«MOBILASER» мобильді электроника порталы жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі сұхбаттар топтамасының алғашқы шығарылымын жариялады. Бұл топтамада IT-технологиялар, телекоммуникациялар, сатылым салаларында қызмет ететін компаниялар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Қазақстандағы әлемдік мобильді электроника брендтерінің өкілдері өз ойлары мен келешек жоспарлары туралы айтып береді.
Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы- Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының PR менеджері Айман Сахова.
-Өтіп бара жатқан жыл сіздер үшін қандай жетістіктермен есте қалды?
2024 жыл Huawei Kazakhstan үшін маңызды жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге толы кезең болды. Біз Қазақстанның цифрлық дамуына үлес қосып, телекоммуникация, энергетика және ИКТ білім беру салаларында ірі жобаларды іске асырдық.
Huawei Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға белсенді қолдау көрсетуде. Әсіресе, ауылды жерлердегі сымды және сымсыз желілерді дамытуға арналған шешімдер ұсынып отыр. Компания Қазақстанды Еуразияның цифрлық хабына айналдыру бастамасын қолдап, өңірде деректерді жинақтайтын орталықтар құру үшін технологиялық шешімдер мен сараптамалық қолдау көрсетуде.
«Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-мен серіктесе отырып, Huawei деректермен алмасу,беру желілерін жаңғырту жобасының алғашқы кезеңін аяқтады. Жаңа SD-WAN технологиясы Астанадағы бас кеңсені темір жолдың 16 ірі бөлімшесімен байланыстырып, желінің өнімділігі мен сенімділігін арттырды.
Huawei 1998 жылдан бері Қазақстанда білім беру жобаларын қолдап келеді. Бүгінге дейін 40 ИКТ академиясын ашып, 7000-нан астам студентті оқытты. 2024 жылы Абай облысындағы Shakarim University және Талдықорғандағы Жетісу университетінде жаңа академиялар ашылды.
2024 жылдың қарашасында Huawei Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен цифрлық білім беру мен инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Қыркүйекте Астанада ICPC бағдарламалау байқауы аясында дөңгелек үстел өтті. Huawei бұл шараны қолдап, IT білім беруді дамытуға үлес қосты және талантты жастарға өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.
-Сіздер үшін басты жетістіктер қандай болды және қандай жаңа үрдістер байқалды?
Негізгі шешімдер:
- Жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу:Huawei өз өнімдерінде жасанды интеллектіні белсенді түрде қолданып, тиімділікті арттырды.
- Wi-Fi 7 технологиясы:Жаңа Wi-Fi 7 желісінің іске қосылуы кәсіпорындардың бизнес үдерістерін жақсартып, желінің өткізу қабілеті мен жылдамдығын арттырды.
- 5.5G мен жасанды интеллектіні біріктіру: Huawei 5.5G және ЖИ технологияларының үйлесімін жеделдетіп, мобильді жасанды интеллект дәуірін дамытуда.
- Серіктестік экожүйесін дамыту: Компания серіктестік желісін кеңейтіп, жергілікті мамандарды оқыту мен сертификаттауды күшейтті.
2025 жылы Huawei 5G желілерін дамыту мен цифрлық инфрақұрылымды нығайту бағытында мемлекеттік органдармен және жеке секторлармен тығыз ынтымақтастықты жалғастырады.
Жаңа жылда компания инновацияларды енгізу, тұрақты даму және Қазақстанның цифрлық экожүйесін нығайту мақсатында ауқымды жобаларды іске асыруға дайын. 2025 жыл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттырады деп сенеміз.