Home Технологиялар Ғаламтор және желі Meta компаниясына қатысты сот ісі әлеуметтік желілердің жұмысын түбегейлі өзгертуі мүмкін

Meta компаниясына қатысты сот ісі әлеуметтік желілердің жұмысын түбегейлі өзгертуі мүмкін

10

АҚШ-тың 30 штаты Meta компаниясына қарсы ірі сот ісін қозғады. Талап арыз иелері компаниядан бірнеше миллиард доллар өтемақы өндірумен қатар, кәмелетке толмаған пайдаланушыларды қорғау үшін Instagram мен Facebook платформаларының жұмыс тәртібін түбегейлі өзгертуді талап етіп отыр. Бұл туралы BBC хабарлады.

Калифорниядағы федералдық судья қарап жатқан сот ісіне компанияның жасөспірімдердің осал тұстарын әдейі пайдаланғаны және олардың психологиялық жағдайына зиян келтіргені туралы айыптаулар негіз болып отыр. Талапкерлер әлеуметтік желілерге бірқатар қатаң шектеу енгізуді ұсынған. Олардың қатарында жарияланымдарға қойылған ұнатулар санын көрсетпеу, таспаны шексіз сырғыту мүмкіндігін тоқтату, бейнероликтердің автоматты түрде қосылуына тыйым салу және ата-ана бақылауын тексеру жүйесін енгізу бар.

Билік өкілдерінің пікірінше, платформалардағы кең таралған функциялар балалар мен жасөспірімдерді қосымшаларда мүмкіндігінше ұзақ ұстауға бейімделген. Олардың пайымдауынша, бұл жастар арасындағы психологиялық мәселелердің ушығуына елеулі әсер етеді. Штат өкілдері өз уәждерін компанияның ішкі зерттеулеріне де сүйеніп отыр. Бұл зерттеулерде әлеуметтік желідегі өзгені өзімен салыстыруға итермелейтін функциялар жалғыздық сезімінің күшеюімен және пайдаланушылардың эмоционалдық жағдайының нашарлауымен байланысты екені көрсетілген. Бұған дейін Нью-Мексико штатында осыған ұқсас сот ісі компанияға ірі көлемде айыппұл салынуымен және оның қызметін қоғамға зиян келтіретін әрекет деп тану туралы шешіммен аяқталған. Алайда Meta басшылығы бұл тұжырымдармен келіспей, оларды сотта қайта қарауға ниетті.

Компания өкілдері тағылған айыптардың барлығын үзілді-кесілді жоққа шығарып, жас пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың цифрлық ортадағы әл-ауқатын қорғауға басымдық беретінін мәлімдеді.

«Біз бұл айыптаулармен үзілді-кесілді келіспейміз және ұсынылған дәлелдер жастарды қолдауға бағытталған ұзақ жылдар бойғы ұстанымымызды растайтынына сенімдіміз», – деді компания өкілі.

Дереккөз: BBC