Home Ақша Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден сатып алғанда қандай салық төлейді?

Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден сатып алғанда қандай салық төлейді?

15

Сенатор Бекбол Орынбасаров шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алатын азаматтарға алдағы өзгерістер туралы хабарлап, оның егжей-тегжейін түсіндірді, деп жазады LS.

Оның айтуынша, қазір жеке тұлғалардың шетелдік интернет-дүкендерден сатып алатын тауарлары жеке пайдалану үшін деп есептеледі. Декларациялау тек бажсыз жеткізу шегін – 200 евро немесе 31 кг – асқан жағдайда ғана қажет. Мұндай кезде Қазақстан азаматтары құжаттарды өздері толтырып, сатып алынған тауардың құнының 15%-ы мөлшерінде кедендік төлем төлеуге міндетті.

Сонымен қатар, ол атап өткендей, шектеулі мөлшерде әкелінген тауарлар декларацияланбайды және ресми статистикаға кірмейді.

«Заңға енгізілген түзетулер бойынша енді электрондық саудадағы барлық тауарларды міндетті түрде декларациялау қажет болады. Бұл ресми статистиканы дұрыс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Декларацияны өз еркімен оператор немесе сатып алушы бере алады. Бажсыз жеткізу шегін асқан жағдайда бірыңғай кедендік тариф қолданылады. Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында оны 5%-ке белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. 200 еуро шегі сақталады, ал салмаққа қатысты шектеу алынып тасталады», – деді Бекбол Орынбасаров.

Сондай-ақ, ол құжат барлық ЕАЭО мүшесі мемлекеттерде ратификацияланғанын, енді Қазақстанның да қосылғанын атап өтті.

Кейінірек Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Амрин мәлімдегендей, енді Қазақстан азаматтары тауарды өздері декларациялауы немесе бұл міндетті «Қазпошта» мен DHL секілді операторларға тапсыра алады.

«Жеткізумен айналысатын кез келген компания клиенттің атынан декларация толтыра алады. Егер компания құжаттарды өздері жасаса, қызмет ақысы 4–5 мың теңгені құрайды. Сол себепті тауардың жалпы құны сәл өседі. Сонымен қатар, төлем жүйесі де өзгереді. Бұрын жалпы төлем 15% болса, енді баж 5% бөлек төленеді, оған 12% ҚҚС қосылады. Яғни, 5% + 12% = 17%. Осылайша, жеткізілетін тауардың бағасы шамамен 2% артатыны белгілі болды», – деп түсіндірді маман.

Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі Алия Рахимова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа өзгерістерді былай түсіндірді:

0% – егер бір жеткізілім шегінде сатып алынған тауар құны 200 еуродан аспаса;

5% (бұрынғы 15% орнына) – егер маркетплейс Қазақстанда тіркелген және ҚҚС төлесе (мысалы, AliExpress, Temu, Pinduoduo). Бұл жағдайда шектеуден тыс төлем мөлшері азаяды;

17% – егер платформа Қазақстанда тіркелмеген болса. Қазіргі жылы бұл 12% ҚҚС + 5% баждан тұрады. Ал жаңа жылдан бастап ҚҚС 16%-ға өсетіндіктен, жалпы төлем 21%-ға жетеді. Мысалы, Net-a-porter сайтынан сатып алғанда.

Декларациялау: 200 еуроға дейін – тегін, шегінен асқанда – ақылы.

Жаңа ережелер ЕАЭО елдеріне қатысты емес, яғни WB және Ozon бұл талаптарға кірмейді.

Айта кетейік, Сенат «2017 жылғы 11 сәуірдегі Евразиялық экономикалық одақ Кеден кодексіне түзетулер енгізу хаттамасын ратификациялау туралы» заңды мақұлдаған.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік маркетплейстердегі сатып алуларға жаңа талаптар енгізілмек. Сонымен қатар, онлайн-сату рекордтық көрсеткішке жетіп, интернет елдің басты сауда алаңына айналып отыр. LS жазғандай, халықаралық маркетплейстер Қазақстанда салық төлеуге міндетті болады.