Алматыда жақында өткен «Digital Almaty 2025» жаһандық сандық форумында жасанды интеллект арқылы әзірленген түрлі IT шешімдер таныстырылды.
Келер жылдары қазақстандықтардың шығармашылыққа, өзін-өзі дамытуға және отбасымен уақыт өткізуге көп мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл туралы Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев форумда мәлімдеді. Оның айтуынша, жасанды интеллект күнделікті қайталанатын істерді цифрлы форматқа көшірір, автоматтандырады. Нәтижесінде, адамдарға маңызды стратегиялық шешімдер қабылдауға және еңбек өнімділігін арттыруға көбірек уақыт беріледі.
Форум барысында министр электрондық үкімет жүйесіне жасанды интеллект енгізілетінін, мемлекеттік органдардың өкілдері бұл технологияларды әзірлеуді үйреніп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі мен депутаттары жасанды интеллект туралы заң жобасымен жұмыс істеуде. «Бұл құжат саланы қатаң реттеуге емес, тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Біз технологиялардың дамуының бастапқы кезеңіндеміз, сондықтан заң жобасы негізінен этикалық нормаларды, технологиялардың классификациясын және терминологияны қамтиды. Бұл жасанды интеллектінің болашақта дамуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов IDC аналитикалық компаниясының зерттеуін мысалға келтіре отырып, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын үлесі шамамен 20 триллион долларға жететінін айтты. “Тек осы технологияның есебінен әлемдік ЖІӨ-нің жылдық өсімі 2-3%-ға қамтамасыз етілуі мүмкін. Бұл мүмкіндікті елдер өз экономикасын дамыту үшін пайдалануы тиіс”- деп, пікірін қосты ол. Премьер-министрдің бұл ойын Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин де қолдады.

Пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Мишустин қазіргі заманғы шешімдерді, әсіресе жасанды интеллектіге негізделген цифрлық технологияларды енгізу деңгейі мемлекеттердің дамуы мен экономикалық өсіміне, сайып келгенде, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті. “Бұл бағыттар бойынша өз әзірлемелеріміз болмаса, мемлекеттеріміз динамикалық даму мүмкіндігінен айырылып, ұлттық экономиканы нығайту және азаматтардың өмір сапасын арттыруда қиындықтарға тап болады. Бұл ретте біз өзгелердің технологиялық шешімдеріне тәуелді болмауымыз керек”, – деп түйіндеді Мишустин.
Жасанды интеллектіге негізделген жаңа дәуір
Форумның басты тақырыптарының бірі – жасанды интеллектінің қаржы, медицина, өндіріс, ғылым, білім, спорт, киберқауіпсіздік және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктері болды. Екі күнге созылған іс-шарада 300-ден астам сарапшы, мыңдаған қатысушы, соның ішінде ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары, ірі IT-компаниялардың жетекшілері, халықаралық сарапшылар, кәсіпкерлер, инвесторлар мен стартаперлер өзара тәжірибе алмасты.
Форумда жаңа IT-шешімдердің сәтті үлгілері кеңінен таныстырылды. 3D принтерлер мен жасанды интеллект жасаған мобильді қосымшалардан бастап, ІІ-мен жабдықталған роботтарға дейін түрлі жаңалықтар ұсынылды. Мысалы, технология мен спортты біріктірудің бір үлгісі – Drone Soccer ойыны болды. Бұл ерекше футбол форматында дрондар жылдамдық пен ептілікте жарысып, әуеде ілулі тұрған қақпаға доп соғуға тырысты. Ойынның басты мақсаты – қарсыластың сақина тәрізді қақпасына мүмкіндігінше көп гол соғу. Барлық матчтар арнайы қорғаныс торларымен жабдықталған алаңда өтті, сондықтан көрермендер үшін қауіпсіз болды: дрондар ойын алаңынан өздігінен шыға алмайды.
Форумның инновациялық алаңында кез келген адам жасанды интеллектпен шахмат ойнауға мүмкіндік алды. Алайда оны жеңу қазірдің өзінде мүмкін емес. Қазақстан шахмат федерациясының маркетинг директоры Елнұр Советқали форумда таныстырылған робот-шахматшының тиісті баптаулармен Магнус Карлсенді де жеңе алатынын атап өтті. Бұл робот шахматшылар үшін сенімді қарсылас бола алады.Робот қарсыластың жүрісін талдап, стратегиясын бейімдей алады, сондай-ақ әртүрлі қиындық деңгейінде ойнауға мүмкіндік береді.
Форумда G1 Unitree Robotics гуманоид роботтары ерекше назар аудартты. Бұл роботтар объектілерді тану жүйесімен, адамның қозғалысына барынша ұқсас икемді қимылдарымен және кеңістікте автономды қозғалу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Роботтар адамдарды айналып өтіп, қол алысып амандаса алады. Компания өкілдерінің айтуынша, жақын арада олар сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Бір роботтың бағасы 12 миллион теңге шамасында.
Форумда ерекше назар аударған құрылғылардың бірі – Unitree Robotics Go2 роботы болды. Бұл төрт аяқты робот күрделі аумақтарда еркін қозғалып, әртүрлі жағдайларға бейімделе алады. Ол адамның жетуі қиын аймақтарға кіріп, еңіс жерлермен, баспалдақтармен жүре алады және 10 кг-ға дейін жүк тасымалдай алады.Салыстырмалы түрде, Unitree Robotics-тің гуманоид роботы G1 әзірге тек 2 кг көтере алады.Ит тәрізді робот қоршаған ортамен нақты уақыт режимінде әрекеттесе алады. Оны белгілі бір уақытта аумақты бақылауға немесе артқы аяқтарында тұруға үйретуге болады. Мұндай құрылғыны 1,5 миллион теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар.

