Қазақстанда Цифрлық кодекс аясында ақпараттандырудан цифрлық басқару архитектурасына көшу көзделіп отыр. Бұл жөнінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі айтты.
Вице-министрдің сөзінше, негізгі логика мемлекеттік жүйені цифрлық платформа ретінде құруда жатыр. Негізгі мақсат – азаматтар мен бизнес үшін географиялық орны мен уақытқа қарамастан мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
«Электрондық үкіметтің цифрлық платформасы мен цифрлық басқару түсінігі қалыптастырылып жатыр. Бұл тек орталық мемлекеттік органдарға ғана емес, өңірлерге де нақты талаптарды белгілейді. Сонымен қатар «Смарт-облыстар» атты жеке бап бар. Ол өңірлердегі қалаларды ғана емес, өңірдің өзін де дамытуды мақсат етеді. Мысалы, аграрлық бағыт немесе кен өндіру ерекшеліктері сияқты спецификалық салаларды ескереді», – деді Дмитрий Мун.
Сондай-ақ цифрлық үкіметтің жаңа объектілерінің өмірлік циклі енгізілмек. Бұрын ақпараттық жүйелерді құру үшін барлық мемлекеттік органдарға бірдей талаптар қойылса, қазір жүйелерді жылдам әрі сапалы жасау керек. Сол уақытта ақпараттық қауіпсіздік пен архитектуралық стандарттар да сақталуы тиіс.










