Home Технологиялар VR мен AR Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

8

Аниме — жапондық суретшілер мен режиссерлердің айтуынша, бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрермен үшін жай ғана мультфильм емес, тұтас мәдени құбылысқа айналған ерекше әлем. Бұл бағыт бірнеше буын жастарының дүниетанымына әсер етіп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға, интернет кеңістігінде әсем әрі ыңғайлы бағдарламалар мен сайттар жасауға, жаңа визуалды шешімдер іздеуге жол ашты. Анимеден шабыт алған көптеген мамандар бүгінде өнеркәсіптік дизайн, инновациялық технологиялар, ғарыш саласы мен ғылыми-зерттеу бағыттарында да табысты еңбек етіп келеді.

Бұған дейінгі сұхбаттарымызда біз анименің адамдарды мамандық таңдауға қалай жетелейтіні, олардың дүниеге жаңаша көзқараспен қарауына қалай әсер ететіні және әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды меңгеруге қалай көмектесетіні туралы сөз қозғаған едік.

Қонақтарымыз өз тәжірибесімен бөлісіп, аниме жасау барысында пайдаланатын бағдарламалары туралы айтып, шығармашылыққа түрткі болған туындыларымен таныстырды. Сондай-ақ кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін анимация тілі арқылы жеткізудің жолдарын да мысалмен көрсетті.

Бұл әңгімелер тек анимеге деген қызығушылық туралы емес. Олар заманауи мәдениеттің адамның кәсіби дамуына, ой-өрісін кеңейтуге және шығармашылық қабілетін шыңдауға ықпал ететінін айғақтайды. Яғни, аниме — бұл тек өнер емес, жаңа ұрпақтың ойлау жүйесін қалыптастыратын мәдени мектеп.

Егер бұл тақырып сізге жақын болса, мүмкін, бұл бағыт сіз үшін де жаңа мүмкіндік болар…

Бүгін біз аниме әлемі жайлы жобамызды қорытындылай отырып, сұлулық пен технологияны үйлестіре білген ерекше тұлғаны — дизайнер Ольга Игошеваны әңгімеге тарттық. Ол анименің визуалды эстетикасын заманауи дизайнмен шебер ұштастыра білетін маман ретінде танылған.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

— Анимені қашан көре бастадыңыз? Сүйікті туындыларыңыз бар ма?

— Менің анимемен алғашқы таныстығым менің буынымдағы көп бала сияқты 1998 жылы 31-арнадан көрсетілген «Сейлор Мун» сериалынан басталды. Ол кезде бұл жанр біз үшін жаңа әрі таңсық еді. Кейін интернет арқылы түрлі анимелер тауып, достарымызбен бөлісетінбіз, дискіге жазып, бір-бірімізге тарататынбыз.

Сүйікті туындыларым — «Берсерк», «Крутой учитель Онидзука», «Жалғыз өзі деңгей көтеру», «Re: Zero» және «Бензинмен жүрген адам». Бұл анилердің әрқайсысы өз әлемі, өз философиясы бар туындылар. Олар маған шығармашылық шабыт беріп қана қоймай, көркемдік пен техникалық ойлауды қатар дамытуға көмектесті.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

— Анимеден сізді ерекше шабыттандыратын визуалды тәсілдер мен көркемдік элементтер қандай?

— Мен үшін анимедегі ең әсерлі қырлардың бірі — көріністің визуалды атмосферасына деген ұқыпты көзқарас. Мысалы, жарық пен түстің үйлесімін пайдалану. Анимеде жылы және суық реңктердің контрасты, жұмсақ шашыраңқы жарықтар мен айқын түстік екпіндер жиі қолданылады. Мұның бәрі көріністің көңіл күйін дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай тәсілдер графикалық дизайнда да эмоционалды әсері күшті композициялар жасауға көмектеседі.

Кейбір үздік анимелердің фонын көрсеңіз, ондағы текстуралар, сәулет элементтері мен табиғат көріністері дерлік қолмен салынғандай көркемдік нақышқа ие. Мысалы, «Studio Ghibli» студиясының қоршаған ортаны бейнелеу тәсілі маған үлкен әсер қалдырды. Олар әрбір ұсақ деталь арқылы тұтас атмосфера құра біледі. Бұл маған да өз жұмысымда — брендтің немесе өнімнің дизайнында — қосымша элементтердің де жалпы бейнеге қызмет етуі керек екенін еске салады.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Анименің тіпті статикалық кадрларының өзінде қозғалыс бардай әсер қалдырады. Бұл — сызықтардың бағыты, ырғақ пен композиция арқылы берілетін динамика. Мен осы тәсілді жиі қолданамын: композицияны тірі етіп көрсетуге, бейнеге қозғалыс пен назарды ұстайтын энергия беруге тырысамын.

Тағы бір нәрсе — анименің эмоционалды минимализмі. Жапон суретшілері қарапайым сызықтар мен пішіндердің көмегімен терең сезімді жеткізе алады. Бұл маған көркемдік ықшамдықтың қаншалықты әсерлі бола алатынын ұқтырды. Дәл осы принцип логотип пен фирмалық стиль жасауда да аса маңызды: аз элемент арқылы көп мағына беру.

