Анимацияның цифрлық индустриядағы рөліне арналған мақалалар топтамасын жалғастырып отырмыз. Бұған дейінгі материалдарымызда анимация жасауға арналған түрлі бағдарламалар туралы айтып өткенбіз. Қолмен салынған 2D-графикадан бастап, компьютерлік 3D-анимацияға дейінгі әдістердің әрқайсысы шығармашылық еркіндік пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай үдеріс бүгінде суретшілермен қатар бағдарламашылар үшін де шабыт пен кәсіби дамудың қуатты тетігіне айналып отыр.
Бүгінгі мақала— аниме мен батыстық анимацияның дизайнерлер жұмысына қалай ықпал ететіні туралы. Яғни дизайнерлер бұл өнерден қандай тәсілдерді үйрене алады және оларды өз жобаларында қалай қолдануға болады? Қолданба немесе сайт тек әдемі көрініп қана қоймай, көрерменде сезім тудырып, әсер қалдыруы үшін не істеу қажет?
Біз осы тақырып төңірегінде он жылға жуық тәжірибесі бар дизайнер Егор Кодамен сөйлестік. Ол анимациялық мәдениеттен ерекше шабыт алатынын айтып, анименің оның кәсіби ойлауына қалай ықпал ететінін, қандай көркемдік тәсілдерді өз жұмысында пайдаланатынын және бұл құбылыстың неге жай ғана әдемі суреттер жиынтығы емес екенін түсіндірді.

— Егор, анимеден интерфейс не графикалық дизайнға енгізгіңіз келетін қызықты тәсілдер бар ма?
— Әрине, бар. Анимеде тек көркемдік безендіру емес, эмоция мен қозғалысты жеткізетін ерекше визуалды шешімдер жиі кездеседі. Мысалы, асимметриялық композициялар, бос кеңістікті тиімді пайдалану, түстердің контрастын кейіпкердің күйін көрсету үшін қолдану сияқты тәсілдер ерекше әсер қалдырады.
Маған әсіресе жапон суретшілерінің жарық пен текстураны пайдалану шеберлігі ұнайды. Кейде тек бір-екі жарықтың ойнауы немесе ауада қалқып жүрген шаң бөлшегі арқылы тұтас атмосфера туады. Дәл осындай әдісті интерфейсте де қолдануға болады: пайдаланушы өніммен жай ғана әрекеттесіп қоймай, оның көңіл күйін сезінуі үшін.

— Жапон анимесі мен батыс анимациясының (мысалы, Arcane немесе Spider-Verse) басты айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
— Аниме, әдетте, кейіпкердің ішкі әлеміне, эмоцияларына және символизмге көбірек назар аударады. Ал батыстық анимацияда оқиға желісі мен визуалды динамика бірінші орында тұрады.
Қарапайым тілмен айтқанда, жапон анимесі — пішін арқылы эмоцияны жеткізу, ал батыстық анимация — қозғалыс арқылы оқиғаны баяндау. Arcane мен Spider-Verse осы екі мектептің синтезін сәтті біріктірген туындылар деуге болады: оларда Батыстың технологиялық ізденісі мен Шығыстың эстетикаға, сезімге деген ұқыптылығы бір арнада тоғысқан. Дәл осы үйлесім олардың визуалды әлемін ерекше әрі әсерлі етеді.

— Arcane жайлы сөз қозғайықшы. Бұл туындының сізге ең үлкен әсер қалдырған тұсы қайсы? Көркемдік шешімі ме, оқиға желісі ме, әлде кейіпкерлері ме?
— Arcane маған ең алдымен көркемдік өрнегі мен кейіпкерлердің ішкі әлемін үйлесімді жеткізе білген шеберлігі арқылы ерекше әсер қалдырды. Визуалды тұрғыдан бұл шығарма кескіндемелік текстура мен 3D-анимацияны тамаша ұштастырған, көріністі тірі суретке айналдыратын бірегей дүние. Бірақ мені баурап алғаны тек бейнелеу тәсілі емес, эмоцияның берілу мәнері болды. Көрермен кейіпкерлердің жан толғанысын сөзден гөрі жарық пен түстің өзгерісінен-ақ сезеді. Әсіресе Джинкс бейнесінде бұл өте терең көрінеді. Мұнда графика жай ғана фондық элемент емес, оқиғаның өзіне айналып, драмалық мазмұнды тереңдете түседі.

— Сіздің ойыңызша, Arcane дәстүрлі батыс мультфильмдері мен аниме эстетикасының арасындағы өткел ме, әлде мүлде жаңа бағыт па?
— Менің пайымымша, бұл туынды өз алдына бөлек бағыт болып қалыптасты. Arcane анименің эстетикасын сол қалпында қайталаудан гөрі, оны батыстық баяндау құрылымына және өндіріс тәсіліне бейімдей отырып, жаңа көркем форма жасады. Оны мәдениеттер арасындағы көпір деуге де болады, бірақ сол көпір арқылы өз соқпағын салған ерекше туынды деп ойлаймын. Бұл – түрлі мәдени стильдердің өзара араласып кетпей, бір-бірін толықтыра отырып жаңа бағыт туғызуының айқын мысалы. Мұнда анимеге тән нәзік көркемдік пен батыс киносына тән құрылымдық нақтылық әсем үйлесім тапқан.

Егор анимеге жай ғана көркемдік стиль емес, тұтас визуалды философия ретінде қарайды. Ол композицияға, асимметрияға және түстік шешімге айрықша көңіл бөледі. Бірақ мұны эстетикалық әсемдік үшін емес, көрерменнің көңіл күйі мен сезімін жеткізу үшін қолданады. Оның түсіндіруінше, кейіпкерлер бейнесіндегі жарықтың шағылысы мен ауадағы ұсақ бөлшектер көрерменге эмоциялық әсер етудің нәзік құралы саналады.

Осы тәсілдерді ол өз кәсіби жұмысында да шебер қолданады. Adobe Photoshop, CorelDRAW және Adobe Illustrator сынды бағдарламалар оның негізгі құралдарының қатарында. Photoshop арқылы ол текстура, жарық пен көлеңке, жалпы көріністің атмосферасын қалыптастырады. Бұл кескінге тіршілік пен жылылық беріп, оны шынайы етіп көрсетеді. Ал Illustrator мен CorelDRAW бағдарламалары векторлық графикамен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, мұнда пішіндер анық әрі дәл болуы тиіс. Illustrator көбіне веб-дизайнда, ал CorelDRAW баспа өнімдерін дайындауда қолданылады. Осы құралдардың көмегімен дизайнер композицияны, кеңістік пен ырғақты нақты реттей алады, соның нәтижесінде көрерменнің немесе пайдаланушының бейнені қабылдауына бағыт береді.

Көптеген дизайнерлерді «Arcane» сияқты күрделі жобалар қалай жасалатыны қызықтырады. Мұндай деңгейдегі туындыны бір ғана бағдарламада жасау мүмкін емес, оның артында тұтас шығармашылық топ пен түрлі кәсіби құралдар кешені бар. Сериалды жасаған Fortiche студиясының айтуынша, олар ерекше тәсілді қолданған: кеңістіктегі 3D-анимацияны қолмен салынған элементтермен үйлестіріп жұмыс істеген. Кейіпкерлердің қозғалысын аниматорлар өздері салған, яғни қозғалысты түсіру технологиясы (motion capture) қолданылмаған. Мұндай тәсіл мінез-құлық пен қимылды табиғи етіп көрсетіп, мимика мен ишараның шынайылығын арттырған.

Анимация жасаудағы негізгі құралдардың бірі — Autodesk Maya бағдарламасы. Оның көмегімен үшөлшемді көріністер жасалып, кейіпкерлердің қозғалысы мен жарықтың түсу бағыты реттеледі. Алайда тек Maya-мен шектелу жеткіліксіз. Кейіпкердің бет әлпеті, шашы немесе басқа да нәзік бөлшектерін дәл әрі көркем бейнелеу үшін суретшілер ZBrush бағдарламасын қолданады. Бұл бағдарлама виртуалды пластилинмен жұмыс істеу секілді әсер қалдырады: дайын үлгіге сүйенбей, суретші бейнені өз қалауынша қалыптастырады. Нәтижесінде әр кейіпкердің бейнесі бірегей әрі көркем шығады.
Арнайы эффектілер — түтін, от, жарылыс немесе сиқыр көріністері — Houdini бағдарламасында жасалады. Бұл бағдарлама әр элементті кезең-кезеңмен құрастыруға мүмкіндік береді, яғни суретші әр бөлшекті жеке басқарып, көріністі дәл өз ойындағыдай бейнелей алады. Мұндай икемділік финалдық көріністің әсерлі әрі сенімді шығуына жол ашады.
3D-анимацияны енді үйреніп жүргендер үшін қымбат бағдарламалармен бірден жұмыс істеу міндетті емес. Оның тамаша баламасы — Blender бағдарламасы. Ол да модельдеу, жарық пен камераны реттеу, қозғалысты анимациялау сияқты мүмкіндіктерді тегін ұсынады. Сондықтан Blender бүгінде жаңа бастаған дизайнерлер мен шағын студиялар арасында кеңінен танылып келеді. Бағдарлама қарапайым болғанымен, оның мүмкіндігі мол және кәсіби нәтижеге қол жеткізуге толық жағдай жасайды.
Осылайша, анимация — жай ғана көңіл көтеру құралы емес, визуалды ойлауды қалыптастыратын нағыз мектеп. Ол дизайнерлерге пішінмен ғана емес, сезіммен жұмыс істеуді үйретеді. Жарық көріністің көңіл күйін қалай өзгерте алатынын, түс эмоцияны қалай жеткізетінін, композиция көрерменнің қабылдауына қалай әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Сол себепті аниме мен заманауи анимация — әдемі ғана емес, терең мағыналы, әсерлі сандық өнімдер жасағысы келетін мамандар үшін таптырмас шабыт көзі.

Келесі материалда біз өз шабытын мүлде басқа бағыттан тапқан тағы бір дизайнермен таныстырамыз. Біздің жаңалықтарды қадағалап отырыңыз.












