Елімізде Starlink серверлерін орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 12 маусымда компаниямен келісімге қол қойылған. Құжатқа сәйкес, Starlink Қазақстан заңнамасын толық сақтай отырып қызмет көрсетуге міндеттелді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, осы келісімнің негізінде серверлер елімізде орналастырылады.
Қазіргі таңда еліміздегі 1,7 мың ауыл мектебі Starlink байланысына қосылған. Алдағы уақытта мемлекет пен компания серверлерді жергілікті деңгейде іске қосып, жабдық орнатылатын орындарға арналған субсидиялау тетіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге Д. Мун ұшақ ішіндегі интернет мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, министрлік қажетті техникалық жағдайды жасап қойған, ал нақты шешім қабылдау әуе компанияларының еншісінде. Вице-министрдің сөзінше, «ҚТЖ»-мен бірлесіп пойыздарда OneWeb жүйесі сыналған. Жүйе сәтті жұмыс істеп тұр. Енді көлік компаниялары келісімшарттарға сәйкес жұмысты жалғастыруы керек.
Вице-министрдің сөзінше, Starlink тек шалғай ауылдарға ғана емес, тіпті жер асты кеніштеріне де интернет жеткізе алады. Ол Жезқазған маңындағы Сары-Оба шахтасына барған сапарында шахтерлердің интернетті пайдаланып отырғанына көз жеткізгенін айтты.
Министрлік сонымен қатар шалғайдағы елді мекендерді интернетпен қамту бағытында жұмысты жалғастырып жатыр.
Қазірдің өзінде бірнеше қызмет онлайн қолжетімді:
- автосалондардан көлік құралын бастапқы тіркеу;
- тұрғылықты жер бойынша тіркеу;
- жер теліміне сәйкестендіру құжатын рәсімдеу.
Жыл соңына дейін тағы бірнеше қызмет қосылады. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, шетел азаматтарына ЖСН беру, еңбек мигранттарына рұқсат құжаттарын рәсімдеу және кадастрлық паспорт алу бар.
Министрліктің мәліметінше, он қызмет толығымен цифрландырылғаннан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезек екі есеге қысқарады.
Сонымен қатар, вице-министр борышкерлерге қатысты жаңа жүйе енгізілгенін хабарлады. Бұған дейін қарызды өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларына жүгіну қажет болатын. Олардың еңбекақысы айыппұл сомасының 25 пайызына дейін жететін.
Енді бұл процесс автоматтандырылды. Қарыз туралы ескертулер SMS арқылы тікелей жіберіледі. 20 АЕК-ке дейінгі істерде жеке сот орындаушылары қатыстырылмайды. Жақын арада бұл шек 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылмақ.
«Бұл өзгерістер азаматтардың шығынын азайтып, рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетті. Соның нәтижесінде қазақстандықтар жыл сайын шамамен 700 миллион теңге үнемдейді, ал атқарушылық істер саны 10 пайызға қысқарды», – деді Дмитрий Мун.
Айта кетсек, жуырда Starlink Қазақстанды ресми қызмет көрсететін елдер қатарына енгізген болатын.
Бекзада ИШЕКЕНОВА жазған мақаласына сүйеніп жазылды.