Home Робот пен дрондар,ЖИ Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

18

Өткен апта цифрлық технологиялар саласында бірқатар маңызды оқиғамен есте қалды. Қазақстанда телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мен жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Әлемде балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа бастамалар көтеріліп, ірі технологиялық компаниялар кезекті инновациялық өнімдерін таныстырды. Дәстүрлі апталық шолуымызда цифрлық әлемде болған ең маңызды жаңалықтар мен назар аударуға тұрарлық оқиғаларды ұсынамыз.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Апта ішінде қоғам назарын ерекше аударған мәселелердің бірі – Қазақстандағы мобильді интернетті пайдаланушылар санының азаюы болды. EnergyProm деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері абоненттер саны бір миллионнан астам адамға қысқарған. Бұл жағдай байланыс қызметі тарифтерінің қымбаттауы ықпал етуі мүмкін деген болжамдардың тууына негіз болды. Алайда Цифрлық даму министрлігі мұндай байланысты растайтын нақты деректердің жоқ екенін мәлімдеді. Вице-министр Досжан Мұсалиевтің айтуынша, негізгі себеп телефон арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы күрес аясында пайдаланылмайтын SIM-карталардың жаппай бұғатталуымен байланысты. Бұған қоса Ұлттық статистика бюросының мәліметтері де қоғам талқысына түсті. Аталған деректерге сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда байланыс қызметтерінің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өскен, ал 2020 жылдан бергі жалпы өсім 32 пайызға жеткен.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Цифрлық қолжетімділік мәселесі ауылдық жерлердегі интернеттің дамуына арналған зерттеуде де кеңінен қарастырылды. Географиялық аумағының ауқымдылығы мен табиғи ерекшеліктеріне қарамастан, Қазақстан бұл бағыттағы көрсеткіштері бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен деңгейлес нәтижеге қол жеткізген. Қазіргі таңда интернетке қала тұрғындарының 94,7 пайызы және ауыл халқының 94 пайызы қол жеткізе алады. Бұл көрсеткіштер қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықтың барынша азайғанын көрсетеді. Салыстыру үшін айтсақ, әлем бойынша 2022 жылдың қорытындысында интернетті қала тұрғындарының 82 пайызы пайдаланса, ауылдық жерде бұл көрсеткіш небәрі 46 пайызды құраған. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтижеге мобильді байланыс инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту және халықаралық GSMA қауымдастығы цифрлық теңсіздікті азайтудың табысты үлгілерінің бірі ретінде бағалаған «250+» жобасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Осы кезеңде әлем елдерінің үкіметтері кәмелетке толмағандардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа тетіктерді қарастыруды жалғастырды. Ұлыбританияда 16–17 жастағы жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін пайдалануына шектеу енгізу ұсынылды. Сонымен қатар жаңалықтар таспасын шексіз айналдыру және бейнелерді автоматты түрде іске қосу функцияларын өшіру көзделіп отыр. Реформа авторлары мұндай шаралар жасөспірімдердің ұйқы сапасын жақсартып, әлеуметтік желілерге тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейді. Дегенмен сарапшылардың бір бөлігі пайдаланушылардың бұл шектеулерді өздігінен алып тастай алу мүмкіндігі жаңашыл бастаманың тиімділігін әлсіретуі ықтимал екенін алға тартуда.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Апта ішінде кеңінен талқыланған тағы бір мәселе – YouTube ұсыным алгоритмдерінің жұмысын қарастыра аламыз. Цифрлық өшпенділікке қарсы күрес орталығы жүргізген зерттеу барысында 13 жастағы жасөспірімнің парақшасы пайдаланылған кезде ұсынылған әрбір оныншы бейнематериалда шамадан тыс диета немесе тамақтану тәртібінің бұзылуына қатысты контент болғаны анықталған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда төмен болғанымен, сол кезде мұндай материалдардың үлесі 25 пайызға жеткен еді, мамандар мәселе әлі толық шешімін таппағанын атап өтті. Ұлыбритания заңнамасының қолданыстағы талаптарына сәйкес, цифрлық платформалар осындай мазмұнның таралуын барынша шектеуге міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда олардың жаһандық кірісінің 10 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Қаржылық мониторинг агенттігі жасанды интеллектінің көмегімен әзірленген контент пен көрсетілетін қызметтердің міндетті түрде таңбалануға тиіс екенін еске салды. Пайдаланушыларға арналған көрнекі белгімен қатар материалдың машина арқылы танылатын арнайы таңбасы болуы қажет. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай айқындалады. Әсіресе құқықтық салдары бар шешімдерді қабылдау кезінде жасанды интеллект алгоритмдері қолданылатын қаржы және цифрлық қызметтерге ерекше назар аударылып отыр.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Технологиялар әлеміндегі жаңалықтар да назардан тыс қалған жоқ. Bloomberg таратқан мәліметке сәйкес, OpenAI компаниясы ChatGPT негізінде жұмыс істейтін өз смарт-бағанын әзірлеп жатыр. Құрылғы камерамен, әртүрлі сенсорлармен, аккумулятормен және қозғалмалы корпус элементтерімен жабдықталады. Соның нәтижесінде пайдаланушының әрекетіне бейімделіп, оған жауап қайтара алады. Сонымен бірге жүйе уақыт өте келе иесін жақсырақ танып, жинақталған деректер мен қарым-қатынас мәнмәтініне сүйене отырып, жекелендірілген өзара іс-қимыл ұсынуға бейімделмек.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Апталық шолуды Samsung компаниясының жаңа құрылғыларына арналған ауқымды материал қорытындылайды. Онда бірден бірнеше флагмандық жаңалық таныстырылған. Олардың қатарында Galaxy Z Fold8, Galaxy Z Fold8 Ultra және Galaxy Z Flip8 жиналмалы смартфондары, сондай-ақ жаңартылған Galaxy Watch Ultra2 мен Galaxy Watch9 смарт-сағаттары бар. Өндіруші жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейтуге, өнімділігі жоғары процессорларға, жетілдірілген камера жүйесіне және құрылғыларды күнделікті өмірде тиімді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктеріне басымдық берген.

Апта қорытындысы. Технологиялар мен цифрлық әлемдегі басты жаңалықтар

Шолуда Galaxy Z Fold8 моделінің жаңартылған пішіміне ерекше назар аударылған. Бұл құрылғы Samsung компаниясының жиналмалы смартфондары арасында өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Біз Galaxy AI технологияларының көмегімен жұмыс істейтін камералардың мүмкіндіктерін, жаңартылған 120 Гц экрандарды, фотосуреттерді зияткерлік өңдеу жүйесін, көптапсырмалы жұмыс істеу мүмкіндіктерін жан-жақты талдап, ұсынылған құрылғылардың әрқайсысын пайдалану барысында қалыптасқан әсеріміз жайлы тарқата айтып береміз. Егер жаңа флагмандық смартфон таңдауды жоспарлап жүрсеңіз немесе мобильді технологиялардың даму үдерісін қызығушылықпен қадағалайтын болсаңыз, бұл шолу барлық жаңа модельдердің негізгі ерекшеліктерін жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді.

Өткен аптаның негізгі тақырыптары цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеуді күшейту және технологиялық мүмкіндіктер мен пайдаланушылар қауіпсіздігінің арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселелері болды. Технологиялар, цифрландыру және инновациялар саласындағы ең маңызды жаңалықтарды жіберіп алмау үшін жаңартуларымызды тұрақты түрде бақылап отырыңыз.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.