Соңғы жылдары Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып, онлайн қызметтердің қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік органдардың жұмысында заманауи технологияларды кеңінен қолдана бастады. Бұл үдерістің ең елеулі нәтижелерінің бірі электрондық үкімет жүйесінің дамуы болды. Мемлекеттік қызметтер біртіндеп цифрлық форматқа көшіп, азаматтар үшін бұрынғыдан да қолжетімді, жылдам әрі ыңғайлы бола түсті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласы мен қоғамдық өмірді цифрлық тұрғыдан жаңғырту үдерісін жеделдетуге басымдық беріп келеді. Мемлекет пен азаматтар, сондай-ақ бизнес арасындағы өзара байланысты одан әрі цифрландыруға Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясында ерекше мән беріліп отыр. Стратегияның негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллектіні елдің цифрлық экожүйесіне кеңінен енгізу болып табылады.
Қазақстан қазірдің өзінде цифрландыру деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына кіреді. Бұл әсіресе электрондық үкімет жүйесінің дамуынан анық байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша Қазақстан 0,9 көрсеткішімен 24-орынға ие болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан бірқатар дамыған, соның ішінде Еуропа елдерінен де алда тұр. Мәселен, электрондық үкіметтің даму деңгейі Қазақстанда Швейцария, Түркия, Латвия, Франция, Хорватия, Қытай, Канада, Италия, Бельгия және басқа да мемлекеттерге қарағанда жоғары.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орталық Азия елдері арасында да Қазақстанның көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Қазақстан үздік 25 елдің қатарына енсе, Ресей 43-орынға, Өзбекстан 63-орынға, Грузия 69-орынға, Әзербайжан 74-орынға, Беларусь 77-орынға, Қырғызстан 78-орынға орналасты.
Қазақстанның халықаралық рейтингтегі орнының өзгеру қарқыны да назар аударуға тұрарлық. 2008 жылы ел 81-орында болса, 2010 жылы 46-орынға, 2018 жылы 39-орынға, 2022 жылы 28-орынға көтерілді. Ал 2024 жылы Қазақстан 24-орыннан көрінді. Көрсеткіштің жыл сайын жақсаруы елдің алдағы уақытта электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша үздік 15 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Президенттің жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік қызметтерді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта QazTech платформасына көшу жүзеге асырылды. Платформа 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жұмыс істейді. Оның көмегімен жаңа цифрлық қызметтерді әзірлеп, қолданысқа енгізу мерзімін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.
Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшіруді көздейтін екі жылдық жоспарды бекітті. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған, оның 36-сында жұмыс аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, жоспардан тыс тағы 25 жүйе көшіру және әзірлеу кезеңінде тұр. Қазіргі таңда 10 жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстың белгіленген мерзімнен бұрын жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанда QazTech платформасынан тыс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілді.
Цифрлық жаңғыртудың маңызды нәтижелерінің бірі электрондық үкімет инфрақұрылымының сенімділігі мен өнімділігінің артуы болды. 2026 жылы электрондық үкімет шлюзі жаңғыртылды. Бұл шлюз ақпараттық жүйелер арасында дерек алмасуды қамтамасыз ететін негізгі арна саналады.
Жаңғыртудан кейін шлюздің бір секундта өңдей алатын сұраныс саны 2,5 есеге артып, 800-ден 2000-ға жетті. Сонымен бірге жүйенің тұрақтылығы да айтарлықтай жақсарды. 2023–2025 жылдары шлюзде жалпы ұзақтығы 59 сағатқа созылған 51 ақау тіркелсе, 2026 жылы жаңартылған шлюзде істен шығу немесе жұмыстың тоқтауы тіркелген жоқ.
Осылайша, жүйені жаңғырту цифрлық инфрақұрылымның өнімділігін арттырып қана қоймай, оның тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бұл электрондық мемлекеттік қызметтер саны мен ақпараттық жүйелер арасындағы дерек алмасу көлемі жыл сайын артып келе жатқан жағдайда ерекше маңызды.
Қазақстанда eGov 3.0 порталының жаңартылған нұсқасы іске қосылды
Цифрлық жаңғырту аясындағы маңызды жобалардың бірі QazTech бірыңғай платформасында әзірленген eGov 3.0 порталының жаңартылған нұсқасын іске қосу болды. Жаңа нұсқа мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерісін оңтайландыруға, артық талаптарды азайтуға және цифрлық инфрақұрылымға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.

