24–26 тамыз аралығында Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде FIRST Global Challenge Central Asia 2026 халықаралық робототехника жарысы өтті. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның робототехникадан ұлттық құрамасы жасақталады. Іріктеуде жеңіске жеткен команда ел намысын 7–10 қазан аралығында Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өтетін FIRST Global Challenge 2026 әлем чемпионатында қорғайды.
Жарысқа Қазақстаннан 40-қа жуық команда және Өзбекстанның үздік командалары қатысты. Үш күн бойы оқушылар инженерлік жобалары мен техникалық портфолиоларын таныстырып, бағдарламалау, инженерлік ойлау және командалық жұмыс қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар олар FIRST Global Challenge жарысына арналған ресми ойын алаңындағы тапсырмаларды орындады.
2026 жылғы жарыстың тақырыбы Igniting Innovation орман өрттерінің алдын алуға, оның зардабын азайтуға және өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге арналған инженерлік және технологиялық шешімдерге арналды. Қатысушыларға арнайы үлгіленген ортада берілген тапсырмаларды орындайтын роботтарды құрастырып, бағдарламалау міндеті қойылды.
Ұлттық іріктеуде жеңіске жеткен команда әлем чемпионатында Қазақстан атынан өнер көрсету құқығына ие болады. Биылғы әлемдік додаға 190-нан астам елдің мектеп оқушылары қатысады деп жоспарланып отыр. Қатысушылар робототехника бойынша бақ сынап қана қоймай, халықаралық командалар құрамында жұмыс істеп, жаһандық технологиялық мәселелерді бірлесіп шешеді.
Қазақстан соңғы жылдары FIRST Global Challenge жарысында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Елдің ұлттық құрамасы 2022 жылдан 2025 жылға дейін төрт жыл қатарынан әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстанды оқушылар арасындағы халықаралық робототехника жарыстарының көшбасшы елдерінің біріне айналдырды.
2026 жылдан бастап ірі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне білім алу мүмкіндіктері кеңейтілді. FIRST Global Challenge жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықаралық «Болашақ» стипендиясының бакалавриат санатына үміткер бола алатын халықаралық ғылыми жобалар байқауларының тізіміне енгізілді. Бұл қазақстандық дарынды оқушылардың білімін жалғастырып, болашақ кәсіби бағытын дамытуына қосымша мүмкіндік береді.












