Алматыда қаланың дәлдігі жоғары цифрлық картасын әзірлеу үшін жол инфрақұрылымына қатысты деректер жинау басталды. Мұндай карта автономды көлікті сынақтан өткізудің келесі кезеңіне қажет. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жол бойымен қозғалған кезде көліктер жол таңбаларын, бағдаршамдарды, жол белгілерін, қиылыстарды және жол инфрақұрылымының басқа да элементтерін тіркейді. Ол үшін бейнекамералар, лидарлар және өзге де сенсорлар қолданылады. Жиналған деректер негізінде Алматы көшелерінің егжей-тегжейлі цифрлық моделі жасалады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллектінің нақты қолданысқа еніп, қалыптасқан салалар мен күнделікті өмірге өзгеріс әкелуі маңызды. Оның пікірінше, автономды көлік осы технологиялық өзгерістің айқын мысалдарының бірі.
Оның айтуынша, автономды көліктерді қалалық орта жағдайында сынақтан өткізуге қажетті нормативтік талаптар қалыптастырылған. Ендігі міндет – тиісті технологиялық инфрақұрылымды әзірлеу. Алматының дәлдігі жоғары цифрлық картасын жасау осы жұмыстардың бір бөлігі саналады.
Жаслан Мәдиев Қазақстанда жаңа технологиялардың дамуына мүмкіндік бере отырып, оларды қолданысқа енгізудің басты шарты – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты автономды көлік технологиясы бірден жаппай қолданысқа енгізілмей, кезең-кезеңімен сынақтан өткізу, нақты жағдайлардағы жұмысын талдау және қолданыстағы реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы дамытылады.
Әкімдік мәліметінше, дәлдігі жоғары цифрлық карта автономды көлікке өзінің нақты орналасқан жерін және жолдың белгілі бір бөлігінің құрылымын анықтауға мүмкіндік береді. Көлік қозғалысы кезінде жүйе айналадағы жағдайды нақты уақыт режимінде қосымша талдап отырады.
Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Сабит Нұрқанат қаланың еліміздегі ең ірі мегаполис әрі көлік инфрақұрылымы күрделі және алуан түрлі ортаның бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, қала үшін жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеп, оларды қауіпсіз түрде енгізуге қажетті жағдай қалыптастыру маңызды. Картографиялық деректер жинайтын көліктердің қала көшелеріне шығуы қалалық ортаның ерекшеліктерін бағалап, жобаның келесі кезеңдеріне қажетті технологиялық негізді дайындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл кезеңде көліктердің негізгі міндеті қаланың жол желісі туралы деректер жинаумен шектеледі. Олар әзірге автономды режимде жолаушылар тасымалдамайды.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












