Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін ерте кезеңде анықтайтын «Zhurek AI» атты жасанды интеллект негізіндегі платформа ұсынды. Жаңа жүйе жүрек жұмысындағы қалыптан тыс өзгерістерді дер кезінде байқап, қауіп деңгейін автоматты түрде бағалайды. Сонымен қатар, ол дәрігерлердің диагностика жасауына айтарлықтай жеңілдік береді.
Платформаны қолдану өте жеңіл. Пайдаланушы қан талдауының нәтижесін PDF форматында жүктеп, арнайы сауалнаманы толтырады. Жүйе осы мәліметтерді өңдеп, денсаулыққа төнуі мүмкін қауіп жайлы болжам жасайды. Қауіп деңгейі жоғары деп анықталса, пайдаланушыға дереу дәрігерге қаралуға кеңес беріледі.
Жүйенің негізінде терең нейрондық желілер (DNNs) мен үлкен тірек векторлары әдісі (Large-margin SVMs) жатыр. Бұл алгоритмдер деректерді дәл өңдеуге, қауіп-қатерді нақты жіктеуге мүмкіндік береді.
– Жобаның басты артықшылығы – жылдамдық пен нақтылық. «Zhurek AI» мыңдаған медициналық деректер негізінде оқытылғандықтан, кейде дәрігерлердің көзіне түсе бермейтін жасырын аномалияларды анықтай алады. Бұл ерте кезеңде диагноз қою үшін аса маңызды, – дейді ҚазҰУ жанындағы Жасанды интеллект және заттар интернеті зертханасының ғылыми қызметкері Асия Балтабаева.
Жобаға 15 ғалым жұмылдырылып, оны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырып отыр. Болашақта «Zhurek AI» платформасын кең көлемде қолданысқа енгізу және коммерцияландыру жоспарлануда.