АҚШ-тағы Корнелл университетінің оқытушысы студенттердің жасанды интеллект құралдарын шамадан тыс пайдалануына тосқауыл қою үшін дәстүрлі әдіске жүгінді. Ол аудиторияға қайтадан жазу машинкаларын енгізіп, оқу үдерісінде оларды пайдалануды міндеттеді. Бұл туралы шетелдік басылымдарға сілтеме жасай отырып, Liter.kz хабарлады.
Неміс тілі пәнінің оқытушысы Грит Маттиас Фелпс бұл тәжірибені 2023 жылы бастаған. Оның айтуынша, соңғы уақытта студенттердің жазба жұмыстары жасанды интеллект жүйелері мен онлайн-аударма құралдарының көмегімен өңделіп, бастапқы авторлық сипатын жоғалта бастаған. Соның салдарынан оқытушы үшін студенттің нақты тілдік деңгейін әділ бағалау күрделенген.
Оқытушы студенттеріне мәтіннің мінсіздігі емес, оның авторлық табиғаты маңызды екенін түсіндірген. Оның пікірінше, дайын әрі қателіксіз мәтіннің артында студенттің өз еңбегі көрінбесе, мұндай жұмыстың академиялық құндылығы төмендейді.
Осыған байланысты ол жазу машинкаларын сатып алып, аудиторияға орнатқан. Жаңа талапқа сәйкес, әр студент семестр ішінде кемінде бір эссені компьютерсіз және интернетсіз, тек жазу машинкасының көмегімен жазуы тиіс.
Алғашында бұл бастама студенттер арасында түсінбеушілік тудырған. Олардың көпшілігі жазу машинкасын бұрын қолданып көрмеген, тіпті қағазды қалай орналастыру керегін де білмеген.
Уақыт өте келе көзқарас өзгере бастады. Студенттер мұндай тәсілдің зейінді шоғырландыруға көмектесетінін атап өтті. Электронды құрылғылардағыдай алаңдататын хабарламалар жоқ, интернетке алаңдамайды, мәтінді бірден түзету мүмкіндігі де шектеулі. Бұл оларды ойды алдын ала жүйелеп, мәтінді саналы түрде құрастыруға итермелейді.
Сонымен қатар студенттер тапсырмаларды өзара талқылауға көбірек мән беріп, жазар алдында мазмұнды тереңірек ойластыруға дағдылана бастаған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәжірибе өзге университеттерде де қолданыс таба бастады. Негізгі мақсат – оқу мен бағалау үдерісінде жасанды интеллект құралдарының ықпалын шектеу және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау.
Аида Уразалина