Бұған дейін eGov порталының мүмкіндігі қолданыстағы технологиялық шегіне жеткен еді. Жаңартылған порталда мемлекеттік қызметтерді пайдалану барынша жеңілдетіліп, азаматтарға қолайлы бола түсті. Артық талаптар мен қажетсіз қадамдар алынып тасталды. Сұранысқа ие бірқатар қызмет қазірдің өзінде жаңа форматта көрсетіле бастады.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты электрондық үкімет жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу болып отыр. Соның бірі 2026 жылғы сәуірде іске қосылған eGov GPT жүйесі. Бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес беріп, қойылған сұрақтарға күнделікті тілге жақын түрде жауап бере алатын интеллектуалды көмекші.
Қазір eGov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызмет туралы ақпарат алуға болады. Азаматтар бұл көмекшіге 150 мыңнан астам рет жүгінген. Жүйенің негізінде отандық alem LLM тілдік моделі қолданылып, қажетті есептеулер alem.cloud суперкомпьютерінің ресурстары арқылы орындалады.
Жүйені дамытудың келесі кезеңінде eGov GPT ұлттық Aitu экожүйесімен біріктіріледі. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін оның қызметін электрондық үкімет жүйесіне түсетін сұраныстардың 70 пайызына дейін қамту міндеті қойылған.

Жасанды интеллект негізіндегі қызметтерді дамытуда бірыңғай тәсіл қалыптастыру қажеттігі де атап өтілді. Осыған байланысты азаматтар мен бизнеске арналған, eGov GPT жүйесімен байланысы жоқ жекелеген ведомстволық жасанды интеллект агенттерін әзірлеу мен енгізуден бас тарту ұсынылып отыр. Бұл әртүрлі әрі өзара байланыспаған шешімдердің көбеюіне жол бермей, мемлекеттік қызметтермен өзара байланысты бірыңғай интеллектуалды жүйе аясында шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жекелеген анықтамалар мен өтініштерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Қазір цифрлық шешімдер мемлекет пен азаматтар және бизнес арасындағы өзара байланыстың негізгі бағыттарының барлығын дерлік қамтиды. Олардың қатарында кәсіпкерлікті тіркеу, рұқсат құжаттарын алу, әлеуметтік төлемдер мен білім беру, денсаулық сақтау және күнделікті өмірге қажетті басқа да қызметтер бар.
Бизнес үшін цифрландыру ең алдымен әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, мемлекеттік органдармен байланысқа кететін уақытты қысқартуды білдіреді. Кәсіпкерлер бизнесті қашықтан тіркеп, салық және статистикалық есептілікті тапсыра алады, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын пайдаланады. Ведомствоаралық дерек алмасудың дамуы мемлекеттік жүйелерге қажетті ақпаратты бір-бірінен автоматты түрде алуға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында кәсіпкер бұрын тапсырған құжаттарын қайта ұсынуға мәжбүр болмайды.
Цифрландырудың жеке бір бағыты әлеуметтік саланы қамтиды. Әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетілетін қолдау шараларына қатысты қызметтердің барған сайын көбі электрондық форматқа көшіп жатыр. Бұл мемлекеттік мекемелерге қайта-қайта бару қажеттілігін азайтып қана қоймай, қызметтерді проактивті түрде ұсынуға көшуге мүмкіндік береді. Яғни жүйе азаматтың белгілі бір қолдау түрін алуға құқығы бар екенін өзі анықтап, оны рәсімдеуді ұсына алады.
Цифрлық технологиялар азаматтардың күнделікті өміріне қатысты мәселелерді шешуге де кеңінен енгізілуде. Олардың қатарында көлік, мүлікті тіркеу, жер қатынастары, құжаттарды рәсімдеу, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім алу, коммуналдық және басқа да қызметтер бар. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтер біртұтас цифрлық кеңістікке топтасып келеді. Азаматқа мемлекеттік органдардың күрделі құрылымын өз бетінше зерттеп, қажетті қызметтің қай мекемеге тиесілі екенін анықтаудың қажеті азаяды.
Осылайша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мемлекет, азаматтар мен бизнес арасындағы өзара байланыстың қалыптасқан үлгісін біртіндеп өзгертіп келеді. Алғашқы кезеңде негізгі міндет мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде қолжетімді ету болса, қазір басты назар оларды өзара ықпалдастыруға, автоматтандыруға және азаматтың қажеттілігіне қарай бейімдеуге аударылып отыр. Алдағы уақытта бұл үдеріс бюрократиялық рәсімдердің азаюына, қызметтерді алудың жеделдеуіне және бір-бірінен бөлек электрондық сервистердің орнына мемлекеттік қызметтердің бірыңғай цифрлық экожүйесінің қалыптасуына жол ашады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












