Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға жаңа құқықтық ережелер енгізілді

Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға жаңа құқықтық ережелер енгізілді

8

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет жасанды интеллектіні реттейтін заң қабылдады. Бұл қадам елдің сандық дамуын қауіпсіз жолға қоюға мүмкіндік беріп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты мақсатқа айналды. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект министрлігінің хабарлауынша, жаңа заң азаматтарға өзіне қатысты шешімдерде алгоритмдердің рөлін білуге және түсініктеме сұрауға құқық береді.

Заң жеке деректерді пайдалану тәртібін қатаң түрде реттейді. Ешбір ақпарат азаматтың рұқсатынсыз қолданылмайды, қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталуы керек. Сонымен бірге, адамдарға жасырын ықпал ету немесе мінез-құлықты басқару мақсатындағы технологияларға тыйым салынады. Әлеуметтік рейтингтер жасау немесе эмоцияларды анықтау жүйелері тек келісіммен ғана жұмыс істей алады. Мұның бәрі қоғамдағы сенімділікті сақтау және қауіпті цифрлық тәжірибелердің дамуына жол бермеу үшін жасалған.

Жасанды интеллект арқылы жасалған контентке де ерекше көңіл бөлінді. Фото, видео, аудио және мәтіндер шынайы дерекке ұқсатылса да, міндетті түрде айқын белгіленуі тиіс. Бұл әсіресе дипфейктер мен ақпараттық шабуылдар қаупі артқан заманда өзектілігін жоғалтпайды.

Заң ұлттық жасанды интеллект платформасының дамуына жол ашады. Платформа зерттеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік органдарды біріктіріп, жаңа сандық шешімдерді қауіпсіз сынап көруге және әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамытудың маңызды қадамы ретінде бағаланады.