Home Сараптама Ұлыбритания үкіметі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануына шектеу енгізуді жоспарлап отыр

Ұлыбритания үкіметі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануына шектеу енгізуді жоспарлап отыр

5

Ұлыбританияда 16–17 жастағы жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануына шектеу енгізу көзделіп отыр. Үкімет ұсынған бастамаға сәйкес, Instagram, TikTok және YouTube сияқты платформаларға қолжетімділік түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін әдепкі режимде тоқтатылады. Дегенмен пайдаланушылар бұл шектеуді өз аккаунтының баптаулары арқылы алып тастай алады.

Сонымен қатар Ұлыбритания билігі технологиялық компанияларды пайдаланушының платформада ұзақ уақыт болуына ықпал ететін бірқатар қызметтерді шектеуге міндеттемек. Атап айтқанда, бейнематериалдарды автоматты түрде іске қосу және жаңалықтар таспасының шексіз жалғасып отыруы сияқты мүмкіндіктер өшірілуі тиіс. BBC таратқан мәліметке сәйкес, үкімет бұл шаралар жасөспірімдердің зейінін тұрақтандыруға, ұйқы тәртібін қалыпқа келтіруге және отбасы мүшелерімен көбірек уақыт өткізуіне оң ықпал етеді деп есептейді.

Интернеттегі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министр Канишка Нараян BBC One телеарнасындағы Breakfast бағдарламасында сөйлеген сөзінде түнгі уақыттағы шектеу мен бейнематериалдарды автоматты түрде іске қосуға қойылатын шектеулерді қатар енгізу Ұлыбританияны технологиялық алпауыттардың қызметін реттеу талаптары ең қатаң елдердің біріне айналдыратынын мәлімдеді. Ал технологиялар министрі Лиз Кендаллдың айтуынша, бұл бастама жастардың цифрлық ортада үйлесімді әрі өнімді өмір сүруіне қажетті мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Соған қарамастан ұсынылған жоспар қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірқатар сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері оның тиімділігіне күмән келтіруде. Ұлының интернеттегі қауіпті сынаққа қатысқаннан кейін көз жұмғанын айтқан Эллен Рум BBC Radio 4 радиосындағы Today бағдарламасында жасөспірімдердің түнгі уақытқа арналған шектеуді өз бетінше өшіре алатынын сынға алды. Оның пікірінше, мұндай тәсіл алкогольге қолжетімділікті шектеу үшін бөтелкені жай ғана басқа орынға қоюмен тең.

Бастамаға парламенттегі оппозиция да қолдау білдірген жоқ. Көлеңкелі білім министрі Лора Тротт жасөспірімдер бұл мүмкіндікті еш қиындықсыз өшіре алатын жағдайда ұсынылып отырған шараның нақты нәтиже бермейтінін атап өтті. Сондай-ақ Лондон экономика мектебінің профессоры Соня Ливингстон әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануға тыйым салу осал жағдайдағы балаларға кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, қиын сәтте мұндай балаларға интернет арқылы психологиялық немесе өзге де қолдау алу қажет болуы ықтимал.

Реформаны әзірлеу аясында Ұлыбритания үкіметі зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында 300 жасөспірімге мобильді қосымшаларды әртүрлі уақытта пайдалануға шектеу қойылып немесе оларды қолдану ұзақтығына белгілі бір уақыт мөлшері белгіленді. Сейсенбі күні жарияланған есеп нәтижелері бойынша, дәл түнгі уақыттағы шектеу ұйқы сапасын жақсартуға және отбасындағы қарым-қатынас ахуалын оңалтуға анағұрлым тиімді ықпал еткені анықталған. Алайда Бат-Спа университетінің коммуникация ғылымдарының профессоры Пит Этчеллс бұл қорытындыларға сақтықпен қарауға шақырып, зерттеуге қатысушылар саны аз болғандықтан оның нәтижелерін кең ауқымда бағалауға әлі ерте екенін айтты.

Ережелердің сақталуын бақылау мәселесіне келсек, қазіргі кезеңде үкімет виртуалды жеке желілерді (VPN) пайдалануға шектеу енгізбеу туралы шешім қабылдады. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта жан-жақты қарастырылатын болады. Жаңа заңнамалық өзгерістерді 2026 жылдың соңына дейін парламенттің қарауына ұсыну жоспарланып отыр. Құжат қабылданған жағдайда, ол келесі көктемде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына толық тыйым салатын нормалармен қатар күшіне енеді.

Дереккөз: BBC

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.