларды қалалық ортада қолданудың нақты мысалдары да пайда болуда. Алматыда автономды көліктерді сынаудың келесі кезеңіне қажетті қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасау үшін жол инфрақұрылымы туралы деректер жинала бастады. Арнайы көліктер камералар, лидарлар мен қосымша сенсорлардың көмегімен жол белгілерін, бағдаршамдарды, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қиылыстарды және басқа да нысандарды тіркейді. Жиналған ақпарат көшелердің егжей-тегжейлі цифрлық моделін жасауға негіз болады. Қазіргі кезеңде көліктер тек қаланы картаға түсірумен айналысады, жолаушыларды жүргізушісіз тасымалдап жатқан жоқ. Кейін бұл карта автономды көліктерге жолдағы өз орнын дәл анықтап, оны нақты уақыт режиміндегі жағдаймен салыстыруға көмектесуі тиіс.

Сонымен қатар Қазақстан робот техникасын өндіруге арналған отандық өндірістік базаны қалыптастыруға кірісті. Алматыда қытайлық UBTECH Robotics компаниясымен бірлесіп робот өндірісін жергіліктендіру жоспарланып отыр. Жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 440 миллион доллар инвестиция салынбақ. Қазірдің өзінде ауданы 25 мың шаршы метрге жуық өндірістік орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде роботтарды білім беру ұйымдарына жеткізу көзделген. 2026 жылдың соңына дейін шамамен 30 мектепті, ал 2027 жылы тағы 200-ден астам мектепті роботтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Білім беру бағыты бойынша өндіріс қуаты жылына 50 мың жинаққа дейін жетеді. 2027 жылдың екінші тоқсанынан бастап компания жылына шамамен 1 мың сервистік және гуманоид робот шығаруды көздейді. Алғашқы үлгілерді білім беру, қызмет көрсету, логистика және өндіріс салаларында пайдалану жоспарланған.

Қазақстан роботтарды қолдану аясын кеңейтуге дайындалып жатқанда, Жапонияда оларды жөндеуге арналған жеке инфрақұрылым қалыптаса бастады. GMO Internet Group технологиялық тобы гуманоид-роботтарға техникалық көмек көрсететін жылжымалы қызметін таныстырды. Арнайы жабдықталған фургон істен шыққан робот орналасқан жерге инженерлерді, қажетті құралдарды, қосалқы бөлшектерді және резервтік роботты жеткізеді.Егер ақауды оқиға орнында жөндеу мүмкін болмаса, бұзылған робот сервистік орталыққа жеткізіледі де, орнына клиентке уақытша басқа робот беріледі.Қазіргі уақытта компания қарамағында осындай бір арнайы көлік бар. Дегенмен, сұраныс артқан жағдайда олардың санын көбейту жоспарланып отыр.Жаңа қызмет роботтар күнделікті бизнес-үдерістердің ажырамас бөлігіне айналып, олардың істен шығуы өндірістік немесе қызмет көрсету процестеріне тікелей әсер ететін жағдайларға арналған.

Осы аптадағы тағы бір қазақстандық жоба күнделікті өмірде бірден байқала бермейтін технологияға қатысты. Ұлттық экономика министрлігі бизнеске қойылатын міндетті талаптарды түсіндіруге арналған жасанды интеллект негізіндегі навигатордың пилоттық нұсқасын таныстырды. Жүйе нормативтік құқықтық актілердің үлкен көлемін саралап, кәсіпкерге өз қызметіне қандай ережелердің қатысы барын, қандай рұқсат құжаттары қажет екенін, талаптарды қай мерзімге дейін орындау керектігін және олардың сақталуын қай орган қадағалайтынын көрсетуі тиіс. Ол үшін кәсіпкерге қызмет түрін Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ЭҚЖЖ) сәйкес көрсету, бизнес-сәйкестендіру нөмірін (БСН), саланы немесе тиісті қызмет сценарийін енгізу жеткілікті. Деректер өңделгеннен кейін жүйе қажетті талаптар мен eGov.kz және eLicense.kz порталдарына сілтемелер қамтылған жеке мәліметтер жиынтығын қалыптастырады. Дегенмен түпкілікті шешімді адам қабылдайды. Әр талапты уәкілетті мемлекеттік орган тексеріп, растауы қажет.

Цифрлық өзгерістер отандық өнімдерді есепке алу жүйесіне де әсер етіп жатыр. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің ақпараттық жүйесінде өнімдерді Ұлттық тауарлар каталогымен байланыстыру енгізілуде. Енді өндірушілер өнімді тізілімге қосқан кезде каталогтан оған сәйкес келетін тауар түрін таңдауы тиіс. Каталогтағы әрбір тауарға бірегей NTIN коды беріледі.Бұл тәсіл өнім туралы мәліметтерді біріздендіріп, атаулардың қайталануын азайтуға және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тауарларды ортақ тәртіппен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.Өндірушілерге өз өнімдерінің Ұлттық тауарлар каталогында бар-жоғын алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда тегін тіркеуден өту ұсынылады. Алдағы уақытта бұл бірыңғай сәйкестендіру кодын тізілімді мемлекеттік сатып алу және басқа да цифрлық жүйелермен біріктіру кезінде пайдалану жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект пайдаланушы құрылғыларында да күнделікті жұмыс үдерісінің бір бөлігіне айналып келеді. ASUS компаниясы жаңа Zenbook 14 UX3480KA ноутбугін таныстырып, оның ықшамдылығы мен құрылғының өзінде деректерді өңдеу мүмкіндігіне басымдық берген. Ноутбук 16:10 арақатынасы бар 14 дюймдік OLED экранымен жабдықталған. Құрылғы корпусының қалыңдығы – 13,9 миллиметр, салмағы – 1,2 килограмм. Оның құрамында AMD Ryzen AI 7 345 процессоры және өнімділігі 50 TOPS-қа дейін жететін жеке нейропроцессор бар. Соңғысы қолдау көрсетілетін жасанды интеллект тапсырмаларын тікелей ноутбуктің өзінде орындауға арналған. LPDDR5X жедел жадының 16 және 24 ГБ нұсқалары ұсынылады. Аккумулятор сыйымдылығы – 70 Вт·сағ. Құрылғыда екі USB-C, бір USB-A, HDMI және аудио ұясы бар. Алайда жедел жады аналық тақшаға дәнекерленгендіктен, оның көлемін сатып алу кезінде бірден таңдау қажет.
Осылайша, бір аптаның ішінде криптовалюта мен цифрлық карталардан бастап, өздеріне жеке жөндеу қызметі қажет роботтарға дейінгі түрлі технологиялық жаңалықтар бір арнаға тоғысты. Жаңа шешімдер оқшау технологиялық тәжірибе шеңберінен шығып, инфрақұрылымның, бизнестің және күнделікті қолданатын құрылғылардың бір бөлігіне айналып келеді. Жаңа технологиялардың мүмкіндігін ғана емес, олардың өмірімізге қаншалықты жылдам еніп жатқанын да бақылау қызық. Бізбен бірге болыңыз!
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












