Қарағандыдағы «Террикон алқабы» IT-хабында стартаптарды әртүрлі кезеңдерде қолдауға арналған тегін акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар басталады.
Кәсіпкерлерге екі бағыт ұсынылады:
- Акселератор
Бұл бағдарлама дайын өнімнің прототипі мен алғашқы клиенттері бар командаларға арналған. Үш ай ішінде қатысушылар бизнесін кеңейтуді, инвесторларға арналған презентация дайындауды, халықаралық нарықтарға шығуды және ірі келісімдер жасауды үйренеді.
- Инкубатор
Стартаптың бастапқы кезеңіне арналған. Бұл бағдарлама мақсатты аудиторияны анықтауға, ең аз жұмыс істейтін өнім (MVP) әзірлеуге, алғашқы клиенттерді табуға және даму мүмкіндігін қалыптастыруға көмектеседі.
Инкубациялық бағдарлама жобаны іске қосуға бағытталған. Қатысушылар нарық пен бәсекелестерді талдау құралдарын игеріп, мақсатты аудиториямен жұмыс істеу әдістерін үйренеді. Сондай-ақ, маркетингтік стратегия әзірлеу, бағдарламалау бойынша кодсыз құралдарды меңгеру және тұтынушы қажеттіліктерін зерттеу дағдылары ұсынылады.
Акселератор бағдарламасы аясында негізгі басымдық бизнес ауқымын кеңейтуге беріледі. Бағдарламаға Lean Startup әдісі, өнімдік экономика құру, сатылымдар мен маркетингтік коммуникациялар бойынша шеберлік сабақтары (воркшоптар) кіреді. Бағдарлама соңында қатысушылар дайындалған нарықтық стратегия, жақсартылған презентация және қателіктерді түзетуге мүмкіндік алады.
Екі бағдарлама да кәсіби жетекшілер мен шақырылған сарапшылардың кеңесі мен қолдауын ұсынады. Оқу бағдарламасы Демо-күнмен аяқталады, онда стартаптар өз жобаларын инвесторларға таныстырады.
Айта кететін жайт, бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеді. Мысалы, жылжымайтын мүлікті басқару шешімін әзірлеген Renda стартапы 7,5 млн теңге инвестиция тартты. Ал жасанды интеллект негізінде шешімдер әзірлеумен айналысатын 22AI жобасы 16 млн теңге, соның ішінде 6 млн теңге грант алды.