Қарағанды облысының прокуратурасы «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында жаңа жоба әзірледі. QR-код арқылы құқықтық ақпаратты барынша қолжетімді ету көзделген. Оны қоғамдық орындарда, мысалы көліктерде, оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде және көпшілік жүретін басқа да жерлерде орналастырады. Сілтеме бойынша өту арқылы алаяқтықтан қалай қорғану, есірткі қылмысы және отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгіну керек сияқты көптеген пайдалы ақпарат алуға болады.
Кәсіпкерлер мен еріктілермен кездесуде прокуратура басшылығы жобаны қолдауға шақырды. Сондай-ақ есеп-қызмет орталықтарының өкілдері шақырылып, QR-кодты төлем түбіртектеріне орналастыру ұсынылды.
Прокуратурада атап өткендей, жоба тұрғындарға қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат, кеңестер мен жаңалықтарды қарапайым әрі түсінікті түрде алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта сервис алты блоктан тұрады: интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, дропперлік, жол қауіпсіздігі, конфликт жағдайлары, интернеттегі мінез-құлық және этика. Облыстық прокурор Бауыржан Мырзакеровтің айтуынша, ақпарат үнемі жаңартылып, өзекті тақырыптар мен бөлімдер қосылып отырады.
«Қазақстанда «Заң және тәртіп» бағдарламаcы жүзеге асырылып жатыр. Ол заңдылықты нығайтуға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Облыстық прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу туралы ақпарат беретін QR-код әзірледі. Онда бәрі қысқаша көрсетілген, видеороликтер мен қауіпсіздік бойынша кеңестер бар. Менің ойымша, адам құқықтық сауаттылыққа ие болса, ол жағымсыз жағдайлардан сақтануға мүмкіндік алады»,- деп Қарағанды облысы прокуратурасының бірінші басқармасының басшысы Алмаз Бекмағамбетов түсіндірді.
Сонымен қатар ақпаратты Telegram парақшасы t.me/zanmentartipkrg арқылы да алу мүмкіндігі бар.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі












