2025 жылдың қаңтар–наурыз айларында Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласында 30 мыңға жуық инцидент тіркелді. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп екені анықталды. Мұндай мәліметтерді Ranking.kz сарапшылары жүргізген зерттеуінде келтірді, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы.
Зерттеу авторларының айтуынша, ең көп кибершабуыл ботнеттік белсенділікке қатысты болған – 17,6 мың оқиға, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1,7 мың болған.
Сонымен қатар компьютер вирустары, желілік құрттар мен трояндарға қатысты оқиғалар жиі тіркелгенімен, олардың саны 17,9%-ға азайып, 7,9 мыңға жеткен.
Интернеттегі фишингтік шабуылдар керісінше 37,2%-ға өсіп, 2 мыңға жуық оқиға тіркелген.
«Интернет ресурстарына қолжетімділіктің болмауына байланысты оқиғалар саны 48,1%-ға қысқарып, 112 жағдайды құрады. DDoS-шабуылдар саны 23-ке жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 30 болған. Рұқсат етілмеген қолжетімділік пен мазмұнды өзгерту фактілері 9 рет тіркелді, бұл өткен жылдың алғашқы үш айындағы 13 көрсеткішінен аз» — дейді сарапшылар.
Ал компьютерлік бағдарламалау және кеңес беру қызметтерінің көлемі 2024 жылы 1,5 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 36,3%-ға өскен. Инфляцияны ескергенде нақты өсім 32,3%-ды құрайды.
«Бұл сектор тұрақты өсіп келеді. 2016 жылдан бері қызмет көлемі 10,6 есе, ал 2019 жылдан бері 5,3 есеге артты. Тіпті пандемия кезінде, 2020 жылы, сектор 42,9%-ға өсті, 403,5 млрд теңгені құрады» — деп атап өтті зерттеушілер.
Аймақтар бойынша ең ірі қызмет көрсетулер Алматы мен Астанада орын алған, сәйкесінше 853,1 млрд және 486,7 млрд теңге. Бұл екі қала қызметтердің жалпы 90,2%-ын қамтамасыз етеді.
Одан кейінгі орындарда Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары тұр.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытауда тіркеліп, 712,3 млн теңгені құраған, бұл өткен жылға қарағанда едәуір өскен (192,1 млн теңге).
Қызмет түрлері бойынша ең көп сұраныс компьютерлік бағдарламалауға түсіп отыр — 796,8 млрд теңге, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,7%-ға артқан. Одан кейін компьютерлік жабдықтарды басқару (114 млрд теңге) және IT кеңес беру қызметтері (107,6 млрд теңге) орын алған.
Баға деңгейіне келетін болсақ, 2025 жылдың наурызында компьютерлер мен ноутбуктарды жөндеу қызметтері 3,7%-ға қымбаттап, операциялық жүйелерді орнату мен қайта орнату қызметтері 4,6%-ға өскен.
Аймақтар арасында компьютер жөндеудің ең үлкен қымбаттауы Шығыс Қазақстанда (15,7%), Ақмола облысында (11,8%) және Ақтөбе облысында (9,8%) байқалған. Ең төмен баға өсімі Ұлытау облысында – 5,7%. Жалпы, бұл қызметтердің қымбаттауы Қазақстанның 20 аймағының 9-ында ғана тіркелген, қалған жерлерде баға өзгермеген.
Операциялық жүйені орнату мен қайта орнату қызметтері 11 аймақта қымбаттаған. Ең көп баға Атырау облысында 61,1%-ға, ең аз баға Абай облысында 1,6%-ға артқан.
«IT секторын дамытудың басты негізі – компьютер техникасы. Осы жылдың наурызында жаңа ноутбук алу айтарлықтай қымбаттады. Орташа баға өсімі 80,6%-ды құрады. Баға өсімі Батыс Қазақстан облысында ең жоғары – 93%, ал Астанада ең төмен, бірақ маңызды – 63% болды» — деп қорытындылады сарапшылар.