— Анимеде бейнеленетін технологиялардың ішінде (мысалы, голограммалар, нейроинтерфейстер) сізді қызықтыратын немесе өз жұмысыңызда қолданғыңыз келетіндері бар ма?

— Әрине, бар. Анимеде көрсетілетін көптеген технологиялар тек қиял емес, болашақ дизайн бағыттарын болжауға мүмкіндік береді.

Мысалы, голографиялық интерфейстер — дизайнер үшін нағыз арман. Үшөлшемді кеңістікте деректермен өзара әрекеттесу идеясы ерекше қызықтырады. Графиканың экрансыз ортада, яғни ашық кеңістікте де түсінікті, интуитивті әрі эстетикалық тұрғыдан әсерлі болуы — болашақ интерфейстердің басты мақсаты.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Голограммалар — «ауада ілінген суреттер» іспетті бейнелер. Оларды ешқандай экрансыз көруге және олармен әрекет етуге болады. Бұл адам мен ақпарат арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ нейроинтерфейстер мен бейімделгіш дизайн тақырыбы ерекше қызықтырады. «Призрак в доспехах» немесе «Психопаспорт» сияқты анилерде интерфейстің адам эмоциясына және психологиялық күйіне жауап беретін көріністері бар. Осындай идеяны шынайы өмірде де жүзеге асыру — мен үшін үлкен шығармашылық мақсат. Болашақта дизайн тек көзге емес, адамның ішкі күйіне де жауап беретін сезімтал жүйеге айналса, бұл өнер мен технологияның нағыз тоғысуы болар еді.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Жалпы, мені қызықтыратыны — тек әдемілік үшін жасалатын емес, адаммен өзара әрекеттесудің бір бөлігіне айналатын дизайн. Анимеде мұндай байланыс жиі көрініс табады.

Нейроинтерфейс дегеніміз – техника адамның сезімін түсініп, сол эмоцияға қарай өз жұмысын өзгерте алатын жүйе.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Ольга анимедегі қиял мен болашақ көріністердің шынайы өмірде қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Бір кезде тек мультфильмдерден көріп үйренген голограммалар, интеллектуалды интерфейстер мен сезімді түсіне алатын технологиялар бүгінде өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс дизайнерлерге шабыт береді: адамдарға ыңғайлы әрі эстетикалық жағынан әдемі шешімдер жасауға ынталандырады.

Осындай идеяларды жүзеге асыру үшін Ольга Figma, Photoshop және Corel Draw секілді кәсіби бағдарламалармен жұмыс істейді. Осы құралдардың көмегімен ол интерфейстерді көркем әрі қолдануға оңай етіп жобалайды. Интерфейс — бұл пайдаланушы көретін және өзара әрекеттесетін бөлік. Сондықтан дизайнер үшін оны түсінікті, бейімделгіш және пайдаланушының қажеттілігіне қарай өзгеріп отыратындай етіп жасау маңызды.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Бұл бағдарламалар анимациялық фильмдер жасауға арналмағанымен, аниме интерфейстеріне ұқсас визуалды шешімдер құрастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Ольга «Призрак в доспехах» анимесіндегі голограммалық жүйелерге ұқсас күрделі интерфейс макеттерін жасайды. Онда әрбір деталь — шрифт, батырма, белгі — ұқыптылықпен ойластырылып, стиль мен түсініктілік үйлесім тапқан.

Сонымен қатар, Ольга дизайн жүйелерін — дайын элементтер жиынтығын да әзірлейді. Бұл тәсіл әртүрлі жобаларда қолданылатын интерфейстердің біртұтас бейнеде болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, әр өнім бір әлемнің бөлігі сияқты әсер қалдырады, дәл анимедегі үйлесімді көріністер секілді.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Ольга қазір Adobe After Effects пен Blender бағдарламаларын да меңгеріп жүр. Бұл оған қозғалыстағы бейнелер мен үшөлшемді модельдер жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, ол сүйікті анимелерінен көрген заманауи әрі әсерлі жобаларға ұқсас туындылар жасай алады.

Ольга үшін аниме — жай ғана көңіл көтерудің бір түрі емес, шабыт пен кәсіби дамуға жол ашатын идея көзі. Ол анимеден өз жұмысында қолдануға болатын жаңа тәсілдер мен құралдарды табады.

Аниме мен технологияның үндесуі – болашақ дизайн мен инновацияның бастауы

Біздің кейіпкерлердің барлығы анименің әртүрлі мамандықтардағы адамдарға қалай әсер ететінін дәлелдейді. Біреуі код жазады, біреуі дизайн жасайды, енді бірі визуалды эффектілермен айналысады. Бірақ олардың бәрін біріктіретін ортақ нәрсе — анимеге деген сүйіспеншілік пен болашақты жақсартуға деген ұмтылыс.

Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет! Келесі кездескенше аман болыңыздар!