Көз тартар мүмкіндіктер мен шексіз әлеует
Өндіріс пен кәсіпорындардағы үдерістерді оңтайландыру, қалаларды қауіпсіз ету және жасанды интеллектінің шешімдерін ауыл шаруашылығы мен ғарыш саласына бейімдеу “Digital Almaty 2025” форумында цифрлық болашақтың нақты мүмкіндіктері таныстырылды.
“Үздік IT-компаниялар” аймағында ІТ нарығының ірі ойыншылары өз әзірлемелерін ұсынса, “Индустрия X” және “Жер қойнауын пайдаланушылар” алаңдарында жасанды интеллектіні өндірісте пайдалану арқылы өнімділікті арттыру мен сапаны жақсарту бойынша қазақстандық жобалар таныстырылды. Мысалы, NeuronOil – мұнай кен орындарын игеруге арналған веб-симулятор. Бұл технология пайдалы қазбаларды өндіру көлемін арттырып, шығындарды көбейтпей-ақ күнделікті өндірісті оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектінің білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс, қаржы және басқа да салаларда кеңінен қолданылу әлеуетін Oylan платформасы көрсетті. Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты әзірлеген бұл жүйе мәтін мен бейнелерді өңдеуге қабілетті. Ол құжаттарды талдау, диаграммалар мен кестелерді түсіну, мәтінді тану, суреттерге сипаттама беру, визуалды сұрақтарға жауап беру және түрлі салалардағы есептерді шешу секілді кең ауқымды қызметтерді атқарады. Oylan платформасын жасау кезінде 10 миллионнан астам сурет пен 50 миллионнан астам “сұрақ-жауап” жұбы қамтылған. Жүйе төрт тілде: қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде жұмыс істейді.

Algapay – қызметкерлердің жалақысын есептеу және кадрлық, бухгалтерлік үдерістерді автоматтандыруға арналған жүйе. Sapa Digital Communications компаниялар тобы әзірлеген бұл сервис жасанды интеллекті қолдана отырып, дауыстық роботтар мен чат-боттар жасаумен қатар, мессенджерлерді дамытуға да үлес қосуда.
Sergek Group басқарма төрағасы Евгений Ким жол қозғалысы қауіпсіздігіне Sergek жүйесінің оң әсерін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе орнатылған қалаларда жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 30%-ға азайған, ал қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан. Компанияның деректері бойынша, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім 50%-дан 30%-ға төмендеген. Сонымен қатар, Sergek Group қалаларда бейнебақылау жүйелерін біріктіру шешімін ұсынуда. Бұл жүйе қала бойынша мыңдаған камералардан түсетін деректерді бірыңғай жүйеге біріктіріп, бейнеаналитиканы қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл құқық қорғау органдары үшін бақылау процесін жеңілдетіп, операторлар санын азайтуға көмектеседі.
Cerebro Innovation Technology’s компаниясының бас директоры Вячеслав Пак жасанды интеллектінің қылмыспен күресудегі маңызын атап өтті. Компания Қазақстандағы құқық қорғау органдары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламалық шешімдер әзірлейді. Жасанды интеллектке негізделген интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің басты артықшылығы – адам мен көлікті тану қабілеті. Бұл технология құқық қорғау саласында құқықбұзушылар мен із-түссіз жоғалған адамдарды табуға көмектеседі. Сондай-ақ, компания мамандарының айтуынша, платформаны кен өндіру, денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолдануға болады.

