Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Meta компаниясының вице-президенті доктор Саймон Милнермен кездесті. Әңгіме барысында жасанды интеллект саласындағы серіктестік, цифрлық қауіпсіздік, кадр даярлау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қорғанысы секілді маңызды мәселелер талқыланды.
Кездесуде Meta компаниясы Instagram-дағы жаңа қызмет түрі – «Жасөспірімдер парақшасын» таныстырды. Бұл функция 16 жасқа дейінгі балалар үшін арнайы әзірленген және ата-аналарға балалардың желідегі әрекетін бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Жаңа функция аясында ата-аналар баланың парақшасына кім кіре алатынын шектей алады, жағымсыз немесе сезімтал контентті сүзгіден өткізіп, балаға бағытталған қорлау сөздерді автоматты түрде бұғаттайды, бейтаныс адамдардан келетін жазбаларды жасырады, түнгі уақытта хабарламалар туралы ескертулерді өшіріп, қолдану уақытын шектей алады.
Meta бұл қызметті ата-аналар мен сарапшылардың ұсыныстарына және халықаралық зерттеулерге сүйене отырып әзірлеген. Жаңа функция жақын уақытта Қазақстандағы қолданушыларға да қолжетімді болады деп күтілуде.
Кездесу барысында министр Жаслан Мәдиев ведомствоның адам мүддесін бірінші орынға қоятын, қауіпсіз әрі адамгершілікке сай цифрлық орта қалыптастыруды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Әсіресе балалардың онлайн кеңістікте өздерін қауіпсіз сезінуі – басты назарда.