Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында Қазақстан өңірлерінің цифрлық әлеуетін арттыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект шешімдерін енгізу және өңірлік деңгейде тұрақты технологиялық экожүйелерді қалыптастыру бағыттары кеңінен талқыланды.
Талқылау барысында қатысушылар жекелеген цифрландыру бастамаларынан жүйелі даму үлгісіне көшу қажеттігін атап өтті. Бұл үлгіде деректер қоры, өңірлік IT-хабтар және білікті маман даярлау негізгі тірекке айналмақ. Ерекше назар жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін деректер қорларын қалыптастыруға аударылды. Мұндай инфрақұрылым қалалық ортаны басқарудан бастап агроөнеркәсіп кешенін дамытуға дейінгі салаларды қамтиды.
Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-министрі Дмитрий Мун өз сөзінде өңірлерде интеллектуалды жүйелерді енгізу тек технологиялық жаңалық ретінде қарастырылмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – тиімділікті арттыру, қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және нақты экономикалық нәтиже беру. Бірыңғай цифрлық стандарттарды енгізу арқылы елдің кез келген ауыл тұрғыны мегаполис тұрғындарымен тең дәрежеде медицина, білім беру және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуі қажет. Цифрлық жайлылық әрбір қазақстандықтың өмір сапасының негізгі көрсеткішіне айналуға тиіс.
Орталық алаңдағы нәтижелер бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін көрсетеді. Google және Microsoft компанияларының инвестициялары тартылып, 30 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қатысушылардың жиынтық табысы 67 есеге өсіп, 2,5 триллион теңгеге жеткен. Астанада сыннан өткен салықтық ынталандыру тетіктері өңірлік хабтарға дайын даму моделін ұсынуда. Бұл тәжірибені кеңейту IT-индустрияны орталықтандырудан арылтып, өңірлік бизнеске де қарқынды өсуге мүмкіндік береді.
Экожүйені дамыту тұтас тізбекті қамтитын тәсілге негізделген. Startup School мен Startup Orda бағдарламаларынан бастап халықаралық үдету бағдарламаларына дейінгі кезеңдер өзара сабақтастықта іске асырылуда. Google for Startups, Hero Training және AlchemistX ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылатын Silkway Accelerator жобасы стартаптарға инвестиция тартуға, инфрақұрылымға қол жеткізуге және АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай нарықтарына шығуға жол ашады. CITIX пен Arlan Biotech жобалары Қазақстанның өңірлер арасындағы технологиялық көпір ретіндегі әлеуетін айқындайтын табысты мысалдар ретінде аталды.
Alem.ai Foundation бас директоры Адина Мағавина өз баяндамасында кадр даярлау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық трансформацияның табысты болуы ең алдымен сапалы адами капиталға байланысты. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан TUMO және Tomorrow School жобалары жасанды интеллект, бағдарламалау және креативті индустрия салаларында жаңа буын мамандарын қалыптастыруға негіз болады. Бұл бастамалар заманауи IT-білімге тегін қолжетімділікті қамтамасыз етуімен ерекшеленеді.
Астана қаласында alem.ai базасында іске қосылған TUMO орталығы халықаралық креативті технологиялар желісінің бір бөлігі болып табылады. Мұнда 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және цифрлық шығармашылық бағыттарында қосымша білім алады. Қазіргі уақытта орталыққа 2700-ден астам қатысушы тіркеліп, 1600-ден астам оқушы оқу бағдарламасына қабылданған. Жобалық қуаты жылына 5000 адамды қамтуға мүмкіндік береді. Бұл алаң алдағы уақытта өңірлерде осындай орталықтарды дамытуға негіз болатын пилоттық және операциялық хаб қызметін атқарады.
Ал Tomorrow School – Қазақстандағы бағдарламалау мен жасанды интеллектті оқытуға арналған жаңа үлгідегі білім беру жобасы. Мұнда дәстүрлі оқытушы моделі қолданылмайды, оның орнына қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасу арқылы нақты жобалар негізінде білім алады. Қазіргі таңда жоба ауқымын кеңейту кезеңіне өтіп, 17 облыс пен республикалық маңызы бар 2 қалада кампустар ашу жұмыстары жүргізілуде.Бұл үдеріс өңірлік жоғары оқу орындары мен жергілікті атқарушы органдармен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Талқылау барысында қатысушылар цифрлық шешімдерді нақты өмірде іске асырудың маңыздылығын да атап өтті. Әсіресе, қалалар мен ауылдық аумақтарда ақылды қала жүйелерін дамыту, агроөнеркәсіп саласына жасанды интеллект енгізу, аудан орталықтарында IT-инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағыттары өзекті екені айтылды.












