Home Кәсіби маман Қазақстанда ғылыми зертханалар мен жабдықтардың бірыңғай цифрлық базасы қалыптасты

Қазақстанда ғылыми зертханалар мен жабдықтардың бірыңғай цифрлық базасы қалыптасты

12

Қазақстанда ғылыми зертханалар мен зерттеу жабдықтары туралы деректер алғаш рет жүйелі түрде цифрландырылды. Бұл жұмыс Ұлттық инновациялық жүйенің Бірыңғай терезесі аясында жүзеге асырылып, ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтатын негізгі цифрлық құралдардың біріне айналып отыр.

Аталған экожүйенің маңызды құрамдас бөлігі – E-lab модулі. Бұл – елдегі зертханалар мен ғылыми жабдықтар туралы мәліметтерді бір жерге шоғырландыратын бірегей база. Жоба аясында зерттеу ұйымдарының технологиялық әлеуеті тұңғыш рет кешенді түрде цифрлық форматқа көшірілді.

Жаңа жүйе зертханалар мен қажетті құрал-жабдықтарды іздеуді жеңілдетуге, ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Енді пайдаланушылар нақты бағыт, техникалық сипаттама немесе өңір бойынша қажетті зертхананы оңай таба алады, өзекті әрі жүйеленген ақпаратқа қол жеткізіп, ғылыми ұйымдармен тікелей байланыс орнатады. Бұл ғылыми әзірлемелерді нақты экономика секторына енгізу үдерісін жеделдетеді.

Сонымен қатар ғылыми ұйымдар үшін бұл платформа өз инфрақұрылымын кең аудиторияға таныстыруға, жаңа серіктестер мен тапсырыс берушілер тартуға және зертханалардың жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, Бірыңғай терезенің дамуы ашық әрі тиімді технологиялық орта қалыптастырудағы маңызды қадам. Оның пікірінше, E-lab модулін енгізу елдің ғылыми әлеуетін жүйелі түрде цифрландыруға жол ашып, зертханалар мен заманауи жабдықтарға қолжетімділікті едәуір арттырады. Сондай-ақ цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдары ғылыми идеялардың өндірістік деңгейге дейін жетуін жеделдетуге ықпал етеді.

Қазіргі уақытта Ұлттық инновациялық жүйенің Бірыңғай терезесі екі мыңнан астам IT-компания мен тоғыз жүзге жуық ғылыми ұйымды біріктіріп отыр. База кәсіби қауымдастықтың қатысуымен тұрақты түрде толықтырылуда.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ғылыми және технологиялық ұйымдарды платформаға тіркеліп, өз деректерін жаңартуға шақырады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйеге бірігу ғылыми ресурстардың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, ашық әрі бәсекелі инновациялық орта қалыптастыруға негіз болады. Ал болашақта жобаларды бақылау мен қолдау үдерістері жасанды интеллект мүмкіндіктерімен одан әрі жетілдіріледі.