Қазақстан Аваза қаласында (Түркіменстан) өткен теңізге шыға алмайтын елдерге арналған БҰҰ-ның Үшінші конференциясында цифрлық трансформация саласындағы негізгі жобаларын паш етті. Бұл алаң технология мен тұрақты даму бағытында тәжірибе алмасып, бірлескен шешім қабылдауға мүмкіндік берді, деп хабарлады ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Форумға 32 елдің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, министрлер мен цифрландыру, экономика және инфрақұрылым саласының сарапшылары қатысты. Бағдарламаға пленарлық отырыстар, жоғары деңгейлі сессиялар, сондай-ақ жастар, парламент және азаматтық қоғам форумдары енді.
Қазақстанның ұлттық экспозициясы «NOMADS: Traditional and Digital» атауымен цифрлық киіз үй форматында ұсынылды. Бұл – мәдени мұра мен заманауи технологияның үйлесімін бейнелейтін нышан. Экспозицияны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және шетелдік делегация басшылары аралап көрді.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев халықаралық Alem.AI жасанды интеллект орталығын таныстырды. Ол аймақтағы стартаптар мен зерттеушілерге арналған өңірлік хабқа айналмақ. Сондай-ақ министр Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластерді көпшілікке ұсынды. Tier 3 деңгейіндегі деректер орталығының негізінде құрылған жаңа жүйе ғылымға, бизнеске және мемлекеттік құрылымдарға жоғары өнімді есептеу мүмкіндіктерін береді.
Ұсынылған бастамалардың қатарында ұлттық AI-платформа да бар. Оның құрамына электронды үкіметті автоматтандыруға арналған 100-ден астам интеллектуалды агент кіреді. Солардың бірі – Отбасының цифрлық картасы жобасы. Ол миллиондаған үй шаруашылығының әл-ауқат деңгейін бағалап, әлеуметтік қызметтерді проактивті түрде ұсынуға жол ашады.
Сонымен қатар Қазақстан GovTech серіктестіктерін кеңейтіп, цифрлық шешімдерді шет мемлекеттерге экспорттап, ашық кодты технологиялармен алмасуға арналған халықаралық желі қалыптастыруда.