Alaqan компаниясы банктік карталар мен мобильді төлемдердің баламасын ұсынды. Ладонь арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін биометриялық пост-терминал адамдарға карта немесе телефонсыз төлем жасауға жағдай жасайды. Құрылғы адамның алақанындағы бірегей өрнекті сканерлеп, оның төлем картасымен байланысқанын растайды. Сауда барысында сатып алушы терминалдағы «төлеу» батырмасын басып, алақанын құрылғыға жақындатса болғаны – төлем автоматты түрде жүргізіледі. Жобаны әзірлеушілер бұл жүйені қазіргі таңда ең қауіпсіз төлем әдісі деп санайды. Ол кейбір оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде ғимаратқа кіру жүйесі ретінде де қолданыла бастады.
Форум аясында тағы бір маңызды жаңалық – Қазақстандағы алғашқы криптовалюталық картаның таныстырылымы өтті. Евразиялық банк, Mastercard және Intebix биржасы бірлесе әзірлеген бұл карта криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігін береді. Картаның иелері дәстүрлі ақшамен қатар цифрлық активтерді де қолдана алады. Ляззат Сатиева, Евразиялық банк басқарма төрайымы, бұл бастаманың негізгі мақсаты – клиенттерге заманауи, қауіпсіз және заңды цифрлық төлем құралын ұсыну екенін атап өтті.
AG Tech және Qarmet компаниялары Қазақстанда алғаш рет өнеркәсіптік көмір өндірісіне жасанды интеллект енгізу жобасын іске асырды. Бұл шешім қауіпті өндірістік орындардағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Екі фабрика мен екі шахта цифрландырылып, ең жоғары қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталды. Жасанды интеллект көптеген процестерді автоматтандырды. Оның ішінде: тау-кен техникасын бақылау, оның ақауларын анықтау және жөндеу қажеттілігін анықтау,газ деңгейін қадағалау,шахтадағы жұмысшылардың нақты санын есептеу,жұмыс ауысымының уақтылы аяқталуын бақылау.Бұл технология жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріс тиімділігін арттыруға да көмектеседі.

Өткен жылы Yandex компаниясы жауап іздеудің жаңа әдісін енгізді. Олардың іздеу жүйесі жасанды интеллектінің көмегімен жетілдірілді және оған Нейро қызметі қосылды. Бұл қызмет пайдаланушының сұранысына жауап ретінде түрлі сайттардан жинақталған ақпаратты бір хабарламаға біріктіріп, дәл әрі толық жауап ұсынады. Яғни, пайдаланушы Нейроға қандай да бір сұрақ қойса, жүйе қажетті материалдарды тауып, оларды талдап, бірегей әрі сілтемелермен толықтырылған жауапты ұсынады. Әдеттегі іздеу жүйелерінде сұраныстың формулировкасын қайта-қайта өзгерту қажеттілігі туындап, уақытты көп алады. Ал Yandex іздеуі мен Нейро технологиясы пайдаланушының бастапқы сұрауын негізге алып, оны қайта нақтылауды қажет етпейді. Бұл жүйе бірнеше секунд ішінде сұранысты өңдеп, қажетті ақпаратты тауып, бірегей, кешенді жауап құрастырып, пайдаланушыға жеткізеді. Қызметтің жылдамдығы таңқаларлық: ол секундына мыңдаған сұранысқа жауап беріп, 130 миллиардтан астам беттерді тексеріп, ақпаратты небәрі 400 миллисекундта таба алады.

P.S.
2024 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан Электронды Үкіметті дамыту бойынша әлемде 24-орында, ал электронды қызметтер бойынша 10-орында тұр (Цифрлық трансформация және инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің цифрлық даму департаментінің мәліметі бойынша).
Жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Келесі 5 жылда ЖИ саласында жұмыс істейтін 1 миллион адамды оқыту жоспарлануда, оның ішінде барлық мемлекеттік қызметкерлер де қамтылады. Осыған байланысты өткен жылы Қазақстанда білім беру саласындағы әлемге танымал жаңашыл педагог, француз Николя САДИРАКтың қолдауымен Tomorrow School атты жасанды интеллект мектебі ашылды. Мектептегі білім беру процесі инновациялық әдістерге, оның ішінде геймификация мен peer-to-peer жүйесіне негізделген, бұл оқытушылардың қажеттілігін жояды. Барлық тілек білдірушілер AI саласында білім ала алады, бұл үшін мектеп сайтына өтінім жіберіп, өздеріне ыңғайлы уақытта тегін оқуға қатыса алады.