Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Денсаулық сақтау саласында дерекке негізделген бақылау жүйесі енгізілді

Денсаулық сақтау саласында дерекке негізделген бақылау жүйесі енгізілді

10

Денсаулық сақтау саласында цифрлық жаңғыру үдерісі жеделдеп келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – жаңғыртылған Денсаулық сақтау ресурстарын басқару жүйесінің іске қосылуы.

Денсаулық сақтау министрлігі енгізген бұл жүйе – медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, олардың біліктілік деңгейі, сондай-ақ өндірістік базалар мен медициналық техника туралы деректерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Жүйе саладағы ақпаратты бір орталыққа шоғырландырып, басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа шешім мемлекеттік бақылаудың заманауи үлгісін қалыптастырады. Ол үздіксіз мониторинг жүргізуге және ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтауға негізделген. Нәтижесінде бақылау тексерістері деректерге сүйенген жүйелі талдау арқылы жүзеге асады.

Қазіргі таңда жүйе 21 мыңнан астам медициналық ұйымды қамтып отыр. Олардың қатарында мемлекеттік те, жекеменшік сектор да бар. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілуі нәтижесінде деректердің нақтылығы мен сенімділігі қамтамасыз етілген.

Әрбір медициналық ұйым үшін арнайы цифрлық бейін қалыптастырылған. Онда лицензиялар, құрылымдық бөлімшелер, қызметкерлер құрамы, материалдық-техникалық база мен медициналық жабдықтар туралы толық мәліметтер қамтылған.

Жүйені жаңғыртудың басты нәтижесі – тексерудің бұрынғы реакциялық тәсілінен алдын ала әрекет ететін бақылау үлгісіне көшу. Енді заңбұзушылықтар деректерді талдау арқылы ерте кезеңде анықталады. Бұл өз кезегінде жоспардан тыс тексерістердің санын азайтып, медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені төмендетеді.

Кадрлық мониторинг бағыты бойынша жүйе медицина қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуын нақты уақыт режимінде сараптап, тәуекел көрсеткіштерін қалыптастырады.

Жүйе деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта мерзімі өткен сертификаттары бар алты мыңнан астам қызметкер анықталған. Олардың екі мыңнан астамы дәрігерлер, ал төрт мыңнан астамы орта буын медицина қызметкерлері. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі қалалық медициналық ұйымдарда тіркелген, олардың саны бес мыңнан асады. Ауылдық жерлерде мыңнан астам қызметкерге қатысты осындай мәселе анықталған.

Жүйе ұсынатын талдамалық мәліметтер басқарушылық шешімдер қабылдауда кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, кадр саясатын жоспарлау, қажетті мамандар санын айқындау және сұранысқа ие бағыттар бойынша білім беру гранттарын бөлу осы деректер негізінде жүзеге асады.

Цифрлық шешімдерді енгізу арқылы денсаулық сақтау жүйесінде ашықтық пен тиімділік артып, қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туып отыр.