Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында стационарға жатқызылған науқастардың туыстарына арналған бірыңғай ақпараттандыру жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отыр. Жаңа байланыс форматының артықшылықтары туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Ұсынылып отырған сервис нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, науқастың қазіргі жағдайы жөнінде жедел мәлімет алуға мүмкіндік береді. Яғни пациенттің қай бөлімшеде жатқанын, операцияда екенін немесе жансақтау бөлімінде екенін туыстары қосымша сұрау салусыз біле алады. Бұл үдеріс толықтай автоматтандырылғандықтан, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне жүгінудің қажеттілігі болмайды.
Жүйе қолданыстағы медициналық ақпараттық базалармен біріктіріледі. Деректерге қол жеткізу тек арнайы расталған пайдаланушыларға ғана беріледі. Бұл мақсатта ақпараттың бөгде адамдарға таралуын болдырмайтын қатаң сәйкестендіру тетіктері енгізіледі. Жоспар бойынша хабарламалар мобильді қосымшалар арқылы жолданып, пациенттің мәртебесін онлайн форматта тексеру мүмкіндігі қарастырылады. Мәселен, емханалар пайдаланатын цифрлық сервистер немесе ауруханалардың ресми сайттарындағы жеке кабинет арқылы қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады.
Мұндай тәсілдің жекелеген элементтері қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып келеді. Соның бірі – Damumed қосымшасындағы жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайы туралы хабарлама жіберу функциясы. Өткен жылы осы сервис арқылы пациенттердің жақындарына 132 мыңнан астам хабарлама жолданған.
Жаңа жүйені енгізу медициналық персоналға түсетін жүктемені, әсіресе қабылдау бөлімдеріндегі қарбаласты азайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар дәрігерлермен жедел байланыс болмауына байланысты туындайтын түсініспеушіліктер мен даулы жағдайлардың саны да қысқаруы мүмкін.












