Home Кәсіби маман Қазақстанда жасанды интеллект офицерлерін даярлайтын AI Governance 500 бағдарламасы басталды

Қазақстанда жасанды интеллект офицерлерін даярлайтын AI Governance 500 бағдарламасы басталды

5

Мемлекет басшысы 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, мемлекеттік басқаруда цифрлық трансформацияға қатысатын кадрларды жүйелі түрде дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

Осы мақсатта Қазақстанда AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама мемлекеттік секторда жасанды интеллект жобаларын тиімді енгізе алатын басшыларды даярлауға бағытталған. Жобаны Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасымен, Үкімет, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп жүзеге асыруда.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – цифрлық басқару жүйесінде жұмыс істейтін тұрақты, білікті кадрлар қорын қалыптастыру. Бұл офицерлер аралық ведомстволық жобаларды бастауға, үйлестіруге және Digital Qazaqstan концепциясы аясында мемлекеттік стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге жауапты болады.

Бағдарламаға Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, сондай-ақ жартылай мемлекеттік ұйымдардың басшылары қатысуда.

Оқыту жоспары стратегиялық логикаға сай құрылып, жасанды интеллекттің рөлі мен цифрлық мемлекеттің құрылымын түсінуден бастап, қатысушылардың ведомстволар мен аймақтарда қолдануға дайын практикалық жобалар мен AI бастамаларын жасауына дейінгі кезеңдерді қамтиды.