Қазақстанда мобильді байланыс саласында абоненттердің бір оператордан екіншіге көшуі елеулі өзгерістерге ұшырамақ. Бұл ұсыныстар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің әзірлеген жобасында көрініс тапқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жобада қарастырылған басты жаңалықтардың бірі — абонент нөмірін сақтау процесіндегі өзгерістер. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрынғыдай еркін емес, нөмірді жаңа операторға ауыстыруға белгілі бір шектеулер енгізіледі. Ендігі жерде оператор нөмірді көшіруді белгілі жағдайларда тоқтатуға құқылы болады.
Құжатта атап көрсетілгендей, нөмір алғашқы рет активтендірілгеннен кейін 60 күннен аз уақыт өткен жағдайда, оператор абоненттің нөмірін көшіруді шектеуге құқылы. Мұндай шешім байланыс компанияларының мүдделерін қорғау және теріс пайдаланудың алдын алу мақсатында енгізілмек.
Оператор-донор деп бұрынғы оператор, яғни клиентке қызмет көрсетіп отырған компания аталады. Заң бойынша, нөмірді көшіру туралы өтініш түскен соң, оператор Абонент нөмірлерінің Орталық деректер базасына (ЦБДАН) 10 минут ішінде жауап беруге міндетті. Бұл ең ұзақ рұқсат етілген уақыт болып саналады.
Жобаның әзірлеушілері негізгі мақсат — нөмірді көшіру кезінде байланыс уақытша қолжетімсіз болу кезеңін барынша қысқарту екенін айтады. Мұның өзі клиенттердің қызмет сапасына қанағаттанушылығын арттыруға ықпал етеді.
Жоба “Ашық нормативтік-құқықтық актілер” порталында 6 наурызға дейін қоғамдық талқылауға қойылады.
Айта кетейік, 2016 жылдан бері қазақстандықтар өз нөмірін сақтай отырып, мобильді операторды ауыстыру мүмкіндігіне ие. Аталған өзгерістер осы тәжірибені жетілдіруге бағытталған.
Алина Шашкина












